400 мыңдай миллионерге мекен болған қалталылар қаласы
400 мыңдай миллионерге мекен болған қалталылар қаласы

Қалталылар қаласы деп біз ең әуелі Лондонды айтып отырмыз. New World Wealth консалтингтік компаниясының зерттеулері бойынша мұндағы әрбір 35-ші тұрғынның миллион долларлық байлығы бар. Сонымен қазір Лондонда 395 600 миллионер өмір сүріп жатыр. Әлемнің бір қаласында ғана осыншама миллионер өмір сүреді. Керемет қой. Мұншама байлығы бар азаматтар бір қалаға қалай шоғырланған? Оның бірнеше себебі бар. 

Біріншіден, Лондон – тарих сахнасына Америка Құрама Штаттары шыққанға дейінгі әлемге ғасырдан астам уақыт үстемдік жүргізіп келген Британия империясының астанасы. Батыс саяхатшыларының жаңа жерлерді ашу үдерісі белең алған тұста Африканың, Америка құрлығының алтын, інжу, маржан секілді ең қымбат тастары осы қалаға кемелермен тасымалданған. Алғашқы байлық негізі солай жиналған.

Екіншіден, Англия – қазіргі тарих сахнасында үстемдігін құрып отырған капитализмнің отаны. Алғашқы мануфактуралар, фабрикалар мен зауыттар, бу машиналары, оқ-дәрі мен атылатын қару-жарақ түрлері Лондонда пайда болып, әлемге кеңінен тараған. Бұл машиналық өндіріс Британ империясының қанатын кеңге жайдыруға себепші болған. Сөйтіп, капиталистік қарым-қатынас әлемде алғашқылар қатарында Лондон қаласында орныққан. Байлықтың басты негізі, міне, осылайша жасалынған.

Үшінші фактор, бұл, шамасы, қазіргі күнгі ең басты фактор, Лондон – әлемдегі аса ірі қаржы орталықтарының бірі. Бұл жағынан оны тіпті әлемде көш бастаушы қала деп те айтуға болады. Ең жоқ дегенде Лондонның Еуропаның басты қаржы орталығы екендігіне ешкім дау туғызбайды.

Әлемнің ең бай азаматтарын қазіргі Лондон ең әуелі, міне, осы соңғы айтылған қасиетімен көбірек тартса керек. Өйткені, мұның алдындағы зерттеулерде Лондон долларлық миллионер тұрғындарының көптігі жағынан Токио мен Нью-Йорктен кейін аталып, негізінен үшінші орында жүретін.

Әлемдегі ең ірі қаржы орталығының қызметі лондондықтардың тұрмысына өте жағымды ықпал етуде. Өйткені осы арқылы қалаға қаржы молынан құйылуда. Қаржы орталығында тіркелген жүздеген алпауыт банктер мен басқа да қаржы ұйымдарының, оларға қызмет көрсетуші мекемелердің төлейтін салықтары бар. Мұның сыртында жылма-жыл қаншама жұмыс орындары ашылады.

CEBR экономикалық және іскерлік зерттеулер орталығының деректері бойынша, Лондондағы қаржы орталығы орналасқан Сити әкімшілік-аумақтық құрылымында 2002 жылы 280 мың адам жұмыс істесе, 2007 жылы мұндағы қызметкерлер саны 480 мыңға, 2010-2011 жылдары 600 мың адамға жеткен. Қазіргі уақытта бұдан да артып түсуі әбден мүмкін. Жалпы алғанда, Лондондағы әрбір бесінші жұмыс орнының құрылуының қаржы орталығының қызметіне тікелей немесе жанама қатысы бар деп айтуға болады.

Осыдан 3-4 жыл бұрын қызымыз Назерке Болашақ бағдарламасы бойынша осы Сити ауданында орналасқан университетте магистратурада оқып еді. Сонда университет маңайынан үш бөлмелі пәтердің бір бөлмесін айына, біздіңше алғанда, 180 мың теңге төлеп, жалдап тұруына тура келді. Ол шығынды болашақтық түлектердің шет мемлекеттерде оқуын жүзеге асыру үшін құрылған еліміздегі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ көтеріп алды. Әрине, біздің елдің кез келген қаласынан 180 мың теңге төлеп, бөлме емес, жеке пәтердің өзін жалдап алуға болады. Ал Лондонда пәтерлердің жалдау ақысы өте қымбат болғандықтан ондай мүмкіндік жоқ. Оның үстіне, фунт стерлингтің қазіргі бағамы бойынша алсаңыз, онда енді пәтердің бір бөлмесі үшін қазір 180 мың емес, кемінде 360 мың теңге төлеуге тура келеді. Өйткені, өткен жылдың соңындағы бағам өзгерісінен кейін теңгенің құны екі еседей төмендегені белгілі. Қызымыздың айтуына қарағанда, бөлмені жалға берген ағылшынның Лондонның өзінде 30-ға тарта пәтері бар екен. Соның барлығын сырттан келушілерге жалға береді. Лондондағы миллионер атаулылардың бірсыпырасының қалай пайда болып, қалай байып отырғандығын, міне, осы фактіден де аңғаруға болады.

