Үй шаруашылығы мен тұрмыс – адам тіршілігінің айнымас бөлігі. Ал үй-жай, қоныс, баспана, пәтер – адамның өмір сүруінің, тіршілік кешуінің басты шарты. Тұрмыс алғашқы кезекте адамның үй-жайынан, үй шаруашылығын жасаудан, үй-қорған мәселесін шешуден басталады.
Қазақ түсінігінде үй адамның өзін-өзі еркін ұстайтын, сезінетін орны. Әр адамның өзі үйі, әр отбасының өз қонысы, әр ауылдың өз ордасы болуы қажет. Үй – бұл кеңістік. Қазақ танымында әркімнің өзі туып-өскен үйі біреуге қораш болса да, өзіне жайлы, көзіне ыстық, жылу, жанына жақын. Әрбір бұрышы мен әрбір керегесі, әрбір терезесі үй иесіне сондай таңсық, сондай жылы, шуақты. Хан сарайындай үйге келсе де, қонысы жақын көршінің үйіне кірсе де, адамның өзін еркін ұстауы неғайбыл. Ал өз үйіне келсе, шалқып сала береді.
Сол себепті, қазақ халқы үйді адам тұрмысының басты көрсеткіші, бастамасы ретінде санайды. Бірінші кезекте, үй – адамның өзін еркін ұстайтын кеңістігі, өмір сүру ортасы, жеке бастың қорғанышы. Әркімге өз үйі – алтын діңгек. Үй – қасиетті ошақ, тіршілік тұрағы. Осыдан келіп әр адамның, әр отбасының өз үйі болуы тиіс деген тұжырым шығады:
1) Үй – жеке меншік, әр отбасының, әр адамның өзі үйі болады: Басқа үйдің жығуын білсем де тігуін білмеймін; Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім! Өз үйім – өлең төсегім; Қаузанып шығар үйің болса ордадағы, Қоғамшыл қарияң болса қорғандағы; Мұржасы қисық болса да, түтіні тұзу шығады; Салқын үй, салулы төсек;
2) Қазақ танымында үй адамның дұрыс тұрмыс кешуіне, тіршілік жасауына қажетті басты шарт. Үйі жоқ адам қайыршы, тұрмыссыз, бейшара саналады. Тұрмысы жақсы адамның үйі де жақсы, зәулім, жиһазды келеді. Үйі бар адам ғана тұрмысын, тіршілігін ойдағыдай жасай алады. Үйі жоқ адамның тіршілігі де тұлдыр, көңілі де күпті келеді.
Сондықтан үй – тұрмыстың бірінші шарты: Үйі бардың күйі бар, үйі жоқтың күйі жоқ; Үйің болса, күйің болады; Үйі жоқтың көңілінде алтын сарай жүреді; Үйі жаманның күйі жаман; Үйден озған түзде озар; Жатар орын – жарты құрсақ; Түтін шыққан үй жылы.
3) Қазақ танымында үй – ас беретін, ас дайындайтын, дастархан жаятын, төрге тағам тартатын орын. Үй болған соң, оның тағамы да, асы да болғаны дұрыс. «Әр үйдің дәмі бөлек» деген түсінік бар. Үй – бұл құт-берекенің, ошақ-қазанның, ас-судың, тағам-арқаудың, дәм-тұздың орны. Қазақ түсінігінде ассыз үйдің болуы мүмкін емес.
Үй дегеніміз – ас: Атасыз үй болса да, ассыз үй болмайды; Асы жоқ үйді ит те сүймейді; Қымызы жоқ үйдің қызығы жоқ.
4) Қонақжай халық болған соң қазақ жұрты үйін өзінің жеке мекені деп емес, қонақ түсетін, оны күтетін орда ретінде қабылдаған. Сондықтан үйінің барынша сәнді, берекелі болғандығын қалаған. Қонақ күтетіндей жағдайын жасаған. Қара бастың қамын емес, қонақтың қамын ойлап, қал-қадірінше күткен. Үйден қонақтың арылмағандығын тілеген. Қонаққа суық қабат танытпаған. Қазақ халқы қанша ренжулі болса да, құдайы қонақ келгенде еш уақытта өкпесін айтпаған, ашуын білдірмеген.
Үйің – қонақтікі: Би болмасаң болма, би түскендей үй бол; Ішілмеген ас умен тең, кісі кірмеген үй көрмен тең; Құс жеткен жеріне қонар, Қонақ қалаған үйіне қонар; Малымды алсын, қонағымды алмасын; Қуыс үйден құр шықпас; Үйіңе қонақ келсін, алыстан сұрап келсін. Үйі аппақ екен деп оңаша үйге түспеңіз.
Қонақ та тұрмыстың бір бөлшегі: Қонағын сүймеген баласын ұрады я үйін сыпырады.
5) Үйдің берекесін келтіруші иесі – әйел. Ғаламның тілдік бейнесінде "жақсы әйел" ер адамның жақсы қасиетін асырып, жаман қасиетін жасырып, отбасының түтінін түтетіп, үйдің берекесін, ырысын молайтатын жан екені сипатталады. Мал өсіруге, егін егуге қатысты шаруаларды ер адам атқаратын болса, ас-тамақ дайындау, киім-кешек тігу, жіп иіріп алаша, кілем тоқу, жүн сабау, киіз басу, өзге де тұрмысқа қажетті бұйымдарды тігу, мал сауу, кір жуу, үй жинау, көшіп-қонған кезде тең буып, оны шешу, үй жығып, оны тігу, жас балалар мен қартайған ана-енеге қарау тәрізді үй ішінің ұсақ-түйек шаруасы әйел адамның мойнында болған.
Үй болған соң, оның иесі әрі асыраушысы болуы қажет. Қазақ түсінігінде әйел адам үйдің қызметін жасаушы, ал ер адам түздің шаруасын жасаушы жандар. Әйел және үй тіршілігі өзара бірігіп жататын шектер. Әйел үйдің шаруасын жасаушы қызметші ретінде ғана емес, үйдің тірегі, отбасының анасы, шаңырақтың берекесін келтіруші жан ретінде қабылданады. Әйел адам ошақ қайната отырып үйдің көркін келтіреді, мейірімімен, қамқорлығымен үйдің жылуын келтіреді. Әйел – ердің табысын ұқсатушы, берекесін келтіріп жұмсаушы, сол арқылы үйдің тұрмысын жасаушы тұлға.
6) Қазақ мақал-мәтелдерінде үй шаруасы әйелдің айналысатын тіршілігі екені көрсетілген.
Үй шаруасы әйелдікі: Әйелдің қаруы – ожау; Қатын ашуланса қазан қайнатар.
Әйел – үйдің тірегі, ұйытқысы: Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі; Еркек үйдің иманы, әйел үйдің жиғаны; Жақсы әйел – үй дәулеті, Жақсы шапан – той дәулеті; Әйел қырық шырақты; Асыл жар ердің дәулеті; Әйел – үйдің көркі; Қатыны жоқ үй – жетім; Анасыз үй – панасыз. Әйел өлсе, үйің кетеді, басыңнан күйің кетеді; Әйелі жоқ үй – жетім; Сиырдың сүті болсын, әйелдің ісі болсын; Сиыр су тастамайды, қатын үй тастамайды; Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады.
7) Үйдің жақсы не жаман болуы үйдің иесі – ошақ қайнатушының (әйелдің) мінез-қылығына да байланысты. Жақсы әйел үйдің жылуын толтырушы, береке сәнін әкелуші, үйді сақтаушы жан ретінде қабылданса, жаман әйел үйдің берекесін ысырып, құтын қашырушы адам ретінде қабылданады. Әйел жақсы болса үйдің тіршілігі де оңды, жаман болса үйдің тірлігі мен тұрмысы да көріксіз болады.
Жақсы әйел – үйдің берекесі: Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс; Жақсы әйел асын жасырмайды; Жақсы қатын жолдасын жоқтан құрап тойғызар; Жақсы болса алғаның үйіңнен кісі кетпейді; Жақсы әйел жарым ырыс;
8) Жақсы әйел болған соң, оның қарама-қарсы тұсы – жаман әйелдің болуы заңды. Жаман әйел қазақ түсінігінде үйдің, тұрмыстың нашарлығын сипаттаушы белгі ретінде танылады.
