Табиғатты қорғау полициясы қалай жұмыс істейді?
Табиғатты қорғау полициясы қалай жұмыс істейді?

Жергілікті полиция қызметі Табиғатты қорғау бөлімшесінің жұмысы табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарды анықтауға, ескертуге және жолын кесуге бағытталған. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының Полиция басқармасы ЖПҚ Табиғатты қорғау бөлімшесінің бір күндік қызметімен танысып қайтқан болатынбыз, деп жазады EL.KZ 

Таңғы уақытта Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы ПБ ЖПҚ Табиғатты Қорғау бөлімшесіне келдік. Бөлімшенің инспекторларымен кездесіп, атқарып жатқан жұмыс барысымен таныстық. Полиция аға инспекторы Абылай Қадырбеков өз жұмыстары туралы мағлұмат берді:

 – Жалпы біздің бөлімшеде бөлімше бастығы, екі аға инспектор және бір инспектор бар. Аға инспектор, полиция майоры Азамат Ибрагимов, инспектор, полиция майоры Тұралы Рысбекұлы және аға инспектор, полиция капитаны, мен Абылай Серікұлы боламын. Біздің бөлімді полиция майоры Ғабидолла Қамбаров басқарады. Әр инспектор өздеріне берілген аумақ бойынша жұмыстар атқарады. Біз жыл басынан бері он ай ішінде 1203 хаттама толтырып, 540 адамға айыппұл салып, 663 адамға ескерту жасадық, – дейді ол.  

 

Одан кейін Табиғатты қорғау инспекторларымен бірге оларға белгіленген аумақтарға жол тарттық. Табиғатты қорғау бөлімшесінің инспекторы, полиция майоры Тұралы Тәңірбергеннің бақылау аймағына Заречный, Пригородный, Тельман, Аэропорт, Керей-Жәнібек көшелері және Мәңгілік ел даңғылы жатады. Мұнда КамАЗ автокөліктері қаланың қарын шығарып, белгіленбеген орындарға қар және қоқыс төккен фактілер бойынша жұмыстар жүргізеді. Табиғатты қорғау бөлімшесінде бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Т.Рысбеков өз қызметін жақсы біледі. Күнделікті жұмыс барысында шамамен 5-6 әкімшілік хаттама толтырылатынын айтады.

 

Есіл ауданы Табиғатты қорғау бөлімшесінің берген мәліметтері бойынша,  жалпы Тұрғын үй кооперативі бойынша – 71 қоғамдық тәртіпті бұзу фактісі анықталған, оның ішінде 31 факті бойынша айыппұл салынған, 40-на ескерту берілген. Сондай-ақ, құрылыс нысандары бойынша жалпы саны – 292 факті тіркеліп, 176 іс бойынша айыппұл салынған, 116-на ескерту берілген. Сондай-ақ, қоқыс шығару бойынша жалпы саны – 126 факті тіркелген. 

 

Табиғатты қорғау полицейлерінің қызметі таңғы 8:30-дан кешкі 21:00-22:00-ге дейін созылады. Ал демалыс күндері инспекторлар белгіленген аумақтарға кезекшілікке шығады. Әңгімеге аға инспектор, полиция майоры Азамат Ибрагимов араласты: 

– Бұған дейін ішкі істер органдарындағы өзге де қызметтерде болдық. Белгіленген аумақтарымыз бар. Менің белгіленген аумағым: Қабанбай батыр даңғылы, Сығанақ, Сарайшық, Алматы және Достық көшелерін қадағалап, жеке кәсіпкерлер немесе жеке тұлғалар тарапынан орын алған құқық бұзушылықтарды бақылаймыз. Сондай-ақ, жалпы елордамызда жаңбыр көп жауған кезде жер үйлер орналасқан аумақтарда арнайы кәріздер жоқ болғандықтан, олар суды сыртқа, көшеге ағызып жатады. Осы орайда Табиғатты қорғау полицейлері жеке үй иелеріне әкімшілік хаттама толтырып, берілген аумақтар бойынша тексеру барысында құқық бұзушылықтардың алдын алуға, заңсыздықтың жолын кесуге ат салысамыз, – деді тәртіп сақшысы. 

