САЛТАН САЙРАНҰЛЫ, SAF MEDIA КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: МАҚСАТЫМЫЗ – БАЛАЛАРҒА САФ ӨНЕРДІ ПАШ ЕТУ
САЛТАН САЙРАНҰЛЫ, SAF MEDIA КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: МАҚСАТЫМЫЗ – БАЛАЛАРҒА САФ ӨНЕРДІ ПАШ ЕТУ

Ұлттық мүдде – Ұлттық рухтың аса биік көрінісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласында: «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұста­уымыз керек. Тиісінше, оларға өзі­міздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» деген болатын. Осы ұлттық мүдде негізінде, құрылғанына көп уақыт болмаса да, балаларға отандық туындыларымызды ұсынып, «келер ұрпақ жат елдің жетегінде кетпесе екен» деген игі мақсатты ұстанған SAF MEDIA компаниясы азаматтарының еңбегі – еленуге, мақтануға тұрар­лық. Отандық анимация саласына жаңадан қосылып жатқан орталық­тың директоры Салтан Сайранұлы­мен әңгіме өрбіткен едік.

– Компанияларыңыздың атауын «Саф» деп қоюыңыздың мәні неде?
– Қазақ қоспасыз, тап-таза, текті, пәк, бейкүнә, шынайы дүниелерге «саф» сөзін қолданған. Мәселен, «саф ауа», «саф алтын», «саф арғымақ», «саф көңіл», «саф өнер» деген тіркестерді қазақ әдебиеттерінен жиі кез­дестіреміз. Біз компаниямыздың атауын осы сөздерге қарап қойдық. Ондағы ниетіміз – саф алтындай азаматтардың басын біріктіріп, саф көңілді балаларымызға саф өнерімізді паш ету.
 Бұл жоба әу баста қалай ойға келді?
– Мультфильмге қызықпайтын адам кемде-кем шығар. Баршамыз балалық ша­ғымыздан мультфильм көріп өстік. Әлі күнге дейін көреміз. Алайда бүгінгі мультфильмдер «баланың ғана көретін дүниесі» деген ұғымнан шығып кетті. Көп ата-ана мұның парқын ажырата алмайтындай жағдайға жетті. Әлі де «мультфильм – балаға ғана арналған дүние» деп қабылдайды. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Бүгінде жаман пиғылды топтар өздерінің азғын миссиясын осы мультфильмдер арқылы жүргізуде. Дәстүріміз бен менталитетімізге бес қайнаса сорпасы қосылмайтын мультипликациялық өнімдер балалардың санасына ізін салып жатыр. Яғни, төл мәдениетімізді өшіріп, өз мәдениеттерін тықпалауда. Балаларымыздың болашақтағы министрлеріміз, депутат­тарымыз, президенттеріміз екенін естен шы­ғармаған жөн. Сондықтан ел тұтқасын тәуір адамдар ұстасын десек, әлден мультфильм­дерімізге мән беруіміз керек. Біздің батысша өмір сүріп, батысша тамақтанудың, сөй­леудің, киінудің, бір-бірімізге деген қарым-қатынастың әдебін батыс фильмдерінен алғанымызды мойындауымыз керек.
Бүгінде пицца, гамбургер, бутерброд се­кілді денсаулыққа пайдасы аз астың бәрін Америкаға барымен үйреніп келдік дейсіз бе? Мұның бәрімен біз телеарналар арқылы та­ныстық. Ол фильмдердің артында үлкен бизнес тұрғанын білмейміз. Бір ғана мысал келтірейін, Түркия алғаш рет пицца дүкен­дерімен 1989 жылы танысады. Осы жылы бұл елде бірнеше пицца дүкені ашылады. Алайда танымал марканың Түркияда айы оңынан тумайды. Ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмайды. Себебі, онсыз да ас мәзіріне бай түріктер пиццаны аса жақтыра қоймайды. Саудагерлердің салы суға кетіп, ашқан дүкендерін қайта жауып, келген іздерімен кері қайтады. 1991 жылы Murakami-Wolf-Swenson Productions бір мультфильм жасап шығарады. Бұл мультфильм әлемде үлкен қызығушылыққа ие болады. Балаларды жіпсіз байлап алады. Бұл мультфильм Түр­кияға да келеді. Мультфильм жасаушы компания өнімін Түркияның жекеменшік телеарнасына ұсынады. Ұсынған бағалары да нарықтағы бағаның 10 пайызындай ғана. Яғни, 90 пайызға арзан мультфильмге те­леарнаның араны ашылады. Ақыры телеарна «қақпандағы ірімшікті» саудаласпастан тез сатып алады. Бұл мультфильм де Түркия балаларын өзіне баурап алады. 1994 жылы мультфильм миллиондаған бала мен жастың жүрегінен орын алады. Балалардың қалам-дәптерлері, сөмке, киімдері, ыдыс-аяқ, төсек орындары, қабырғаға ілінген суреттері, қысқасы, тұтынған әрбір заты осы мульт­фильммен, оның кейіпкерлерімен байла­нысты болады. Не керек, соңында әлгі балалар аналарынан пицца пісіріп беруді сұрай бастайды. Пиццадан басқа ештеңе жемейміз деп қисаяды. Өмірі пицца көрмеген аналар пиццаны қайдан пісіріп бере қойсын. Бірақ сұраныс барған сайын арта береді. Кезінде тасы өрге домаламаған пиццериялар Түркияға қайтып келе бастайды. Жабылған дүкендер қайта ашылады. Дүкен сыртындағы пицца ұстаған мультфильм кейіпкерлерін көрген балалар аналарын дүкенге етегінен тартып кіргізетін халге жетеді. Пицца сау­дасының көрігі қыза түседі. Үйге тапсырыс берілетін болады. Содан бері пицца Түркия жастарының «жерік» асына айналды. Бұл мультфильмнің атын айтпасам да, ішіңіз сезіп отырған болар. Өзіміздің де бұл мультфильмді кезінде сүйіп көргеніміз жасырын емес. Тіпті кейіпкерлерінің есімін де жақсы танимыз. Бұл – «Тасбақа ниндзялар». Міне, бір ғана мультфильм бүгінде Американың қаржы қорына қаншама ақша алып келді.
