Мәуліт келді, ағайын! Мәуліт келді!
Мәуліт келді, ағайын! Мәуліт келді!

Исі мұсылман жұрағаты Алла Елшісі (с.а.у)-ның туылған күніне орай əрбір жылы рабиғул-аууали айының 12-жұлдызы күні (биыл 2015 жылдың 23 желтоқсан) мəуліт мерекесін тойлайды. Бұл мереке Хақ Елшісіне деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағаны белгілі. Мəуліт мерекесі Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның дəуірінде дəстүрлі түрде тойланбағанымен, сахабалар екі дүниенің сəруары дүниеге келген күннің құрметіне ауыз бекітетін. Абдуллаһ ибн Аббастың айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у) Мəдинаға келгенiнде еврейлердiң ораза тұтқандарын көрiп, мұның мəнiсiн сұрағанда, олар: “Бұл күннiң маңызы зор. Алла бұл күнi Мұса (с.а.у)-ның қауымын құтқарды. Перғауын мен оның патшалығын жойды. Мұса (с.а.у) осы күнi шүкiршiлiк ретiнде ораза тұтты. Бiз де сол үшiн ораза тұтамыз” деп жауап бередi. Осы шақта Пайғамбарымыз (с.а.у) “Мұсаға сiздерден қарағанда бiз жақынбыз” деген болатын. Осыған орай мұсылмандар да Хақ Елшісі (с.а.у)-ның дүние есігін ашқан күні ораза ұстап, адамзаттың асыл тəжі болған Мұхаммед (с.а.у)-ға салауат айтатын. Өйткені, оның (с.а.у) дүниеге келуімен адамзат баласының арайлы таңы атып, қараңғылықтың пердесі серпіліп, надандықтың көбесі сөгілген еді. Сонымен Мəуліт мерекесінің мəнісіне үңілсек...

 

Мәуліт пайғамбарға деген сүйіспеншіліктен туындаған

Ислам тарихында ең алғаш рет Мәуліт мерекесін тойлау Алла Елшісі (с.а.у)-ның дәуірінде көрініс тапты. Ол кезеңде Мәуліт мерекесі үшін арнайы іс-шаралар қолға алынбағанымен, мұқым мұсылман жұрағаты Хақ Елшісін (с.а.у)-ды құттылық пен берекеліктің қайнар көзі санап, Мұхаммед (с.а.у)-ды ұдайы ұлықтайтын. Мұхаммед (с.а.у)-ның нұрлы ажары мен парасатты болмысы кім-кімнің болса да назарын өзіне аудартпай қоймайтын. Әсіресе, Алла Елшісі (с.а.у)-ның соңынан ерген сахабалар Хақ Елшісінің әрбір сөзі мен қылығынан терең тағылым алатын. Оларға Мұхаммед (с.а.у)-ның жылуарын сезінуден асқан бақыт жоқ еді. Тіпті, сахабалар ішкен асын жерге қойып, оның (с.а.у) өнегесін өзгелерге паш етуге асығатын. Алла Елшісі (с.а.у)-ның атын естігенде бойын түзеп, ойын жинақы ұстап, қуанғанынан Оның (с.а.у) атына ынты-шынтымен қаздай шулап салауаттар айтатын. Аузы дуалы ақындар мен шешендер көркем сөзден өрнек өріп Алла Елшісі (с.а.у)-ға арнап бәйіттер оқитын. Мұхаммед (с.а.у)-ның есімін естігенде жылаған жандар уанып, қамқұн болған көңілдер қуанатын. Ол (с.а.у) бейне қанатымен су сепкен қарлығаштай қалың бұқараның қамын жейтін. Хақ Елшісі (с.а.у)-ның өз ортасына игі ықпал еткені соншалықты, мұсылмандардың жүрегінде Мұхаммед (с.а.у)-ға деген саф сезім атқақтап тұратын.

Иә, Алла Елшісін (с.а.у) жақыннан танып білгендер оны ардақ тұтып, оны қатты жақсы көретін. Қанша ғасырдан бері Хақ Елшісінің (с.а.у) өзіне баурап алатын рухани тартылыс күшіне дүйім жұрт сәмбі талдай иіліп, Оған деген махаббаты атойлап, Хақ жолына қалтқысыз қызмет етуде. Ғалам тарихына көз салсаңыз, Пайғамбарымыз (с.а.у)-ға көрсетілген құрметтің басқа ешкімге көрсетілмегеніне көз жеткізесіз. Алла Елшісінің (с.а.у) өмір сүрген дәуірінде оны өз көзімен көрген бақытты жандар (сахабалар) болды. Бір кезеңде Оны көргендерді көру арқылы бақытқа (табиндер) қол жеткізіп, соларды көзімен көруге ынтыққан (таба-табин) толқын да күн кешті. Бұл Алла Елшісі (с.а.у)-ның: «Адамзат баласының ең жақсы кезеңі — менің өмір сүрген ғасырым, одан кейінгі жақсы кезеңдер — мен өмір сүрген ғасырдан кейінгі ғасырлар» дегенімен үндесуде.

 

Ұлы реформатор...

Пайғамбарымыз (с.а.у) жамандық атау-лы жер бетін жайлап алған қараңғылық дәуірінде дүниеге келді. Надан арабтардың азғынданғаны соншалықты, жас балаларды тірідей жерге көметін. Кейбір тайпалардың дәстүрінде жалқыға тиісті (әйелдер) құндылықтар бәріне ортақ саналатын. Алла Елшісі (с.а.у) осындай тұрпайы тобырдан адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған әділеттілікті һәм ар мен ұятты ұлықтаған, мейірімділік пен қайырымдылықты заңдылыққа айналдырған, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған жерұйық қоғам жасады. Сондықтан, Мұхаммед (с.а.у) оның өмір сүрген қоғамын, оның дәуірін ешқандай бір реформатормен, ешқандай бір қоғаммен, ешқандай бір тарихи кезеңмен салыстыруға келмейді. Пайғамбарымыз (с.а.у) адамзат тарихында теңдессіз тұлға-тын. Оның (с.а.у) тұлғасы несімен ерекшеленеді дегенде, ол өз дәуірінің ірілі-ұсақты барлық мәселелеріне реформа жасаған еді. Өзі танып білген барлық адамдардың көңіліне қуаныш ұялатып, жүректеріне гүл екті. Тіпті, әрбір науқастың қалін сұрап, көңіл айтуды да ешқашан ұмыт қалдырған емес. Сол шақтағы күллі рухани сырқаттардың ем-шипасын жасап, артынан өзінің өкшесін басар исламдық үрдісті жалғастыратын кемелді ізбасар буынды тәрбиелеп қалдырды. Кезінде Рим мен Грецияда және өзге де елдерде үлкен өзгерістер болды. Алайда, бұл елдердегі үлкен өзгерістерде ізгілікпен қатар кейбір салаларда кері кетушіліктер де орын алып, адамгершілік құндылықтар аяққа тапталды. Бұл ұлы өзгерістерде саяси-экономикалық ілгерілеумен бірге, зорлық-зомбылық пен қиянаттың небір түрі орын алып, адамзат баласының көз жасы көл, қаны судай болып ақты. Ал, екі дүниенің төресі болған Алла Елшісінің (с.а.у) адамзат қоғамына әкелген илаһи түзімі мейірімділік пен рақымдылықтан тұратын. Құран-Кәрімде: «Біз сені бүкіл әлемге рахым етіп қана жібердік» (Әнбия, 106) деп бұйырылған. Алла Елшісі (с.а.у) бұл илаһи пәрменді өзінің өнегелі ғұмырымен сәтті һәм салтанатты түрде жүзеге асырды. Ол (с.а.у): «Мен лағынеттеуші емес, рақым етуші етіп жіберілдім» деген болатын. Оның (с.а.у) соңынан ергендер алғашқыда қайғы-қасіретке душар болғанмен, ол көшбасшы болған мұсылмандық қозғалыстың нәтижесінде араб қоғамында қараңғылық пен қарадүрсінді еңсеріліп, ар мен әділетті ту етіп ұстаған кеуделі қоғамды құрылды. Аллаһ Елшісі (с.а.у) Меккені азат еткенде, мұсылмандық қозғалыстың ең қас дұшпаны болған меккелік Құрайыш мүшіріктерін «Барыңдар, бүгін барлығың азатсыңдар, ешкім де жауапқа тартылмайды» деп, асқан дегдарлық танытып, оларды өзінің мейіріміне алды. Алла Елшісі (с.а.у) қалаған болса, меккелік мүшіріктердің өзіне көрсеткен қорлығы мен құқайының қарымтасын қайтаруға қақылы-тын. Бірақ, Алла Елшісі (с.а.у) Құранда бұйырылған өзінің бітім-болмысына сай, әрбір істі мейірім мен рақым және парасат-пайыммен шешуді таңдады.

