Сәкен Майғазиев: Алған несиемді жаба алмай жүрмін
Сәкен Майғазиев: Алған несиемді жаба алмай жүрмін

Өскемендегі Спорт сарайында өткен қайырымдылық концертінен кейін «МұзАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиевты әңгімеге тарттым. Эстрадада өзіндік ерекше орны бар әнші өнерден бөлек өз өмірі жайында да сыр шертті. 

- Өскеменге қош келдіңіздер! Қайырымдылық концерттеріне барынша қатысып жүретіндеріңізді жұрт біледі. Осы жолы қоржындарыңызда қандай жаңа әндер бар? 

- Киелі де шырайлы Шығыс жеріне келіп қалдық. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ассамблеяның 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы сынды игі шаралармен баршаңызды құттықтаймын! Өнерімізді бағалап, әр өткізген концертімізден қалмай келіп жатқан көрермендерге алғысымыз шексіз. Біз де өздеріңізбен қауышып, бір арнада тоғысып концерт беріп жатқанымызға қуаныштымын. Ал жаңа әндеріміздің басым көпшілігі баяу ырғақты әндер. Көрермен тоңып қалмасын деп мейілінше жылдам ырғақты әндерді орындауға тырыстық. Залдың салқындығына қарамастан тыңдармандарымыздың ықыласына, қошеметтеріне жылынып концерт беріп шықтық. Осындай қайырымдылық концерттерінен қалмауға тырысамыз. Көктем мен күзде ән сапарға шығып, қайырымдылық концерттерін беріп жүрміз. Алайда, барлығының көңілін табу мүмкін емес. Қазақстанды ғана бір айналып шығу үшін екі жыл уақыт керек екен. «Тұрса да жасап жат қылық, жалынып жаса жақсылық» дейді Қыдырбек Ынтан деген досым. Сондықтан шама келгенше жақсылық жасаудан ешқашан жалықпаймыз. 

Туристерге қызмет көрсетуді шетелден үйренуіміз керек

- Жыл он екі ай еліміздің қалаларын аралап концерт беріп жүресіздер. Ал шалғайдағы ауылдарға ат басын бұрып, ауыл халқын әндеріңізбен сусындату ойларыңызда жоқ па? Өнердің нағыз бағалаушысы ауылда дейміз ғой.

- Әрине, қаймағы бұзылмаған ауыл халқы өнердің нағыз бағалаушысы. Тұнығы бұзылмаған тыңдармандарымыз. Бірақ қазіргі қалалық қазақтардың түп тамыры да ауылдан емес пе?! Ашығын айтсам, вокалды аспапты ансамблімізді, дыбыс ұлғайтқыштарымызды, жарық беруді арқалап ауыл-ауылдарға бару біз үшін қиын. Үшеуіміз жайдақ көбінесе салтанатты кештерге ғана барып ән шырқаймыз. Ең дұрысы, ауыл адамдары қалаға өздері келіп, концерт тамашалап, ағайын-туыстың амандығын біліп кеткені. Қазір құдайға шүкір, ауыл қала арасындағы жолдар жақсы, әркімнің астында бір-бір көлік. Негізі ауылдарды аралағымыз келеді. Керек десеңіз, тегін де концерт қойып беруге дайынбыз. Өзіміз ауылдан шықтық, ауылдың бізге деген ыстық ықыласын білеміз. Қай бір жылдары бізде де арман болған. Бір облыстың депутаты ауыл-ауылдарды тікұшақпен аралап концерт берсек деп ұсыныс жасап, жоспар да құрғанбыз. Бірақ белгілі себептермен жүзеге аспады.

- Бұрындары халық жаз шықса ауыл жақты аңсап, сонда тартып кеткісі келіп тұратын. Қазір шетел аралап, теңіз жағасында демалушылар көп. Өздеріңіз өткен жылдары Катонқарағайда тынығып, тау-тасты аралап қайттыңыздар. Осы жазда қайда демалдыңыздар?

