Абайдың көзі тірісінде жалғыз портреті салынған екен. Оны 1887 жылы әуесқой суретші Павел Лобановский салыпты. Қазір бұл сурет Семейдегі Невзоровтар әулеті атындағы бейнелеу өнері музейінде сақтаулы көрінеді.
Абайдың көзі тірісінде салынған жалғыз портреті осы сурет екен деген ақпаратты әлеуметтік желіде ақын Байбота Қошым-Ноғай бөлісіпті.
Естеріңізде болса, осыған дейін Абайдың көзі тірісінде түсірілген екі фотосурет те БАҚ-та жария болған.
Оның бірі 1896 жылы Семейде түсірілген сурет. Фотограф - Н.Г. Кузнецов. Онда Абайдың Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай, Абайдың өзі және Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұл бар.
Абай музейіне 1941 жылы 6 ақпанда өткізілген. Фотоны тауып, сақтап Абайдың жаңадан құрылған Семейдегі музейіне өткізуші - Мұхтар Әуезов.
Екінші сурет Абайдың отбасымен 1903 жылы түскен суреті. Мұнда Абай өзінің Жидебайдағы үй ішімен түскен. Бірінші қатарда Пәкизат - бөрік киіп отырған қыз бала мен Әубәкір. Бұл екеуі - Ақылбайдың балалары. Ортада отырған - Абай. Екінші қатарда - Мағауия, Еркежан және Әубәкірдің әйелі Камалия. Алдыңғы қатарда отырған - Турағұл.
Фотосуретті түпнұсқадан 1959 жылы қайта түсіріп, көшірме турінде Абай музейіне берген - Мұхтар Әуеэов. Түп нұсқасы Алматыдағы Мұхтар Әуезов музейінде сақтаулы.
Айта кетейік, биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Өткенде, 21 қаңтарда Абайдың 175 жылдық мерейтойының ресми ашылу рәсімі елордадағы «Астана Опера» театрында өтті.
«Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты мерекелік концертке қатысқан Президент Тоқаев еліміздің барлық өңірінде және шетелдерде өтетін мерекелік шараларды ресми түрде бастап берген болатын. Енді бір жыл бойы еліміздің әр өңірінде ұлы ақынның мерейтойы аясында 500-ге жуық іс-шара өтеді деп жоспарланып отыр.
Abai.kz