Сондықтан көп мультфильмнің артында ірі бизнес, алып мәдениет және үлкен идео­логия тұрады. Мұхиттың ар жағынан келген өнімдердің дамып кеткені сонша, бала­ларымыздың талғамын өсіріп жіберген. Бүгінде кішкентай баланың өзі отандық өнімдерден гөрі, сол мультфильмдерді көр­генді ұнатады. Балаларымызға жат мәдениетті насихаттайтын мультфильмдерді көрсетпейін десең, оны алмастыратын өнімдеріміз жоқ­тың қасы. Осындай проблемадан кейін аза­маттардың басын қосып, бір тәуір дүниелер шығарайық деген ниетпен SAF MEDIA-ны құрдық.
Оның үстіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз», – деген болатын. Осыған сай SAF MEDIA да жат идеологиялармен қару­лан­ған медиа өнімдеріне қарсы төтеп беретін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын компания болсын деген ниетіміз болды.


– Осы уақытқа дейін қанша мультфильм түсірілді? Қайсысы қай арнадан көрсетілді?
– Компаниямыздың құрылғанына көп уақыт болған жоқ. Бірақ әзірге үш жобаның тұжырымдамасын дайындап үлгердік. Соның біріншісі – «Әлихан» мультсериалы. Бұл ани­мациялық жобамызда отбасы құндылығы насихатталады. Қазақтың тәлім-тәрбие бас­тауы да отбасы институтынан басталады. «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қазақ жанұяның, отбасының тәрбие жүйесіне аса мән берген. Отбасында ақыл дариясы болған атаның, мейірімнің шуағы болған әженің, асқар тау болған әкенің, қайнар бұлақ болған ананың, жағадағы құрақ болған бала-шағаның өзіндік орны бар. От­басы құндылығына өз деңгейінде мән бе­рілмей отырған бүгінгі қоғамда осы проб­лемаға баса назар аударып, отбасылық бір мультфильм жасау идеясы туындады. Тек балаларға емес, сондай-ақ әрбір отбасы мүшесіне де бағытталған бұл анимациялық фильмнен отбасындағы әрбір жан өзінің рө­лін ұғынып, түйсініп, соған сай өмір салтын ұстанса деген арман-ниеттен туған жоба еді.
Екінші жобамыз барыстың аланы – Теңбіл мен аюдың қонжығы – Қоңыр жайлы. Қазақтың шежіре қарты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Дүниеде 77 тіл бар, соның ішінде араб тілі – асыл тіл. Өйткені Құран ғараби араб тілінде түскен. Екінші асыл тіл – қазақтың тілі. Қазіргі жүрген замандас­тарымыздың бірде-біреуі қазақ тілін білмейді. Шіркін, білсе ғой. Дін де, ғылым да, әулиелік те қазақтың тілінде тұр», – дейді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақтың қаймағы бұзыл­май тұрған заманның өзінде «қазақ тілін білмейді» деп назын айтып отырса, бүгінгі ана тіліміздің халін өзіңіз бағамдай беріңіз. Бұл жерде «қазақ тілі» деп Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақтың тұрмыстық тілін емес, аталы сөздердің, мақал-мәтелдердің шығу тарихы мен қолдану төркінін білмейтіндігін айтуда. Демек, мақал-мәтелдеріміздің орынды қолданылуы – маңызды мәселе. Бұл мәселе, әсіресе, бүгінгі өскелең ұрпаққа оқытылуы, үйретілуі қажет. Оның үстіне қазақ сөзінің мәйегі, дәмі, тұздығы саналатын мақал-мәтелдер атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жаттала жеткен қазақ халқының рухани қазынасы әрі үлкен тәлім-тәрбие құралы. Бұл жәдігерімізді келер ұрпаққа мән-маңызын сақтай отырып ұсыну, оның тәлімдік-тәрбиелік мәнін жеткізу де – біздің міндетіміз бен борышымыз. Бұл міндет пен борышты жүзеге асырудың тиімді тәсілі мен әдісі анимациялық фильм деп таптық. Қазақ мақал-мәтелдерінің, нақыл сөздерінің мәнін ұғындыратын түрлі шытырман оқи­ғаларға құрылған қызықты мультфильмдер жасау арқылы балаларымызға рухани қазы­намызды насихаттау идеясынан «Теңбіл мен Қоңыр» жобасы дүниеге келді.