- Иә, оныңыз рас. Жазғы каникулда қала балалары ауылдағы ата-әжесіне барып, құрт-майын жеп, қозы бағып, асық атып, асыр салып ойнайтын. Заманына қарай адамы да өзгеріп барады. Елімізде туризм саласы дамып жатса жақсы жерлер бар. Алыс-жақыннан қонақтарымызды ұялмай шақыратын көрікті табиғатқа да баймыз. Бірақ «кісідегінің кілті аспанда» демекші, кейбіреулер қол жетімсіз баға қойып, ақшаңды сығып алып қоя береді. Шындығын айтсам, өзімізде демалу шетелден қымбат. Бірақ шетелдегідей қызмет мүмкіндіктері жоқ. Несін жасырамыз, ебін тауып екі асағысы келеді көбі. Бір келген адамды енді келмейтіндей етіп қоя береді. Ол сауданың көзін білместік деп ойлаймын. Ал Түркияға барсаң сервисі де, күтіп алуы да, тамағы да сұранысқа сай. Барлық мүмкіндік бар. Отыңмен кіріп, күліңмен шығуға дайын. Мойындауымыз керек, олар еңбекқор, ақшаның қадірін біледі. Шетелдің жаман жағын ғана емес, жақсы жағын да үйренгеніміз дұрыс. Соңғы жылдары өзім шетелге шыққан жоқпын. Осы жазда отбасыммен біраз күн Сарыағашта демалып қайттым. 

Қарыз болсақ та, қайырымдылық жасауға тырысамыз

- Әншілігіңіз туралы сұрамай-ақ қояйын. Онсыз да шығармашылығыңыздан хабардармыз. Тұрмыстық мәселелерге тоқталар болсақ, басыңызда несие бар ма?

- Рақмет. Қойылып жатқан сұрақтарың таптауырын еместігіне өз басым риза болып отырмын. Қазіргі заманда мойнында несиесі, қарызы жоқ адамдар некен-саяқ қой деймін. Елдің басында бар мәселе менде де бар. Жұрт әдемі костюмдерін киіп, беттерін жылтыратып сахнаға шығып жүре береді деп ойлайтын шығар. Шындығында, олай емес. Өз басымда несие бар. Алла тағаланың харам еткен дүниесі қайырлы болмайды екен. Сол несиені алған кезде оңтайлы жолмен құтыламыз деп ойланбамыз. Бірақ әулетімізбен төлеп құтыла алмай жүрміз. Мүмкіндік болса несиеге жоламаған дұрыс. Жегеніңді желкеңнен шығарып, екі есе қылып қайтарып алады екен. Одан да сол қаржыны отбасыңа, бала-шағаңа жұмса. Отбасыңның асыраушысы болғаннан кейін жауапкершілік те көп. Мысалы бір әулет маған қарап отыр, Бесбаевтар әулеті Мейрамбекке қарап отыр, Кенжебектің отбасы Кенжебекке дегендей. Олардың да, менің де креслода отырған ағаларымыз жоқ. Тапқан нәпақамыз маңдай термен, еңбекпен келеді. Ел қатарлы біз де жұмыс істейміз. Кейбіреулер әншілерге ақша ағылып келіп жатыр деп ойлайтын шығар. Олай дейтінім, инстаграм, фейсбук арқылы қаржылай көмек сұрап жататын мұқтаж жандар өте көп. Бірақ шәриғатта «алдыңмен өзіңді жарылқа» дейді. Өзіңнен кейін ағайын-туыстарыңа, содан кейін барып мұқтаждарға қол ұшын беру керек. Аллаға сан шүкір айтамыз. Біздің жеп жүргенімізді жей алмай жүргендер де бар. Өзіміз қарыз болып жүрсек те, қайырымдылық жасауға тырысамыз. 

- Әншіліктен басқа табыс көзі болатындай кәсіптеріңіз жоқ па?

- Кәсіп ашу туралы ойлар болған әуелде. Бірақ бізге қол емес екен. Інім де несие алып, кәсіп ашқысы келген еді. Ол да болмады. Қысқасы, қосалқы бизнес жоқ. Әрине, өнерде жүрген кейбір достарымыз қосымша кәсіптерін дөңгелетіп отыр. 

- Өзіңіз айтып өткендей, ауылдың тіршілігімен біте қайнасып өстіңіз. Қазір ше, ауылға барып шаруашылыққа көмектесіп тұрасыз ба?