 

Инспекторлардың жұмысын бақылау барысында Бөкейханов көшесі бойында су тасымалдайтын көлікті көзіміз шалды. Оған жақындағанымызда, қолдарында рұқсатнамасы бар болып шықты. Көлік жүргізушісінің айтуынша, қоқыс және нәжіс суын төгуге рұқсатнама алуға әр келген сайын 800 теңге төлейтіндіктерін айтты. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабы бойынша жеке тұлғаларға ең алдымен ескерту беріледі немесе 20 АЕК, яғни 55560 теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер бұл құқық бұзушылық қайталанған жағдайда 30 АЕК, яғни 83340 теңге айыппұл салынады. Абылай Серікұлының айтуынша, Есіл ауданында құрылыс жүріп жатқан аумақтарда белгіленбеген орындарда құрылыс материалдарының қоқысын төгіп жатқан жағдайлар жиі орын алады екен. 

 

Сонымен қатар, Табиғатты қорғау полициясы заңсыз ағаш кескендер мен балық аулаушыларды да қадағалауда ұстайды. Жұмыс барысында инспекторлар қадағалауға тиісті барлық аумақты аралап шықтық. Бір күн ішінде бірнеше факт анықталды. Полиция капитаны Абылайдың бақылау аумағына – Айтматов көшесі, Қорғалжын тас жолы, Қ. Мұхаметханова, Ш.Бейсекова көшелері жатады екен. Осы орайда аға инспектор: 

– Нұр-Сұлтанның шет аумақтарындағы орман шаруашылықтарында «Қызыл кітапқа» енген аң-құстар бар. Соларға қақпан қойып, аулаудың алдын алу үшін біз орманды аралап тексеріп шығамыз. Жылына екі рет «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізіледі. Және де желтоқсан айының 11-31-і аралығында «Шырша» жедел алдын алу іс-шарасы өтеді,– деді.  

Одан кейін «Астана орманы» маңайында құрылыс жүргізіліп жатқан аумақтағы азаматқа ескерту жасалды. Оған құрылыстан шыққан қоқыстың жиналып тұруы себеп болды. Инспекторлар ескерту жасау барысында азаматқа қоқысты эко полигонға жеткізуі қажеттілігін түсіндірді.

Табиғатты қорғау инспекторлары Ә.Бөкейханов көшесінде шиножөндеу пунктінің иесіне де ескерту жасады. 

– Біз шино жөндеу пунктінің иесіне ескерту хаттамасын жазған себебіміз, пайдаланылған дөңгелектерді пункттің жанына жинап қоюға болмайды. Егер жарамсыз дөңгелектер керек болмай қалған жағдайда, утилизацияға жіберуі керек,– дейді аға инспектор Абылай Серікұлы. 

 

Рейд барысында Табиғатты қорғау бөлімінің тәртіп сақшылары аудан әкімдіктерімен бірлесіп, құрылыс объектілерінің бірінші қабатына, ПИК, ӨК, жеке секторлардың іргелес аумақтарының тазалығын тексеру мақсатында рейдтік іс-шараларын өткізіп отырады. Мұндай қадамға барудың өзіндік себебі бар. Өйткені, көпшілік жиі баратын қоғамдық орындардың маңайы қалың қардан көз ашпайды. Жеке бизнесін жүргізіп отырған кейбір кәсіпкерлер өз ісіне салғырт қарап, айналасын тазартуға асығар емес. Ал дер кезінде жүргізілмеген тазалық жұмыстарының соңы жауапкершілікке әкеледі. Сондықтан қала тұрғындарын көшелерді ластамауға, белгіленбеген орындарда қар мен қоқыс қалдықтарын төкпеуге шақырамыз.

 Акжан Ибрагимова

(Суреттер: Бауыржан Жуасбаевтікі)

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 года назад 2473
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232