Шағбан – Рамазан жаршысы
Шағбан – Рамазан жаршысы

Қасиетті үш ай (ережеп, шағбан және Рамазан) басталған кезде Ұлы Жаратушының пендесіне деген мейірімінің мол екендігі санамызда қайта жаңғырады. Себебі бұл құлшылықтарымыздың сауабы еселеп жазылатын берекелі айлар. Сондықтан пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ережеп айына аяқ басқанда: «Раббым, ережеп пен шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткізе гөр!» – деп тілек тілейтін.

Ал енді біз сияқты қарапайым мұсылмандар үшін осы айлардың қадірін жете түсіну қаншалықты қажет десеңізші! Себебі өткенімізге ой жүгіртіп қарайтын болсақ, зая кеткен, қадірін біле алмаған алтын уақыттар қаншама?! Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Адамдардың көпшілігі қадірін біле бермейтін Алланың екі сыйы бар. Олар – денсаулық пен уақыт», – дейді. Онсыз да бұрынғы өткен өзге үмметтермен салыстырғанда өмір жасы ең қысқа біздер үшін уақытымызды зая жіберуден асқан қайғы бар ма?! Мал-мүлік, бала-шаға, ағайын-туыстық жүрмейтін, адамдар жасаған жақсылығының сауабы арқылы ғана Құдайдан жарылқау күтетін махшар күні бүкіл адамзат Алланың алдына жиналарымыз хақ. Сонда 200 жыл, 300 жыл, тіпті мың жылдық ғибадаттарының сауабымен келген өзге пайғамбарлардың үмметін көргенде, бар-жоғы жарты ғасырдан әрең асатын өмірін орынсыз жұмсаған мына біздердің хәліміз не болмақ?!
Алайда, Алла тағаламның мейірімі мен шапағаты шексіз ғой! Сол есіл уақыттардың орнын сауап тұрғысынан толтырудың мүмкіндігін осы мүбәрак айларда берген екен.
Міне, сол мүбәрак үш айдың алғашқысы – ережептен өтіп, екінші шағбан айының да бел ортасына таядық. Жалпы шағбан айы қасиетті Рамазанды сүйіншілейтін, әрі оған дайындайтын ай. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл айда өзге айлардағы әдетінен көбірек ораза тұтатын болған. Спортшылар олимпиада жүлдесіне қол жеткізу үшін қалай тер төгіп дайындалса, әрбір мұсылман да Рамазандағы сынақтан өту әрі сол айдағы ерекше сауап пен кешірім-жарылқауға жету үшін осы шағбан айынан дайындық жасауы қажет. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) іс-әрекетінен осыны байқаймыз. Шағбан айындағы Алла елшісінің өнегелі өмірінен Айша анамыз (р.а.) былай сыр шертеді: «Шағбан айындағыдай көп ораза ұс-тағандығын көрмедім» (Мүслім, Сиям, 176); «Алланың елшісі кейбір айлардың көбінде ораза ұстайтын. Тіпті, оны бұл айда мүлдем ауыз ашпады деп те ойлайтынбыз. Кейбір айлардың көбінде ауыз ашатын. Тіпті, біз оны бұл айда ешбір ораза ұстамады дейтін едік. Алла елшісінің Рамазан айынан басқа айда толық ораза ұстағанын, сондай-ақ, шағбан айындағыдай көбін оразамен өткізгенін көрмедім» (Бухари, Саум , 51);
Бұл айда құлшылық-ғибадаттардың көбірек жасалуының тағы бір сырын пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай ұқтырады: «Шағбан – адамдардың басым көпшілігінің Рамазан мен ережеп айларының ортасында мән бермей кететін айы. Бұл айда амалдар Алла тағаланың құзырына көтеріледі. Мен де амалдарымның ораза ұстаған кезімде Алланың құзырына көтерілгенін қалаймын» (Нисаи, Саум, 70).
Шағбан айында сауаптар еселеніп қана қоймай, күнәлардың кешірілуі мен дұға-тілектердің қабыл болу мүмкіндігі молая түседі. Себебі шағбан айындағы елеулі де ерекше сәттердің бірі – Бәраат түні. Бұл түн биыл шілде айының 4-інен 5-іне қараған түнге сәйкес келеді. Бұл түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан, бұл түнді пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат айтып, Алладан біліп-білмей істеген күнәларымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», – деп таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді», – дей келе, «Алла тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді», – деп те айтқаны бар (Сүнән-и Ибн Мажә, Иқамәтус Салат, 191).
Халық осындай ерекше айлардан хабардар болса, Жаратушының жарылқауынан құр қалмаса деп үміттенеміз. Алла тағала пендесіне шамасынан тыс ешнәрсе жүктемейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Шама-шарқыңызға қарай амал-әрекет жасаңыз. Өйткені сіз жалықпайынша Алла да сізге жалығатын амалды (істі) жүктемейді. Алланың құзырында қабыл болатын амал – аз да болса игі істің тұрақты жалғасып тұрғаны», – дейді (Мүслім, саум, 177). Ендеше имандылық ұясы мешіттерге барып, дәріс тыңдап, кеңес алып, Аллаға бір табан жақындаудың қамын жасау – баршамыздың шама-шарқымыздағы іс екені анық. Алланың мейірім-шапағатын шексіз төгем деген мүбарак айлары да өтіп кетпей тұрып, сауапқа асығайық, ағайын!

Батырбек Убаев, 
«Мәшһүр Жүсіп» атындағы
мешіттің ұстазы,
Кереку қаласы

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
10 лет назад 3750
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232