- Үлкен сахнаға шығудың өзі сол қасиетті ауылдан басталды. Жасыратыны жоқ, ауылдың қара табан балаларымен бірге қой да бақтық, қора да тазаладық, отынға да бардық. Қазірдің өзінде жұмыстың ауырынан қашпаймын. Бірақ ауылға барғанда жұмыс істетпейді маған. Ауылды қойып қалада аяғымызды жерге тигізбей қарсы алып жатады. Сондықтан ауылдың тірлігіне араласатындай мүмкіндік те жоқ. Десек те, қаланың өзінде еркекке жұмыс табылады. Пышақ қайраудан бастап есіктің топсасын ауыстыру, электр желілерін жөндеу, құбырларды тазалау сияқты шаруалар жетіп артылады. Шыны керек, ән сапарларда көп жүргендіктен үйдің ұсақ-түйек тірлігіне де көңіл бөле алмай қалып жатамын. Көбінесе ондай жұмыстарды інілерім істейді. Менің үйім студенттерден, қонақтардан босап көрген емес. Өз қолым өз аузыма жеткеннен кейін ағаларымнан көрген қамқорлықты олардың балаларына жасап жүрмін. Бұрын студент кезімде ағаларыма арқа сүйедім, жеңгелерім тығып қалтама ақша салып беретін. Өзім қызық-шыжықты, аштық-тоқтықты көрейін деп жатақханада тұрдым. Ағаларымның, жеңгелерімнің арқасында ең бай студенттердің бірі болдым. Қазір сол ағаларымның балалары қолымызды ұзартып, үй шаруасына араластырмайды. Ал үйге керекті азық-түлікті, керек-жарақты жұбайым өзі барып алады. Өз басым қазан-ошақтың тірлігіне араласпаймын, жақындамаймын. 

«Дидардағы» жаңалықтардан да хабардармын

- Спортқа жақын екеніңізді білеміз. Әншілер арасында футболдан өткен жарыстарға да белсенді қатыстыңыз. Басқа қандай спорт түрімен айналысып жүрсіз? 

- Жуықта волейболды бастадық. Әншілердің ортасынан бес-алты волейбол командасы шықты. Одан бөлек ұлым оқитын Сүлеймен Демирель атындағы колледждің ата-аналары арасында волейболдан жарыс өтіп жатыр. Жуықта бірінші рет жаттығуға қатысып қайттым. Сол жердегі жаттықтырушылар ебім бар екенін айтып, жігерлендіріп қойды. Волейбол добын бала кезде ауылда ұстап көргеннен кейін қолға алып тұрғаным осы екен. Ақырын-ақырын бабыма келе жатырмын. Бойыма қарамай волейбол, баскетбол ойнаймын. Қол қалт ете қалса бұлшық еттерді қатайтуға жаттығу залына барамын. Халықтың алдында жүргендіктен дене формасын ұстап, бабымызда жүруге тырысамыз. 

- Қазір ақпараттың алшысынан түскен заманы ғой. Елде, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қай газет-журналдардан оқып біліп отырасыз? 

- Қазір көп газеттер жабылып, сайтқа айналып кеткен сияқты. Әр облыстың жаңалықтарын жергілікті сайттарынан қарап шығамын. «Дидар» газетіне жарияланған жаңалықтарды да сайттарыңыздан қарап хабардар болып отырамын. Жалпы, «Tengrinews», «Massaget», «Abai.kz» сынды сайттарды күнделікті парақтап отырамын. Барлық жаңалық ғаламторда болғаннан кейін газет-журналдарды көп оқи бермеймін. Бірақ еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» үйімізге үзілмей келіп тұрады.

- Әлеуметтік желілердің қайсысын пайдаланасыз?

- Өз өмірімізде болып жатқан жаңалықтарды көпшілікпен бөліскіміз келеді. Сондықтан да уақыт тауып, әлеуметтік желілерге тіркеліп те қойғанмын. Солардың ішінде инстаграмм, твиттер, фейсбукті пайдаланып жүрмін. Кейде адамдарды түсінбеймін. «В контакте» желісінде бір бауырымыз менің атымнан парақша ашып, алтын уақытын бөліп, инстаграмға салған суреттерімді көшіріп, жариялап отырады. Әйтеуір жаман нәрсе жазбайды, оған да тәубә. Ол балаға инстаграмм арқылы рақмет те айтып қойғанмын. Бірақ кім екенін де білмеймін. 

- Арнайы уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін!

Әңгімелескен – Мерей Қайнарұлы

http://didar-gazeti.kz/

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
9 лет назад 4165
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232