Қазақстандық Санжар Тайжан Илон Масктың турниріне қалай өтті, онда не ұсынды
Қазақстандық Санжар Тайжан Илон Масктың турниріне қалай өтті, онда не ұсынды

Жас инженер әйгілі бизнесменмен қай кезде кездеседі, Қазақстанда қандай жобаны қолға алуда?

Санжар,  өзің туралы айтып өтсең. Қайда дүниеге келдің, қайда оқыдың?

   -Мен 1997 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. Ал мектеп туралы айтатын болсам, 11 жыл ішінде 10 білім ордасын ауыстырдым. Соңғы оқыған жерім  Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебі болды және 2015 жылы сол білім ордасынан қанат қақтым. Осыдан кейін Англияға оқуға аттандым.

Англияға қай кезде кеттің, онда қандай мамандық бойынша оқыдың, бұл қандай университет, әлемдегі беделі қандай, қалай оқыдың, дипломды қай кезде алдың?

  -Сол жылы мен «Bellerbys College» аталатын колледжге оқуға аттандым, онда «A-level» бағдарламасы бойынша білім алдым. Яғни, бұл университет алдындағы екі жылдық бағдарлама, мен онда физика, математика, жоғарғы математиканы оқыдым,  Computer Science бағдарламасын меңгердім.  Оқу орны Кембридж қаласында орналасқан.  Ал осыдан кейін «Warwick» унивеситетіне түстім, бұл орталық Англиядағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі, ағылшындарда үздік 10 университеттің қатарына кіреді, ал әлемде көліктік- инженерия саласындағы ең беделді білім ордасы болып табылады.  Осылай 2017 жылы «University of Warwick» табалдырығын аттап, 3 жыл ішінде екі команда жасақтап, әлемге әйгілі компанияларда тәжірибеден өттім.  «Jaguar Land Rover» компаниясында істедім. Яғни, алғаш өз елімізде физика-математика мектебін бітірдім, 2017 жылы   «Bellerbys», 2020 жылы бакалавриат бойынша «Warwick» дипломын қолыма алдым. Алматыда «Мектеп мақтанышы», колледже «Жыл студенті», университетте көптеген марапаттар алдым, оның ішінде 2020 жылы «Үздік жоба» атағына лайық болып танылдым.   

Илон Масктің байқауына қатысқаныңды білеміз. Бұл қандай турнир болды, команда қалай жасақталды? Олардың ішінде  кімдер бар?

   -Иә, мен алғаш Илон Масктың «Hyperloop» жобасы туралы 2013 жылы естідім, сол кезден бастап оны зерттеуді қолға алдым. Колледжде жүргенде осы технология туралы диссертация жаздым, бұл 35 мың сөзден тұратын еңбек болатын. Содан 2016 жылы Америкаға аттанып,  «Virgin  Hyperloop one» компаниясына бардым, олар Невада штатында орналасқан, сол жерде оның технологиясымен жақын танысып, онда көргенімді өз диссертацияма енгіздім. Осылай 2017 жылы ғылыми жұмысымды сәтті аяқтап, жоғарыдағы университетке оқуға түстім. Көп ұзамай университет жанынан команда  жинап,  «SpaceX  Hyperloop» турниріне өтініш бердік. Мен құрған алғашқы команда  «Warwick Hyperloop» деп аталды, онда үш жыл ішінде 400 инженер қызмет етті. Мен оның негізін қалаумен бірге, онда бас инженер болып істедім, менеджментке жауап бердім.

Жалпы байқауға қанша адам қатысты? Қаншасы өтті? Сендер онда не ұсындыңдар? Турнир талабы қандай болды? Қорытындысы қандай?

   -Біз «SpaceX»  турнирінің жартылай финалына дейін жеттік. Әлем бойынша іріктелген ең үздік 35 команданың ішінен көріндік. Олар 1600 өтініштің ішінен таңдалды. Бірақ, өкінішке қарай біз бұл кезде финалға өте алмадық.  Бұл екі жыл бұрын болатын. Бірақ, біз бәрібір екі капсуланы дайындап, оған Англия үлкен қолдау білдірді. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды.  Қалай болғанда біз «Hyperloop» капсулаларын жасап шығардық, бұл бір өте қызық жоба болды.

«Hyperloop», яғни Илон Масктың  вакуумды поезына арналған капсулалар туралы ақпарат бере кетсең. Олардың ерекшелігі неде?  

   -Біздің капсулаларымыз желілік моторға негізделген және магниттік левитация арқылы істейді,  яғни біздің технологиямыз жерге тимейді. Бұл шын мәнінде инновациялық технология және болашақтың пойыздарына кеңінен қолданылатын әдіс болады. Қазіргі күні Азияда магниттік  жастықтардың көмегімен қозғалатын пойыздар, яғни левитация жүйесін  қолдану басталып кетті. Айта кетейін, бұл 2017-2020 жылдар аралығында жұмыс істеген команда болатын, олар  жұмыстарын жалғастыруда, бірақ қазір мен олардың құрымында жоқпын, яғни 400 адамнан тұратын команда бүгінде менсіз істеп жатыр. Енді финалға өткен екінші команда туралы айтайын.

Бұл команда қалай аталады? Оның миссиясы қандай?

    -Бұл команда «Warwick Boring» деп    аталады. Мен оны дәл осыдан бір жыл бұрын, 2020 жылы наурызда құрдым. Қазір онда кәсіпқойлардан жасақталған, жоғарғы дәрежелі  30 инженер істеп жатыр. Бұл жолы біз Илон Масктың басқа турнире қатыстық. Бұл байқау «Not-A-Boring tunnel Competition» деп аталады. Біз онда күздің қыркүйегінде өтініш білдірдік, іріктеудің үш кезеңінен сәтті өттік. Жуырда ғана қуанышты жаңалықтан хабардар болдық, біз финалға өттік және бүгінде «Boring Machine» жобасының прототипін жасаудамыз. Бұл «Hyperloop» үшін және болашақ электромобильдерге  арналған туннельдерді қазатын машина, жаңа технология.

Машина қашан дайын болады? Ендігі қадам қандай?  Илон Маскпен қашан кездесесіңдер?

    -Біз бұл машинаны Англияда жасаймыз, қазіргі күні бізге көптеген компаниялар қолдау көрсетуде. Біз Құдай қаласа, оны құрастырып, толық жинап, дайын болған кезде, осы жазда Америкаға жөнелтеміз. Әдетте, Илон Маск турнирлерге өзі қатысады, сондықтан онымен алдағы жазда кездесеміз деген жоспарымыз бар.   Шамамен 2021 жылдың тамыз айында болатын шығар. Қазір тестілу жұмыстары жүріп жатыр, біткен кезде бәріміз Америкаға аттанамыз.   Тағы бір айта кетері, «Warwick Boring»  аталатын екінші команда әлем бойынша ең үздік топтың 3%-на енді. Бұл дегеніміз-2020-2021 жылы 400 топтан іріктелген 12 команда.  

 Ал бұл турнирде жеңімпаз атанған командалар жайлы мәлімет бар ма? Олар кімдер?

-Бұл турнирге өткендердің ішінде әлемге әйгілі университеттер бар. Мысалыға,  Massachusetts Institute of Technology, MIT, Германиядан ТUM сияқты  оқу орындары,  шыны керек, өте мықты командалар, олар тек студенттерден жасақталмаған, олардың ішінде индустрия саласындағы жетекші инженерлер бар.

Осыдан біраз уақыт бұрын «Тесла» компаниясының алдында түскен суретіңді көрдік. Онда қай кезде бардың? Не көрдің?

