Транс-майлар – табиғи өсімдік майларының сутегі газымен өңделіп химиялық құрамының өзгеріске ұшыраған, синтетикалық, яғни жасанды майлар. Жоғары температуралы өңдеу барысында майдың (жир) немесе қанықпаған өсімдік майларының молекулалары өзгеруі мүмкін. Олардың химиялық формуласы мен элементтерінің саны сақталғанына қарамастан, бір немесе бірнеше атом түрліше қосылады. Нәтижесінде, майдың молекуласы транс-май деп аталады. Ең аз мөлшерде транс-майлар табиғатта да кездеседі, бірақ гидролизден кейін олардың үлесі 20% -ға кейде тіпті 50% -ға дейін көтеріледі.
Транс-майлардың екі түрі бар. Бірі – шөптесін жануарлардың ішектерінде яғни, малдың ет, сүт өнімдерінде кездесетін табиғи майлар. Екіншісі – жасанды майлар. Бірақ, трансмайлардың көпшілігі жасанды болып келеді. Транс-майлар әдеттегі тағам дайындау кезінде де пайда болады. Сондықтан кейбір майлар қуыруға жарамды, кейбіреуі жарамсыз.
Транс-майдың пайда болу тарихы
Транс-майлардың тарихы сарымайға арзан ауыстырушы май іздеуден басталды. 1901 жылы табиғатта кездесетін сұйық пальма майын қатты күйге ауыстыру үшін қайнап жатқан майға азот қышқылы мен сутегі көпіршіктерін жіберу арқылы дайындалды. 1980 жылдары ғалымдар транс-майлардың адам денсаулығына зиянын зерттеп дәлелдегенге дейін, транс-майларды қолдану кең тараған болатын. Қазіргі таңда да транс-майлардың қолданысы бәсеңдемей тұр.
Транс-майдың адам денсаулығына зияны
Көптеген ғылыми зерттеулер транс майлардың адам денсаулығы үшін зияндылығын растады. Азық-түлік өнімдерінде аз мөлшерде болса да кездесетін транс-майларын үнемі тұтыну – қалыпты метаболизмді бұзып, семіруді тудырады және жүрек-қан тамырлары аурулары: инфаркт, инсульттың пайда болуына, дамуына әкеледі. Адам қанындағы «жаман» холестериннің мөлшерін көбейтіп, жүрек қан-тамырларын зақымнан қорғайтын «жақсы» холстериннің мөлшерін азайтады. Қан құрамында «жаман» холестерин көбейген кезде: атеросклероз, инсульт сияқты жүрек-тамыр аурулары мен жүректің және мидың ишемиялық ауруларына ұшырайды. Себебі, адам организмінде транс-майларды сіңіре алатын ферменттер жоқ. Әсіресе, маргарин, тазартылған пальма, күнбағыс және жүгері майлары денсаулыққа зиянды. Транс-майлардың тікелей улы өнім емес, канцероген екендігін түсінуіміз қажет. Канцерогендер денсаулыққа бірден зиян келтірмей, бірте-бірте зат алмасуды нашарлатып әртүрлі аурулардың пайда болуына әкеліп соқтырады. Ұзақ жылдар бойы маргаринді жеп, қауіпті белгілерді байқамауыңыз ықтимал.
Өндірушілер транс-майларды не үшін қолданады?
Тамақ өнімдерін өндірушілер тағамның дәмін арттыру, сақтау мерзімін ұзарту, және текстурасын жақсарту үшін ішінара гидрирленген майларды пайдаланады. Сонымен қатар, транс-майлар сарымайларға қарағанда өте арзан.Транс-майлар қуырылған немесе құрамында маргарин бар: шұжық, чипсы, макарон тұздығы(соус), майонез, кетчуп, фри картоптар, попкорн, тауық қанаттары, балмұздақ, кондитерлік өнімдер, торттар, шоколадттың кейбір түрлері, десерт, кофеге арналған құрғақ сүттер т.б тағамдарда кездеседі.
Тұтынушыға тағамның құрамында транс-майлардың бар-жоқтығын қалай анықтауға болады
Егер өнімнің құрамында: маргарин, гидрирленген май, аспаздық (кулинарный) май, қаныққан (сатурированный) май, аралас (комбинированный) май, фритюрлік май деген атаулармен көрсетілуі мүмкін.
ҚМДБ Халал стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі