Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде-кім намазға жалқаулық етіп, немқұрайлы қараса, ол адамға Алла тағала 15-түрлі жаза береді. Олардың 6-уы осы дүниеде. 3-уі өлер кезде қабірде. 3-уі қабірден шыққан соң», - делінген.
Осы дүниеде алатын 6-жаза:
1. Ол кісінің дүниесінде, өмірінде береке болмас.
2. Алла Тағала ол кісінің жүзінен нұрын кетірер.
3. Істеген істеріне сауап жазылмас.
4. Алла Тағала ол кісінің дұғасын аспанға көтермейді.
5. Осы дүниеде адамдар арасында абыройсыз болар.
6. Ол кісі үшін біреудің еткен дұғасы қабыл болмас.
Жан тапсырар кездегі 3 жаза:
1. Жан тапсырар кезде қатты қиналар.
2. Барша дүниенің тамағын берсең де аш болып өлер.
3. Дүниедегі бар теңіздің суын берсең де, сусап, шөлдеп өлер.
Қабірде көретін 3 түрлі жаза:
1. Қабірі тар болар.
2. Қабірінің іші от болар.
3. Қабірде «шужағу-л ақрағ» деген жылан шағып азаптар.
Оның көзі оттан, тырнағы темірден, тырнағының ұзындығы бір күндік жолдай, даусы күркілдеген күндей қатты болар. Ол айтар: «Алла Тағала сені таң намазын оқымағаның үшін бесін намазына дейін, бесін намазын оқымағаның үшін аср намазына дейін, аср намазын оқымағаның үшін шам намазына дейін, шам намазын оқымағаның үшін құптан намазына дейін тұрып азаптауды бұйырды». Азаптаушы жылан әрбір ұрғанында күнәһар адам алпыс қарыс жердің астына дейін кіріп кетер. Жылан тырнағын қайта суытып алып, қайта ұрар. Осылайша қиямет күніне дейін намаз оқымаған адамды азапқа салар.
Қиямет күні көретін үш түрлі азабы:
1. Ол кісінің жүзін қатты отқа күйдірер.
2. Есеп-қисап берер кезде Алла тағала ашулы көзбен қарар.
3. Алла тағала ол кісіге қатты есеп қылар да, тозақ отына тастауға әмір етер.
НАМАЗ ОҚЫМАҒАН ЖАННЫҢ ҮКІМІ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?
Намаздың ақылды, балиғат жасына жеткен, хайыз бен нифастан тазаланған мұсылмандарға парыз екені жайлы ауызбірлік бар. Намаз бен ораза секілді тәндік ғибадаттарда өкілдік іске аспайды. Намаздың парыздығын теріске шығарған діннен шығады. Өйткені, намаз айқын аят, хадис және ижмағ дәлелдерімен анықталған. Жалқаулық, немқұрайлылық себебімен намазды тастаған күнәкар және пасық болады.
Намаз оқымау – дүние мен ақырет азабына себеп. Ақыреттегі азап туралы Құранда былай айтылады: «Олар жәннатта тұрып күнәкарлардан: «Сақар жаһаннамға түсулеріңе нендей себеп болды?» – деп сұрайды. Сонда олар: «Біз намаз оқымайтын едік», – деп жауап қатады»109. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Әдейі намазды тастаған адамға Алла пен Пайғамбардың көмегі болмайды»,110 – дейді. «Кімде-кім жұма намазына немқұрайлылықпен қарап, оны үш рет тәрк етсе, Алла Тағала оның жүрегіне мөр басады».111
Имам Ағзам мәзһабы бойынша, жалқаулық жасап, намазды тастаған адам, намаздың парыздығын теріске шығармайынша, діннен шықпайды. Бірақ күнәкар, пасық болады. Оған намаз жайлы ескертіліп, насихат етіледі немесе тәрбие үшін жаза беріледі112.
Кімде-кім намазын ұмытып немесе ұйықтап қалса яки жалқаулықпен оқымаса, сол оқымаған намаздарының қазасын міндетті түрде оқиды. Хадисте: «Кімде-кім ұйықтап қалып, ұмытып намазын оқи алмаса, еске түскен сәтте дереу оқысын».113
Намаз – өте маңызды мәселе. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қиямет күні адамның алғаш есепке тартылатыны – парыз намазы. Егер осы намазды толық орындаса, неткен тамаша?! Керісінше жағдайда: «Қараңдар, нәпіл намазы бар ма екен? Егер нәпіл намазы болса, парыздардың кемістігін осы намаздармен толтырыңдар. Бұдан кейінгі басқа парыздар да дәл осылай жасалады», – деп айтылады114.
«Намаз – жүрек пен рухтың тынығуы, ар-ожданның сейіл құруы. Әркімнің әлсіздігі мен құмарлығы бар. Аллаһ Елшісінің аса ынтық құмарлығы намазға арналған еді»115. Сол үшін де әрбір намаздың уақытында Біләлға қарап: «Біләл, жанымызды рақатқа бөле! (Жансарайымызды кеңейтші!)»116, – дейтін. «Намаз – көзімнің қарашығы»117, – деуі осы ерекшелікті көрсетеді.
Сондықтан, біздің жәннатқа кірген кезде сезінетін ғажайып сезім мен қуанышты Аллаһ Елшісі әрбір намазын оқығанда сезіп, келесі намазды аса ынтық көңілмен күтетін. Намаз – адамды миғражға һәм толық адам шыңына жету жолдарын көрсетіп, жөнге салатын маңызды ғибадат. Ол – мұсылманның миғражы. Намаз – діннің тірегі118. Дін кемесін намаз жүргізеді. Онсыз мүмкін емес. Намаз өзі жекелей ескертуші болуымен қатар, оның орындалуы да дәл солай ескертуші ретінде іске асуы керек. Адам намазын жүрегі мен сезімдерін барлық нәрселерден аулақ ұстап, оқуы қажет. Сол үшін адамның дәрет қысқан сәтте намаз оқуы жақсы саналмаған119. Иә, адам ойын осындай нәрсе мазалаған шақта намазға тұрмағаны жөн. Сол сәтте адамның ойы екі нәрсені ойлайды. Ал мұндай жағдайда адам көбінесе маңызды нәрселерден айрылып қалады. Сонымен қатар, мұндай бір жағдайда намаз оқу – намазды төмен санау. Өйткені, ол дереу өткізіп жіберетіндей жеңіл іс емес. Жеңіл-желпі оқи салатын жағдай емес, керісінше өмірімізді нұрландырып, рақатқа бөлейтін екі дүние игілігі.
Жүрекпен, ыстық ықыласпен намаз оқу үшін жасалатын барлық дайындықтар да дәл намаз оқу секілді сауап әкеледі. Сол үшін адам әуелі артық нәрселерді тастап, намазда өзін алаңдататын барлық нәрселерден бойын аулақ ұстап, намазға ықыласпен тұруы тиіс. Намазға тұру сәтіне дейін болған барлық сатылар сол адамға сауап ретінде жазылады. Оның ниеті – алаңсыз беріліп намаз оқу. Ал мұсылманның ниеті – жасаған ісінен жақсы120. Көз салайық. Басқа жандар осы қажеттіліктерін жасағанда тек қажеттілігін іске асырумен ғана шектеледі, ал мұсылманның әжетханаға баруы да сауап әкеледі. Дәрет алудан бұрын бірнеше қадам жүруі де, дәрет алу үшін аздап кідіруі де оған сауап.
Қажеттіліктің өтелуі мен дәреттің алынуы адамды рух жағынан намазға дайындауы тұрғысынан өте маңызды. Мейлі, бұл дәрет мүшелерінің жуылуы кезінде денедегі қозғалыстың бағыт ауыстыруы, мейлі басқа да айтып түсіндірген себептер болсын, нәтиже өзгермейді. Мұсылман дәрет алған кезде, бұл секілді пайдаларды ескеріп, ойлап та жатпайды. Ол дәретті не үшін алса, тек қана соны ойлайды. Ойлаған нәрселердің арасында ең бірінші кезекке намазды қояды.
Дәрет үшін дайындық – ескертудің біріншісі, дәрет – екіншісі. Содан кейін азан айтылып, үшінші рет намаз оқуды ескертеді. Негізінде дәрет алып жатқан кезде һәм дәреттен кейін сүннет ретінде қалған суды ішу, дұға оқу секілді сүннеттерді орындаған кезде адамның жан-дүниесі мен рухы әрқашан ақырет әлеміне кіреді. Артынша бұған сүннет намазы қосылған кезде, адам парызды оқуға толық дайын тұрады.