    -Иә, «Тесла» компаниясында бодым.  Бұл 2016 жылы, «Hyperloop» компаниясында барған кезде еді. Сол кезде менде тур болды, мен осы зауытты көріп шықтым, түгел аралап шықтым, бұл кезде жәй танысу үшін, аталған компаниямен жұмысымды байланыстырғысы келетін адам ретінде бардым.  Жасыратыны жоқ, мен бұл  компанияның фонаты болдым. Ал онда көптеген роботтарды, автоматтандырылған әрі жолға қойылған керемет жүйені, болашақтың көліктерін көрдім, бұл кезде алғаш  «Tesla Model X»  шығып жатқан еді. Өте қызық болды, мен технологияның жаңа мүмкіндіктерімен таныстым.   Сонымен қатар, «Google»,   «Facebook» компанияларының бас кеңселерінде болып қайттым

Сұхбат басында «Jaguar Land Rover» компаниясында істегеніңді   айттың. Онда немен аналыстың?

    -Иә, мен «Jaguar Land Rover» компаниясында істедім. Онда болашақ батареяларының бөліктерін әзірледім. Олар «Jaguar» мен  «Land Rover» электр көліктеріне  арналған. Мен және біздің команда оны модельдеумен айналыстық, топта 20 адам болды. Дәл осы топ  болашақтың көліктерінде қандай батареялар қолданылу керектігін айқындаумен айнаслысты. Мен бұл топта модельдеуге жауап бердім және мен жасаған үлгі компанияның үздік жобасы атанды, «Жетістік тарихы» деген жүлдені иеленді. Яғни, мен ұсынған жоба қолданылуы жағынан және дәлдігі бойынша 36% өзінің тиімділігін дәлелдеді. Дәлірек айтсақ, төменгі вольтты батарея ұзақ мерзімге жарайды және  ол Jaguar I-Pace киллометражын 5%-ға арттырды,  сонымен қатар, бұл батарея зертханалық тестілеу мерзімін 4 күннен 2  күнге қысқартты, бұл бұрынғыдан  екі есе аз деген сөз. Сонымен бірге, мен 2018 жылы «The Faraday Institution» компаниясында еңбек еттім, онда да  батареялар мен оларды электорхимиялық модельдеу бағытында істедім. Мен ұсынған жоба Англиядағы студенттердің ішінде бәрінен озық атанып,  «Үздік инновация» деп танылды. Соңғы, 2020 жылы университет қабырғасында жасаған финалдық жобам да Британиядағы барлық студенттердің ішінде  «Үздік жоба» атанды, бұл туралы жоғарыда айттым, ол да батареялармен байланысты болды.     

Қазақстанда  электр көліктерін шығару туралы жоспарың бар екен. Бұл идеяны қашан жүзеге асырмақ ойың бар?

   -Мен қазіргі күні Қазақстандамын және осында электр көлігінің жобасын жасауды қолға алдым. Жоспарым өте көп. Бірақ олар жайлы әзірге жариялау ерте деп санаймын. Соның негізгісі электр қуатымен қозғалатын көлік жасау және біз оның прототипін дайындап шығардық. Бұл бензинмен жүретін кәдімгі көлік, біз оны электрге алмастырдық. Бірақ, бұл соңғы үлгі емес. Бұл тәжірибе ретінде жасалған жоба, сондықтан біз бұл бағытта әлі жұмыс істейміз, финалдық үлгі мүлде басқа болады. Біз оны  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа көрсеттік. Оған өте ұнады.  Әзірге, бәрін айта алаймын, бірақ көлік саласында революция жасайтын жоба болатынына, ол елдің мақтанышы атанатынына. Қаржы, инвестиция көлемі туралы айту да ертерек. Дегенмен, бізбен жұмыс істегісі келетін инвесторлар болса, біз бәріне ашықпыз, ұсыныстарды қарастыруға дайынбыз.    

forbes.kz

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 года назад 1829
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232