Қуаныш Мәден: Ғарыштағы қоқыстардың қауіпін төмендетудің жолын білемін
Қуаныш Мәден: Ғарыштағы қоқыстардың қауіпін төмендетудің жолын білемін

Бұған дейін құбыр тазалайтын роботты ойлап тапқан шымкенттік оқушы жаңа жобаны қолға алмақ.

Ол патенттеген робот қашан қолданысқа беріледі? Ғарыштағы металл қалдықтарынан пайда болған қоқыстар несімен қауіпті? Кеңістікті қалай тазалауға болады? Бұл туралы өнертапқыш оқушы  Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып береді.

F: Қуаныш, сен бұған дейін  құбыр тазалайтын робот ойлап тапқан едің. Саған идея қалай және қай кезде келді? Не себеп болды?

- Мен Шымкенттегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысымын. Бәрі қалай басталды? Мен 8 сыныпта оқып жүргенде,  әдеттегідей таңғы сағат 7-де мектепке қарай шықтым. Бірақ қаламыздың Қонаев даңғылындағы орын алған үлкен көлік кептелісі нәтижесінде сабағыма кешігіп қалдым. Бірнеше күнге созылған апаттың себебі – бас даңғыл бойымен өтетін құбырлар жүйесінде орын алған жағдай. Сонда мені жұмыскерлер бригадасы даңғылдын белгілі бөлігін ғана қазып зерттеместен, керісінше автокөліктердін өтуіне неге үлкен кедергі туындатты деген сұрақ мазалады. Анықтағаным: құрал саймандардың жоқтығы осындай жағдайатқа әкеліп соқты. Осы екі идея қосылып құбыр тазалағыш роботты істеуіме түрткі болды. Жобаны іске асыруда ғылыми жетекшім Берік Мырзабаевтың атқарған рөлі үлкен болды.\

F: Робот қалай жұмыс істейді, қалай қолданылады?

- Құбыр тазалағыш робот жүйедегі қозғалысты қамтамасыз ететін 4 арнайы және тазалағыш тізбекті іске қосатын қосымша 3 мотормен жабдықталған. Роботтың конструкциясы ашық болуына байланысты, құбырдағы ағыммен бір уақытта жұмыс істеуіне мүмкіндігі бар. Қосып кетерлігі, әрбір модуль бір-біріне тәуелсіз жұмыс істегендіктен, істен шыққан модульді жедел түрде алмастыруға болады.

F: Жобаның патенті қай кезде жасалды? Қалай бағаланды?

- Осы секілді автоматтандырылған технологиялар Қазақстанда және әлемнің өзге елдерінде қолданылмағандықтан 2019 жылдың тамыз айында патентке ие болдым. Роботтың құрылысы әмбебап болып келгендіктен, тазалау механизмің мұнай, кәріз және су жүйелерінде қолдануға болады. Құбырларда өтетін субстанциялардың көбіне жабысқақ қасиеті басым болғандықтан, уақыт өте құбырдың өткізу қабілеті біршама қысқарады. Сол себептіде бітелу орын алмас үшін, уақытылы тазарту процессін жүргізудің маңыздылығы зор.

F: Байқауға қай кезде ұсындың? Нәтижесі қандай болды? Сенің жобаң несімен ерекшеленді?

- Coca-Cola  және Еуразия Қорының ұйымдастыруымен 2017 жылы өткен 321 старт атты Республикалық байқаудан 1 орын  алдым және 1 млн тенге көлеміндегі қаржылай қолдауға ие болдым. Блогерлерден, өндірістегі мамандардан, аталмыш компаниялардың басқамасынан құралған қазылар алқасы жобаға қызуғышылық білдірді. Роботты таныстыруға болатын прототип дайын болғанда оны түрлі Республикалық және аймақтық деңгейдегі байқауларға ұсынуды бастадым. Бұл 9 және 10-шы сыныптарда болатын, сол кездері өткен  көп жарыстарда ең жас қатысушы ретінде танылдым.