Иә, парыз намазға жасалған дайындығымыздың барлығы бізді жан дүниемізбен шынайы беріліп, бейне бір Аллаһты көріп тұрғандай намаз оқуға шақырады. Алдымен мұнаралардан жаңғырып, Аллаһтың ұлылығын әлемге паш еткен сол бір дауыс көңіл-күйімізді толқытып әкетіп, біз Аллаһтың ұлылығын жүрегімізбен сеземіз. Баратын мешітке жетуге асығып, қадамдарымызды мығымдай бастаймыз. Осылайша азанмен, жырақтан келген шақыруға жауап бергендей қозғалысымызды арттыра түсеміз. Азан бітуге таянған сәтте біз де еріп кете барамыз. Мешітке барып нәпіл намазға тұрамыз. Біз бейне бір нәпіл намазымызбен бет бұрып, Раббымызға былай деуді қалағандаймыз: «Аллаһым, арқашан жүзімді саған бұрайын. Іздегенімді сенен табайын… Сені көріп, Сені естиін. Әрқашан жатсам да, отырсам да, тұрсам да есімнен кетпей Сені ойлайын, Сені зікір етейін. Өйткені, Сенен өзгеге бет бұру, басқаларды көру, басқа нәрселермен айналысудың бәрі де түгел бос әурешілік. Мен бос нәрселерден қашып, өте маңызды бір нәрсеге жүзімді бұрамын». Нәпілде мұншама тырысып, Хақтың есігін қағып, парызға түгелдей саналы түрде бас қоюға тырысу – парызға терең көңіл қою үшін өте маңызды. Дәрет әсер еткен еді. Азан да әсер етті. Нәпілмен де үшінші қадамды аттадық. Міне, дәл осы кезде, қоңыр даусымен азаншы ыстық ықыласымен Аллаһқа бет бұрып, тәкбір айтады. Бұл бізді қатты толқытуға себепкер ең соңғы әсерлі де нұрлы сөздер еді. Дәл осы сәтте адамның жан дүниесі толқып, Аллаһ Тағалаға түгел беріліп жүзін бұрып, «Михрабым қайдасың» деп іштей терең жылай алмаса, ол адамда нұқсандық бар. Азаншы тәкбір айтып, Аллаһтан басқа адамды мазалайтын барлық нәрсеге соңғы рет соққы беріп, құл «Аллаһу әкбар» деп намазға оймен кіріп, рүкуғке, сәждеге барған кезде де осы сөзді қайталап айтады. Осылайша намаздың әрбір басында Раббтың ұлылығын, өзінің кішілігін паш етіп: «Раббым, Сен ұлысың, мен болсам кішімін», – деп Оның алдында толық құлшылық санасымен бас иіп, терең ойға батады».121
109 Мүддәссир, 74/40-43.\
110 Бухари, Мауақит, 15, 34; Насаи, Салат, 15.
111 Насаи, Жума, 2; Тирмизи, Жума, 7; Ибн Мажа, Иқама, 93.
112 Ибн Абидин, I. 32.
113 Әбу Дәәуд, Салат, 11, Ибн Мажә, Салат, 10, Насаи, Мауақит, 53.
114 Әбу Дәәуд, Уитр, 2; Насаи, Салат, 6; Дарими, Әбу Мухаммәд ибн Абдуррахман, Сунән, Египет. т. Салат, 208; Малик ибн Әнас, Муатта, Египет, Салату, л-Лайл, 14.+
115 Мәжмау, з-Зәуәид, 2/271.
116 Әбу Дәәуд, Әдәб, 87; Муснәд, 5/364-371.
117 Нәсәи, Нисә, 1; Муснәд, 3/128.
118 Кәнзул-Уммал, 7/284.
119 Ибн Маже, Таһарат, 114; Муснәд, 5/250.
120 Мәжма'уз-Зәуәйд, 1/61, 109.
121 М. Фатхуллаһ, Мұхаммед пайғамбар − ғаламның рақым нұры. Дәуір баспасы, Алматы, 2004 ж. (ауд: Ахмет Әшен)