Жаман әйел – үйдің, тұрмыстың кесапаты: Бастас қатын – астас; Жаман әйелдің мінезі қиық келер; Олақ әйелдің тіршілігі бітік келеді; Салақ қатын тұтқышқа жарымас; Олақ қатынның арманы оймақ; Жаман қатын бейнет; Басқа келген бақты қырсықты келін, кесірлі бала қашырады; Олақ қатын ұл туса, я шүмегі жоқ, я түбегі жоқ; долы қатын жылауық, сұғанақ қатын сұрауық; Олақ қатын оймақшы; Қатын көп болса шөмішті ит жалайды; Жаман қатын төсегінен белгілі; Жанбаса отын жаман, жаға алмаса қатын жаман; Жаман қатын байына жалғыз атын сойғызар; Алғаның жаман болса, мейманың кетеді; Жаман әйел алғанның жауы үйінде; Жақсы болса алғаның үйіңнен кісі кетпейді; Үш күндігін ойламаған әйелден без; Салақ қатын тұтқышқа жарымас; Жаман әйел үй бұзар; Жаман әйел үйдің ішін тұмандатар;
9) "Үй – отбасы" микроконцепциясы. Қазақ түсінігінде үй отбасы деп қабылданады. Сондықтан үй шаңырақ, әулет, отбасы, жанұя ұғымдарымен бірлесіп қолданылады. Үй жанұя болған соң оған үйдің иесі – әке, үйдің тіреуіші, тұрмысты құраушы – ана және үйдің базары – бала енеді. Қазақ танымында, бала – өмірдің мәні, тұрмыстың бастаушысы. Қазақ халқы бар жиған-тергенін, тұрмыс-дәулетін бала, ұрпақ үшін жинаған. Баланың үйде болғанын, оның мол болғанын қалаған.
Бала – үйдің қызығы: Балалы үй базар, Баласыз үй – мазар; Итпен ойнасаң үрерсің, баламен ойнасаң күлерсің; Алты жастағы бала атқа мінсе, Алпыстағы шал алдынан шығар; Үйің үйің-ақ екен, ішінде ойнайтын балаң болса; Баласы бардың өзі ойнар, балтасы бар қолы ойнар.
10) Қазақ халқы өмірге ұрпағым жалғасса, ізбасарым келсе деп армандайды. Сондықтан балаға ең бірінші, ұрпағын жалғастырушы, бар байлығы мен мүлкіне, тұрмыс жағдайына ие болушы мұрагер ретінде қарайды.
Бала тұрмысты жалғастырушы, ер бала – ұрпақ жалғастырушы: Атадан бала туады, Атасының жолын қуар; Ата өліп бала қалса, мұратына жеткені; Жаман да болса ұрпақ қалсын, – Өз орныңда отың жансын; Қатын қалса бай табар, Бала қалса мал табар; Ер бала он бесте отау иесі; Ер бала ата-анаға таяу, қыз бала үйге жаққан бояу; Мал балада қалды;
Балаға дүние табуды, тұрмыс құрауды, еңбек етуді үйрету әрі ата-ананың міндеті. Ата-ана өзінің тұрмысын жалғастырушы ұрпаққа оны қалай дөңгелетіп әкетудің жолын, ата кәсіппен айналысудың тәсілдерін меңгерте отырып, әке тұрмыс-тіршілігінің иесі ретінде тәрбиелеп шығарады.
Баланы мал табуға тәрбиелеу қажет, үй шаруасына үйрету керек: Мал таппас бала болмас құрарын айт; Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас;
Дегенмен, тәрбиені дұрыс алған ұрпақ бар да, санасыз қабылдаған ұрпақ бар. Саналы ұрпақ әке тұрмысын игілікпен жалғастырады, еңбек етуге, тұрмыс құрауға бейім келеді.
Жақсы ұрпақ жақсы тұрмыстың иесі, асыраушы: Аталы ұл – қожалы құл; Болар бала боғынан; Жақсы бала қонаққа үйір; Жауатын күн – ыстық болады, Болатын бала – пысық болады; Балаң болса, шоқ болсын, шоқ болмаса, жоқ болсын;
Ал санасыз ұрпақ әкенің қалдырған тұрмысына немқұрайлы қарайды әрі өзінің де тұрмысын жақсарта алмай әлек болады. Атаның тұрмысын жалғастыра алмаған ұрпақ жетесіз келеді.
Жаман ұрпақ – тұрмыссыз: Талабы жоқ жас ұлың, жалыны жоқ шоқпен тең; Атадан жаман ұл туса, елдің малын жейді;
Қазақ түсінігінде жақсы ұрпақ – бұл әкенің тұрмысын, ата кәсібін, шаруашылығын жалғастырушы, шаңыраққа ие болушы тұлға болса, жаман ұрпақ – атаның кәсібін де жалғастыра алмайды әрі өз ісін де жүргізе алмайтын адам ретінде сипатталады.
Жаман бала тұрмысқа енжар келеді: Атаның жаман ұлы малға ортақ әрі үйлі жанға ортақ.
Одан бөлек, көбінде бала жас кезінде шаруаны істеуге ыңғайсыз, епсіз келеді. Мұны да мақал-мәтелге сыйдыра білген.
Бала шаруаға икемсіз келеді: Бала, баланың ісі шала; Тайдың мінгені білінбес, баланың істегені білінбес.
Сонымен қатар, қазақтың түсінігінде әр баланың өз несібесі, берілген тұрмысы, нәпақасы бар деген таным бар. Сондықтан баланың көптігінен, отбасының кеңдігінен бас тартпаған.
Әр баланың өз несібесі бар: Бала өз нәпақасын ала туады.
11) Қазақтың танымында үйің қандай болса, тұрмысың да сондай деген жасырын таным бар. Бұған келесі мақал-мәтелдер мысал бола алады.
Үйіңе, қонысыңа қарай тұрмысың қалыптасады: Қонысқа қарай мал өсер, ырысқа қарай ұл өсер; Өрісі жуық от оттайды, ауылы жуық ас ішеді; Қоныстан көшкен ел оңбас, өрісі ауған мал оңбас.
Үйің үлкен, қоныс кең болса, тұрмысың да жайлы болады. Кейініректе қазақ халқы мал бағумен айналысқандықтан, малдың ауқатты болуы да оның өрісіне, жерінің шүйгініне байланысты болатын. Сондықтан үйің қоныс тепкен мекеннің өрісі малыңның семіз болуына, көп болып өсуіне әсер етеді. Ал семіз мал мен шұбырған мал қашанда бақуаттылықтың, тұрмысы жайлылықтың белгісі болған.
Сондықтан бұл жерде үй – тұрмыстың кеңістігі болып отыр.
12) Қазақ мақал-мәтелдерінде тұрмыс лексемасы қолданылмаған болса да, тұрмыс концептісінің кеңістігіне енетін шаруа, іс, кәсіп, дәулет ұғымдары үлкен орын алған. Мақал-мәтелдерде де шаруа, іс пен кәсіптің дәулетті құрайтындығы, тұрмысты қалайтындығы анық айтылады.
Қазақ танымында, ер адам түздің, еңбектің адамы болғандықтан, оған тұрмысты құраушысы, нәпақа табу міндеті жүктелген. Сондықтан тұрмысты ең алдымен ер адам түзейді. Ауқат арттыру, тұрмысты түзеу, харекет қылу – ер адамның табиғи міндеті. Қиындықтан шығар жол іздеу, үй-ішін асырау, тұрмыстық жағдайды жақсарту, мал тауып, жан бағу әрбір ер адамның өмірлік парызы. Сол себепті ер адамның істі, ақылды болғандығын, шаруаға бекем болуын қалаған қазақ халқы.
Ер адам тұрмыстың құраушысы: Кәрі келсе асқа, Жігіт келсе іске; Атасыз үй – батасыз.
Жақсы жігіт тұрмысшыл, епті, икемді, дәулетке бейімді келер: Тәуір жігіт ақылына сендіріп іс қылар, Жаман жігіт оп-оңай істі күш қылар; Үш айлығын ойламаған еркектен без; Жігіттің күшін сұрама ісін сұра; Жалықпаған жау жеңеді.
Жаман жігіт есепшіл, пайдакүнем: Жаман жігіт есебінен белгілі; Жаманға олжа түссе, бөлісе алмай көпке түседі; Жаман ешнәрсе біле алмайды, жұмсасаң тіл алмайды, өзі біліп пайдасын біле алмайды; Қырсыққан жігіт мал таппас; Жаман жігіт – еріншек, жаман жылқы – шегіншек; Жалқаудың жауы – жұмыс; Жалқау өзіне – жау; Жалқау тек жатар, жатқанның ырысы қашар.
Келтірілген мысалдардан қазақ халқы үшін үй ұғымының мәні тереңде жатқанын, оның тұрмыс-тіршілік пен өмір философиясына дейінгі жалғасып жатқан бүкіл өміршең құбылыстың бастауы санайтынын байқаймыз.
Фото: yandex.kz
Қ. Слямбеков
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz