«Родина» агрофирмасы – көпсалалы ауыл шаруашылығының құрылымы. Негізінен мал және өсімдік шаруашылығымен айналысады. Мұнда жылына 6 млрд теңгенің тауары өндіріледі. Ал бір адамның еңбек өнімділігі 11 млн теңгеден асады, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.
Жақында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен және ведомство министрі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен Ақмола облысындағы Родина ауылдық округінде пресс-тур өтті. Журналистер мен ведомство өкілдері өңірдегі агрофирма, құс фабрикасымен танысып, халықтың хал-жағдайын біліп қайтты.
Аталған ауылдық округтің орталығы — Родина ауылы. Ауылдағы «Родина» агрофирмасына қарап, отандық өнім өндірудің қарқынды дамып келе жатқанын көруге болады.
«Родина» АФ» ЖШС Астанаға күніне 30-35 тонна сүт өнімін жеткізеді.
«Қазіргі уақытта өсімдік шаруашылығына қарағанда мал шаруашылығынан түсетін пайда көп. Өйткені біз соңғы жылдары дәл осы саланы дамытуға аса мән беріп келеміз. Сүт зауытын 2012 жылы салдық. Қажетті шикізатты өзіміз осы зауытта әзірлейміз. Басында 5-7 тонна өнім шығарсақ, қазір Астанаға күніне 30-35 тонна сүт өнімін жеткіземіз.
Фото: Гүлжан Раманкулова
Біз сүт, айран, сүзбе, қаймақ, «ряженка», «снежок» және тағы да басқа сүт өнімдерін өндіреміз. Малға арналған шөпті қысқа уақыт ішінде өсетіндей қылып өзіміз егіп, өзіміз жинап аламыз», - деді «Родина АФ» ЖШС директорының орынбасары Андрей Веревкин.
Фото: Гүлжан Раманкулова
Ауыл тұрғындары 100 % жұмыспен қамтылған
«Садовая, Родина, Зеленый Гай ауылдарында барлығы 1740 адам тұрады. Осы үш ауыл Родина ауылдық округі болып құрылған. Бұлардың орталығы да осы – Родина ауылы. Тұрғындардың барлығы жұмыспен қамтылған. 100-ден астам адам бюджеттік мекемелерде жұмыс істейді. Қызметкерлердің барлығы тиесілі жәрдемақыларын алып отыр. Ауылда жұмысқа тұрған мұғалім, дәрігер, учаскелік полицей және тағы басқа мамандық иелерін агрофирма баспанамен қамтамасыз етеді. Сосын әр мерекеге орай сыйақы беріп отырамыз», - деп қосты Андрей Веревкин.
Фото: Гүлжан Раманкулова
Ауылда және агрофермада қандай мәселе бар?
«Мәселені мәселе ретінде емес, бағындыратын асу деп ойлаймыз. Біздің алға қойған міндетіміз – Астана нарығындағы үлесімізді арттыру. Әзірге тек шикізаттың жетіспеуі сезіледі. Әйтпесе, күніне 100 тонна сүтті өңдеп, сатуға қауқарымыз бар. Тіпті елордадан қоңырау шалып, «Кілегей қайда, сүт қайда?» деп сұрап жатады. Яғни, сатылымға кеткен өнім дүкен сөрелеріне қойылған күні сатылып кетеді. Зауыттың өзі 50 тонна сүтті өңдеуге арналған. Сондықтан, біз кем дегенде сүт зауытының қуаттылығын 50 тоннаға жеткізуді мақсат тұтып отырмыз», - деді директор орынбасары.
Фото: Гүлжан Раманкулова
Неліктен сүт басқа қалаларға жеткізілмейді?
«Өйткені ауылдан шыққан сүт басқа қалаларға жеткенше бірнеше күн өтуі мүмкін. Ал біздің пакетіміздегі сүттің сапасы жоғары. Оған көп күнге шыдайтын арнайы қоспа қосылмайды. Сүт алыс қалаға жеткенше бұзылып кетеді, сондықтан қазір біз Астананың нарығындағы сүт көлемін ұлғайтумен шектеліп отырмыз», - деді ол.
Ауылға көшіп келгісі келетіндер көп...
Иә, ауылда тұрғындарға барлық жағдай жасалатын болған соң келем деушілер көп. Әр сенбі, жексенбіде директор азаматтарды қабылдайды. Бізде қазір интернет сайтымыз, электронды поштамыз арқылы келетін хабарламалар мен телефонға қоңырау шалушылар өте көп. Біз жыл сайын жаңа тұрғындарды қабылдаймыз. Өткен 2 жыл ішінде 28 коттедж салдық. Оларды бюджеттік қызметкерлерге және механизаторларға бердік», - деді Андрей Веревкин.
Фото: Гүлжан Раманкулова
Ауыл басшысы Иван Сауэр АШМ Өмірзақ Шөкеевтің ауылдарды аралау себебін түсіндірді.
Министр өндірісті өзі көргісі келеді
«Ауыл шаруашылығы жаңа министрінің тағайындалғанына ұзақ уақыт болған жоқ. Қазір министр өндірісті өз көрімен көріп, барлығына өз бағасын беріп, реттегісі келеді. Ол Ақтөбе облысында болды, ал бүгін Ақмола облысын аралайды. Барлық шаруашылық өндірісімен танысады», - деді «Родина АФ» ЖШС-ның бас директоры Иван Сауэр.
Фото: Гүлжан Раманкулова
Дегенмен нарық, сауда болған жерде бәсеке не болмаса кедергілер болары сөзсіз...
«Контрафакті бүгін бәріне кедергі келтіріп отыр. Ең алдымен, өндірістік өнім халықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін өндіріледі. Ал контрафакті бар кезде оның орнын толтыру қиын. Бұл – әділетті бәсеке емес, алдау. Көбіне контрафактілік өнімдер дүкендерде табиғи өнімдерден қымбат тұрады. Соған таң қаламын», - деді басшы.
«Алыс я жақын шетелдің нарығына шығар кезде талабына қарасақ – кіру қиын. Ал біздің нарыққа олар оңай кіреді. Мен техникалық регламенттерді реттеуді, процестерді басқаруды Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек деп есептеймін. Сонда біз жүргізген сараптаманың сапасы болып, контрафакті біздің нарыққа кіре алмас еді», - деді Сауэр.
«Ресей өндірушілері біздің нарықта істеп жатқанын өздерінде жасай алмайды»...
«Мәселен, Ресейдегі өндірушілер біздің нарықта істеп жатқан ісін өз елінде жасай алмайды. Егер сүт қайта қалпына келтірілген өнім болса, олар міндетті түрде қаптамада оны жазуы керек. Ал қаптаманы оқысаң, сүт жаңа ғана сауылып әкелінгендей көрінеді. Бұл былайша айтқанда – бұрмалау», - дейді Иван Сауэр.
Фото: Гүлжан Раманкулова
«Родина» өнімін тұрғындар дәмінен таниды
«Бұрын нарықта біздің атымызды жамылып, саудаласатындар көп еді. Қазір олар азайды. Соңғы кезде естіп жүрген жоқпыз десек те болады. Оның үстіне тұтынушыларымыз біздің өнімді дәмінен-ақ ажырата алады.
Қазір тауардың көп түрін шығарып, халықты таң қалдырғымыз келмейді. Осы наурыз айында 3 жаңа өнім шығады. Содан соң қаптамасын өзгерткіміз келеді. Біз бұл жағынан үздіксіз жұмыс істейміз», - деді бас директор.
Халық демалатындай жағдай жасау керек
«Мен коммунистер жекеменшік секторды түбегейлі өзгертеміз дегенде де қарсы болғанмын. Біз тек басқа жолмен жүрдік. Малға арзан, әрі сапалы азық бердік. Мұның барлығы біртіндеп реттелді. Жалпы ауыл тұрғындары шаруашылықпен айналыссын десек, онда халықты жыл бойы жұмыспен, жалақымен, оның үстіне олар демала алатындай жағдай жасауымыз керек. Біз кез келген дамыған елді алсақ, шаруашылықтағы өнімділікті арттырып келеді. Уақыт өткен соң ғылым дамиды. Сол жаңашылдықты өзімізге ыңғайлап, халыққа ыңғайлысын таңдап енгізу керек», - деді Сауэр.
Малды қалай ұрықтандырған жөн
«Қазіргі заманда малды қалай ұрықтандыру керек дегеніңіз, ұшақпен жеткен тез бе, атпен шауып жеткен жөн бе дегенмен бірдей. Себебі біз 10 жыл бойы ұрықтандырудың 1 түрін таңдап алып, осы уақытқа дейін сонымен тек жақсы көрсеткіштерге жетіп келеміз. Сондықтан жасанды ұрықтандыру – дұрыс таңдау. Бірақ қазір сондай көп көлемде ұрықтандыру жоспарымызда жоқ», - деді басшы.
Фото: Гүлжан Раманкулова
«Бүгін кəсіпорынның жұмысын көру үшін арнайы келіп отырмын. Əлбетте, бұл мəселе туындап отырған кəсіпорын емес. Иван Адамович (Сауэр - авт.) бұл саланы жан-жақты біледі. Үш күн бұрын сүт өндірушілермен, одан кейін ет өндірушілермен кездестік. Жаңа ережелерді тестілеу жұмысы жүргізілуде. Қазір ережелер жасалып, біздің сайтқа жарияланды. Кең талқылаудан өтуде. Əрине, мұнымен келіспейтіндер де бар. Тиімсіз субсидияларды алып тастап жатырмыз. Кей жерде басқа субсидия арттырылуда», - деді Шөкеев.
Министрдің айтуынша, ведомство келешекте «жасыл кəрзеңке» жүйесіне маңыз бермек.
«Яғни, келімен немесе тоннамен есептелетін несилер алынып тасталып, несиесі азайтылатын, инфрақұрылым жасауға қауқарлы, нарықтың бағасына əсер ете алатын субсидияларға маңыз беріледі. Бірақ бұл келешекте атқарылатын жұмыс. Өткен жылы субсидияның 65 түрінен 11-і алынып тасталып, 54-і ғана қалды. Тағы да 15 субсидияны қысқартуға болады. Гектар бойынша мақта, күріш, жем-шөпке берілетін субсидияларды қысқартамыз. Бұл ретте пікір жарыстырудың қажеті шамалы», - деді министр.
Өмірзақ Шөкеевтің айтуына қарағанда, ниет білдірушілер субсидияны ала отырып, өнімділіктің тиімділігі үшін күресе білуі керек.
«Біз еңбек өнімін арттыруды жігерлендіре білуіміз керек, бірақ субсидияларды бүгін бірден қысқартып тастауды көздеп отырған жоқпыз. Бүгін жарияланған ережелерде мұндай бірден енгізілетін шаралар жоқ», - деп қорытындылады сөзін Өмірзақ Шөкеев.