Үшінші идея – балаларымыз еліктей­тіндей бір батырды дүниеге әкелу. Бұл жоба қазір жетілдірілуде. Расын айту керек, балалар шетелдің ойдан құрастырылған қаһармандары десе ішер асын жерге қояды. Әйтпесе, ондай қаһармандарды бес орайтын қазақта батыр­лар жетерлік. Міне, бұл жобада біз сол батыр­лардың барлық ізгі қасиеттерін қазақтың ұлттық кодына сай бір қаһарманның бойына жинақтап шықсақ дейміз. Бұл да бірнеше бөлімнен тұратын жоба болмақ.
Құрылғанымызға көп уақыт өтпесе де, осындай жобалардың тұжырымдамасын жасап, әзірге «Әлиханның» бір бөлімі, «Тең­біл мен Қоңырдың» үш бөлімі дайындалды.
Бұлар әлі еш жерде көрсетіліп жатқан жоқ. Қазір тек тиісті жерлерге жоба ретінде ұсынылуда. Қолдау тауып, демеушілер шы­ғып жатса, бұл жобаларды жүзеге асыруға сақадай сай тұрмыз.
– Отбасы құндылығын насихаттауда Әлихандағы – марғауды, қазақ мақал-мәтел­дерін маңызын арттыруда «Теңбіл мен Қоңырды» алу кімнің идеясы?
– «Әлихан» мультсериалына Марғау мен тышқанды қосу себебіміз – қызықты әрі күлкілі болсын деген мақсатымыз болды. Бұл екеуінің сөйлегендерін отбасы мүшелерінен тек үйдің кенжесі болған кішкентай Арман ғана түсінеді. Басқалары олардың әңгімесінен Арманның былдырлағанын, марғаудың мияулағаны, тышқанның шиқылдағанын ғана естиді. Мұның өзі сюжеттің қызықты әрі комедиялық жанрда өтуіне себеп болады.
«Теңбіл мен Қоңырда» екі аңның баласын алу себебіміз – мақал-мәтелдерді үйретудің жеңіл тәсілі болсын деп реализмнен барынша алыс болуды көздедік. Мұның бәрі – ортақ идея. Себебі, анимация топтық, шығарма­шылық жұмыс болғандықтан, бізде «сцена­рий менің шаруам емес, тек суретін салып беремін», «сурет салу менің де жұмысым емес, тек анимациямен айналысамын» деген түсінік жоқ. Бәріміз идеямызды ортаға тастаймыз да, стилистика мен анимация мүмкіндіктерімен санаса отырып, ортақ бір жоба шығарамыз.
– Демеушілер немесе мемлекет тарапынан қолдау бар ма?
– Өкінішке қарай, елімізде анимацияны қолдауға жағдай жасалмаған. Тек тиісті орындардың ұйымдастырған конкурстарына қатысып, жоба ұсынып, ұтқан жағдайда ғана бөлінген қаржыға өнім жасай аламыз. «Балапан» телеарнасының ұйымдастырған конкурстарына қатысу үшін бұл салада кемінде 5 жыл жұмыс істеген компания болу керек деген шарт бар. Демек, жаңадан құрыл­ған компания үшін «Балапанға» қатысуға мүмкіндік жоқ. Отандық анимацияның гүлденуіне мүмкіндік беретін жалғыз ғана балалар телеарнасының өзі осындай шарт қойып отырса, «Отандық анимацияның сапасы неге сын көтермейді?» деп сұрамай-ақ қойыңыз. Біздің аниматорларымыз – басқа компанияларда жұмыс істеп жүріп, «Бала­панға» талай жылдардан бері өнім жасап келген жігіттер. Өкінішке қарай, олардың тәжірибесі ескерілмейді екен. Сондықтан да біз анимациядан бөлек түрлі жарнамалық роликтер, инфографикалар, презентациялар үшін видеороликтер тағы басқа дүниелер жасаумен де айналысамыз. Әзірге кіріс көзіміз осылардан түсуде. Негізгі бағытымыз анимация болғандықтан, мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырумен ғана жүрміз.
– Телеарналардан берілетін қазақша анимациялық мультфильмдердің уақыты аз, тез бітіп қалатыны өкінішті. Сценарий желісін қызықтырып уақытын ұзартып берсе деген көрермен тілегі орындала ма?
– Бәрі қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Ол мультфильмдерге сұраныс жоғары болса, оған тапсырыс берушілер бұл жобаны ары қарай да жалғастыра береді. Сондықтан да сұраныс тудыратындай жоба жасалып жатса, көрерменнің тілегін неге орындамасқа?!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Жанерке АХМЕТ

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
7 лет назад 3428
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232