F: Байқаудан ұтып алған 1 млн теңгені қайда және қандай мақсатқа жұмсадың?

- 321 старт жобасынан алынған қаржылай көмекке роботтың жұмыс істеуге арналған  үлкен масштабтағы прототипін құрастыруды бастадым. Қажетті құрал саймандардың әлі өндірісте қолданылмайтындығы біршама қиындықтар туғызды. Сол себепті де осы қаржыға 3Д принтер және өзге де кәсіби станоктарды сатып алуға тұра келді.

F: Қытайға барып, Макаодағы  байқауға қатысқаныңды білеміз. Бұл қандай шара? Кімдер қатысты? Ондағы нәтиже қандай болды? Қалай бағалады?

- 2019 жылы Қытайдың Ғылым және Технология Қауымдастығының ұйымдастыруымен 34-ші рет өткізілген CASTIC-2019 жарысына 54 мемлекеттен 600-ға жуық оқушы қатысқан болатын. Біздің күншығыс еліне жасаған сапарымызды Халықаралық Ғылыми Бірлестіктердің орталығы ұйымдастырды. Байқау нәтижесінде инженерлік ілімдер категориясында жүлделі 2 орынды иелендім. 1-ші орынды онкологиялық ауруларды анықтайтын технологияменен Словения мемлекетінің өнертапқыштары алған болатын. Осындай мүмкіндікті пайдалана отырып,  Отаным- Қазақстанды әлемдік аренада таныстырғаныма қуаныштымын.

F: Елбасы Н. Назарбаевпен жүздескен екенсің.  Тұңғыш президент саған не айтты?

- Назарбаев Зияткерлік Мектептері ДББҰ-ның 10 жылдық мерейтойының қарсаңында «Ұлы дала мұрагерлері»  атты гала-концертінде Республика бойынша үздік болып іріктелген 5 жобаның қатарында өз өнертабысымды Елбасымызға таныстырдым. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұнай экспортына маманданған ел екенімізді ескере отырып, осы жобаның келешегіне және жүзеге асатынына ықыласты екенін айтты.

F: Расында Қазақстан мұнайлы мемлекет. Ал сенің жоба бұл салаға не береді?

- Қазақстан мұнай экспорттайтын ел болғандықтан, тәулігіне тасымалданатын мұнай мөлшері экономикамызға тікелей өз әсерін тигізеді. Егерде бүгінде мұнай экспорттайтын құбырлардың қуаттылығы тәулігіне 2.0 млн баррель болса, роботымның көмегімен еліміздің 2025 жылға қойған жоспарына, яғни 2.3-2.5млн баррель көрсеткішіне қазірдің өзінде қол жеткізуге болады.

F: Енді бұл жобаңды жүзеге асыру үшін не қажет, қанша қаражат керек?  Кімдер қолдады?

- Жобаны өндіріске енгізу үшін 3-4 млн теңге көлеміндегі қаражат қажет болады. Бұл қаражат зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін қажет. Өндіріске енгізуді қазақстандық компаниялардан бастағым келіп отыр. Жобаны патенттеу жөніндегі өтініш хатты мен 2017 жылдың жазында Әділет Министірлігіне жіберген болатынмын. Техникалық рефератты рәсімдеп жіберуге Ontustik Patent ұйымы көмектескен болатын. 2 жыл көлемінде жүргізілген кәсіби сараптама  нәтижесі оңтайлы аяқталды.

F: Бұдан бөлек тағы қандай жобаларың бар? Алдағы мақсат қандай?

- Қазіргі таңда құбыр тазалағыш роботтан бөлек бірнеше жобаларды жүзеге асыруға  тырысамын. Олардың бірі: ғарыш кеңістігін металл қоқыстан тазалау. Ғарыштағы спутник қалдықтары ғаламдық масштабтағы мәселеге айналу үстінде. Ең кішігірім бөлшектің өзі мыңдаған км/с жылдамдықпен қозғалатындықтан олардың қауіп қатері өте үлкен.  Биыл 9-шы рет өткізілген Республикалық Наурыз кездесулерінде осы жобамызды әзірлеп, жүлделі 3-ші орынға ие болдық.

F: Ғарыштағы проблема қаншалықты күрделі? Оны қалай шешуге болады? Ұсыныстарың қандай?

- Қазіргі таңда Жердің орбитасында 2000-ға жуық полярлық және геостационарлы жасанды серіктер орналасқан. Ең кішігірім бөлшектің өзі мыңдаған км/с жылдамдықта қозғалатынын айттым. Яғни, жаңа серіктердің қолданылуына мүмкіндік бермей, күннен келетін біршама жылуды шағылыстырып түсірмейді. Досымыз  екеуміз ойлап тапқан концептіміз осы қоқыстардың артынан жүретін шаттлды қамтиды. Ол қоқыс түріне жақындаған соң, арнайы құралмен қоқыстың траоекториясын өзгерте отырып, оған үдеу береді. Нәтижесінде зиянды металл бөлшектерінің қауіпі төмендей түседі деген сенімдеміз.

F: Жалпы өзің қай мектепте оқыдың, саған кім жол сілтеді?

- Шымкент қаласындағы физика -математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік Мектебіне түспес бұрын қаладағы 23-ші мектеп- лицейінде білім алдым. Кішкентай кезімнен түрлі ойыншықтарды, тіпті компьютерлерді бұзып, қайтадан құрастыруды қызық көретінмін. Ата-анама өз кезегінде осындай балалық қызуғушылымды дамытып, оның сүйікті ісіме айналуына барша жағдайды жасағанына үлкен алғысымды білдіргім келеді.

F: Қазіргі оқу орны сен үшін не берді? Интеллектуалды мектептің ерекшелігі неде?

- Менің тұлға ретінде орнығуыма, қалыптасуыма Назарбаев Зияткерлік Мектебінің атқарған рөлі елеулі. Түрлі үйірмелер, пәндер арқасында өзіме қызықты болатын ғылымды ерте жасымнан- ақ таңдау жасауыма көмектесті. Білім жүйесі де әрбір оқушының Қазақстанның және Әлемнің азаматы болуға шақырады.

F: Қазір инновация мен технология заманы. Ал осы жолда айтулы жаңалық ашқан кімді үлгі тұтасың?

- Аpple компаниясының негізін қалаған Стив Джобсты үлгі тұтамын. Ол  өмірлік жолында кретивтілігімен және әлемге деген көзқарасының өзгешелігімен ерекшеленген. Тіпті, бүгінге дейін заманауи маркетологтар Стивтің қолданған әдістерін зерттеп жатыр.  Жалпы, әлемдік ғылым коммуникациялық технологиялар бағытында дамуын дұрыс деп есептеймін. Әлемнің түпкіріндегі ғалымдардың басын қосу арқылы үлкен прогресске жетуге болады. Бүгінде оқуға барша жағдай жасалған. Ғаламтор желісінің өзінде көптеген дереккөздер қолжетімді орналасқан. Сол себепті, бүгінгі жаһандық әлемде бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін үздіксіз оқу қағидасын әрдайым еске алуға кеңес берер едім.

F: Болашақта қайда оқуды жоспарлаудасың?

- Оқуды бітіргеннен кейін Америка Құрама Штаттарының жоғарғы оқу орнына түсуді көздеп отырмын.

F: Оқу орны белгілі ме?

- Иә, белгілі, Stanford. Инженерия, физика  жане маркетинг бойынша білім алуды жоспарлап отырмын. Кейін Қазақстанға ораламын. Ал онда алған білімімді келешекте Қазақстанның игілігіне қолданамын.

forbes.kz

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
5 лет назад 2586
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232