"Той жасамаған, жолаушы кіргізбеген". Қазақтар жұқпалы аурудан қалай қорғанған?
"Той жасамаған, жолаушы кіргізбеген". Қазақтар жұқпалы аурудан қалай қорғанған?

Қазақстанда коронавирус тарап жатқанына үш ай болды. Әр аймақта карантин жарияланып, сақтық шаралары күшейтіліп жатыр. Бұрын да қазақ халқы жұқпалы ауру тараса, ел ішінде бүгінгідей карантин жариялаған екен. Этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне бұрын қазақтардың жұқпалы ауру кезінде қалай қорғанғанын айтып берді.

Маманның айтуынша, бұрын қазақ халқы ауру тараған кезде бірінші кезекте шекараны жапқан екен. 

"Баяғы заманда жұқпалы аурулар тараған кезде қазақтар ауылдың жан-жағына, дөңдер мен төбешіктерге, ауыл шекараларына ешкімді кіргізбеу үшін қаралы ту іліп қоятын болған. Төбе бастарына қазан төңкеріп қойған. Үйінің маңдайшаларына күйе жағатын. Ауру тарап жатқан ауылдың тұрғындарын сыртқа шығармайтын, сырттың адамдарын ішке кіргізбейтін. Сөйтіп, жұқпалы аурудан мейлінше сақтанған", - дейді ол.


Поляков И.С. Семей облысы. Қазақстан, 1879 ж. 

Болат Бопайұлының айтуынша, қазақ бүгінгі карантинді бұрын да қолданған.

"Ауыл шекарасын жапқаннан бөлек, қазақ малдың өрістерін де шектеп, сол жаққа да қара ту іліп қойған. Малы жайылатын жерге ауру тарамаған ауылдарды қоспаған. Қазір карантин деп отырғанымыз бұрын да болған. Осындай бұрынғының карантин шаралары арқылы бүтін бір елді аман сақтаған", - дейді ол.

Сонымен қатар, бұрын халқымыз ауру кезінде үйіне сексеуіл іліп қояды екен. Этнограф оның себебін түсіндірді.

"Қазақ оба сияқты аурулар таудағы суырлар арқылы тарайды деп сенген. Сол суырлар сексеуілді қырқып, інінің аузына әкеліп қоятын болған, соны шайнап жатады екен. Халық та соны көріп, үйінің маңдайшасына, шаңырағына сексеуіл іліп қояды екен. Сол кезде үйге жай түспейді, жұқпалы ауру келмейді деп сенген. Жалпы, сексеуілді халқымыз киелі өсімдік санаған. Оған сүт қосып, қара сабын жасаған. Сол сабынмен жуынған, киімдерін жуған. Себебі ол микробтарды өлтіреді деген", - дейді Болат Бопайұлы.


Васильев В. Н . Қазақстан, Семей облысы. 1913 жыл

Одан кейін адыраспан, киелі ермен, итегек деген секілді шөптерді қайнатып ішіп, сонымен жуынып, аурудан қорғанған. Мал сойып, етін бүгінгі кәуаптар секілді сексеуілге қақтап жеп, қуаттанған екен.

Қазіргі коронавирус жағдайында, Қазақстанда той жасауға тыйым салынған. Мұндай тыйым бұрынғы заманда да болған.

"Аурудың беті қайтпайынша, ауылда той жасамайтын болған. Ауылда жолаушы жүргізбейтін, қыз ұзатпайтын, келін түсірмейтін. Жалпы айтқанда, ауыл өзі оқшауланып алады. Сондай сақтық шаралары арқылы денсаулығына кепілдік ете білген. Вирус жұқтырғандар мойны мен аузына түгел шәрпі байлап, орамалмен тағынып, еріндерін бір-біріне тигізбей, өзін ғана емес, басқаларды да қорғаған", - дейді ол.  

Сонымен қатар, бұрын жұқпалы ауру кезінде тұрғындар сорпаға бұрыш қосып ішіпті.

"Жұқпалы ауру тараған кезде көптеген астан бас тартқан. "Ауру астан, дау қарындастан" деп харам нәрселерді жемейтін болған. Қуатты, нәрлі тағамдар жеген. Көбіне төрт түлік малдың сорпасына қара бұрыш, қызыл бұрыш сияқты дәмдеуіштер салып ішкен. Ақсарбас қойдың еті жаман ауруларға ем болады деп қараған", - дейді этнограф.


Қазақстан, Қарағанды облысы, 1932 жыл 

Ауылда ауру тарап жатқанда ақсақалдар басқа ауылдарға ескерту үшін хабаршы жіберген екен.

"Жұқпалы ауру келген ауылдың ақсақалдары басқа ауылдарға хабаршы жіберетін. Хабаршы астына қара тұлпар мініп, қолына қара ту алып, қара киім киіп, барған ауылдың сыртын бір айналады екен. Сол арқылы осындай ауылда ауру тарап жатыр деген хабарды айтып кетеді екен", - деді Болат Бопайұлы.

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 года назад 3040
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232