Әрине, әлемде миллионерлер көбірек шоғырланған Лондоннан басқа қалалар да баршылық. Мәселен, қолында кем дегенде 10 миллион доллардың активтері бар мультимиллионерлер қай қалада көбірек өмір сүреді десеңіз, мұнда бірінші орынға еуропалық Лондонның емес, азиялық Гонконг қаласының шыққандығын көреміз. Жоғарыда айтып кеткен New World Wealth консалтингтік компаниясының зерттеуі бойынша, Гонконг қаласында 15400 мультимиллионер өмір сүріп жатса, Лондондағы мұндай байлардың саны – 9700 адам.

Гонконгтегі қалталы азаматтардың пайда болу жағдайын зерттесеңіз, тағы да қаржы орталығының қызметіне тап боласыз. Гонконг қаржы операцияларының көлемі жағынан алғанда Лондон мен Нью-Йорктен кейінгі әлемдегі үшінші, Азиядағы бірінші қаржы орталығы саналады. Мұндағы ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көлемі Ұлыбритания, Канада, Австралия секілді бақуатты елдерден де асып түседі.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын «Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы еліміздің маңдайалды компанияларының басшылары Гонконгтың қор биржасына компанияларын тіркету мақсатын көздеп, келіссөздер жүргізу үшін Гонконгке барды. Қазақстандық іскерлер делегациясын сол кездері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып істеген елімізге танымал қаржыгер Айдан Кәрібжанов бастап барды. Осы сапарға журналист ретінде қатысқанымызда Гонконгтың төбесімен бұлт жарған биік-биік зәулім үйлерін, адамдарының жайлы тұрмысын көріп қайтқан едік.

Қазіргі Гонконгтың тұрмыстық жағдайы мен әлемдік қаржы орталығы ретінде қалыптасуы Ұлыбританиямен тығыз байланысты. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын сіңірі шыққан кедейлер мекені Гонконгты Қытайдан 100 жылға жалға алған Ұлыбритания оны дамытып, кемеліне келтіріп, 1997 жылы ұлы көршімізге кері қайтарып берді. Осы тұста Қытай мемлекетінің басшылығы даналық танытып, капиталистік Гонконгтың саяси жүйесіне тиісе қойған жоқ. «Бір ел – екі жүйе» деген қағидатты сақтай отырып, қайта қосылған аумаққа ерекше әкімшілік ауданы мәртебесін берді. Сөйтіп, Гонконг өзінің корпоративтік заңдылықтарында бұрынғысынша ағылшындық тәртіпті сақтап қала алды. Бір жағынан қарқынды дамып келе жатқан Қытай экономикасына сүйене отырып, екінші жағынан қаржы орталығының қызметіне барынша дербестік беретін ағылшындық либералдық заңдылықтарды сақтай отырып, Гонконг байыған үстіне байи түсті. Мұнда мультимиллионерлердің көбірек шоғырлануы да осы фактіге байланысты болса керек.

Міне, осы екі жағдай, бай да бақуатты адамдардың көбірек шоғырлануы жағынан Лондон мен Гонконгтың бүкіл әлемді жарып, алға шығуы еліміздің болашағына қатысты бізді ойға қалдырып отыр. Өзінің экономикалық саясатын өзі белгілей алатын дербес ел болғандықтан әрі тәуелсіздіктің жиырма бес жылында жақсы даму жетістіктеріне қол жеткізіп, әлемнің танымал экономикалық субъектілерінің біріне айналғандықтан біздің Қазақстан да Елбасының басшылығымен жаңа жетістіктерге жетудің, ел байлығын еселеудің түрлі жолдарын қарастыруда. Сондай маңызды шаралардың бірі – Астананы халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптастыру мақсатының алға қойылуы. Егер Алла сәтін салып, бұл мақсатымыз жүзеге асса, онда бұл тек Астана ғана емес, бүкіл ел халқының тұрмысына да әсер ететіндігі айқын. Бүгінгі Лондон мен Гонконг жағдайын соның бір куәсі ретінде қарастыруға әбден болады деп есептейміз.+

Ең қарапайым түсінікпен алсақ, халықаралық қаржы орталығы дегеніміз бірнеше елдің аумағын басып өтетін ақша өзенінің бассейні секілді. Бассейн пайда болса, оның жағалауында отырған адамдар не істейді? Бассейнге келген балықтарды аулай бастайды. Мықтылары кеме жасап, көл ортасына барып, ау салып, балықтарды топырлатып түсірсе, оған шамалары келмегендер жағалауда тұрып-ақ көлге қармақ салып, тамағын таба береді. Мұндайда «өзен жағалағанның өзегі талмас» деген атам қазақ.

Елде халықаралық қаржы орталығының пайда болуы да, міне, осы іспеттес дүние. Мұнда тек сіз балыққа емес, ақшаға қармақ тастайсыз.

 Сұңғат ӘЛІПБАЙ

«Егемен Қазақстан»

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
8 жыл бұрын 2951
1 пікір
  • Мемлекет ең бірінші бір адамға айына 360 мың теңге төлеп бөлме жалдап, т.б.орасан шығындар шығармай тұрып, онда баратын адамдарға біріншіден рухани тәрбие беру керек,неге десеңіз сол студенттер сол шығынды ақтап еліне жеріне пайда тигізу керек.
    8 жыл бұрын
Блог туралы
0
2274723 208 535 4879 232