Дәуіріміздің кемеңгер ойшылдары Пайғамбарымыздың (с.а.у) өнегелі өміріне былай деп баға береді: жүздеген данышпан адам Араб түбегіне барған болсақ, бүгінгі күннің соншама жетістіктеріне қарамастан, адамзаттың мақтан тұтар тұлғасының (с.а.у) бір жылда жасаған ісін, біз жүз жылда да жасай алмаған болар едік. Айталық; шылым шеккен бір адамға он адам келіп, шылымның адам ағзасына әкелер зиянын, оның қатерлі ісік ауруын тудыратынын қанша түсіндіріп бақса да, оған шылым шегуін қойдырта алмайды. Ал, Пайғамбарымыз (с.а.у) өміріне көз жүгіртер болсақ, айналасындағы адамдардың қанына сіңіп қалған қаншама жаман мінездерді бір сәтте түп-тамырымен қоса жұлып алып, олардың орнына нағыз адами құндылықтарды екті. Жаман әдеттерді бір сәтте жоюға байланыс-ты, арақ ішуге тыйым салған кездегі жағдай бізге маңызды мысал бола алады: Өзіңіз ойлап көріңіз, әбден араққа бой адырған, ішпеген кезде көзі қарайып, басы айналатын бір қауым «арақ ішу харам» деп айтылған сәт, аузына дейін апарып ішейін деп тұрған кесесін жерге лақтырған еді.

 

Пайғамбардың сипаттары

Ғылыми, жаратылыстану мен технология-дан бейхабар, өмірінде екі ауыз сөз жазу жазбаған, Алла-Тағаладан басқа ешкімнен ештеңе үйренбеген Мұхаммед (с.а.у) өткен өмір мен келешекті көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп білгендігі, сөз жоқ, оның кемеңгерлігі һәм ұлылығы болатын. Алла Елшісінің (с.а.у) жалқыға болсын, жалпыға болсын, әкелген оң өзгерістері мен реформаларын, егер кітап етіп жазар болсақ, том-том кітаптарға симаған болар еді. Ол (с.а.у) бүкіл ғұмырында Ұлы Жаратушының бір, тек жалғыз екенін үндеумен болды. Тіпті, Алла Елшісі (с.а.у) пайғамбар болмастан алдында надан арабтарша пұттарға табынған емес. Жас күнінде пұтқа тағзым ету мерекелеріне барғанда басы айналып талықсып кетіп, бейне иллаһи күш оны «уахданиетке» қарсы келуден арашалайтын.

Алла Елшісінің (с.а.у) пайғамбарлыққа тән мынандай ерекше сипаттары бар-тын:

Сыдық – Екі дүниенің сәруары болған Хақ Елшісі (с.а.у)-ның әрбір сөзі садақтан суырылып шыққан жебедей тура айтылатын. Ол (с.а.у) иненің жасуындай болса да жалған сөз сөйлеген емес. Өйткені, Алла Елшісі (с.а.у) туралықты ту етіп ұстаған адамзат баласының ең асылы болатын. Егер зәредей бір өтірік сөйлеген болса, оның ұлы миссиясына орасан зор нұқсан келген болар еді. Онда Алла Елшісі (с.а.у)-ға деген сенім жоғалып, дүйім жұрт оның соңынан еруден бас тартар еді. Сондықтан да Ұлы Жаратушы оның рухын сыдықтықпен сырлап, өмірін туралықпен өрген болатын. Ол жиырма жасқа толғанда Меккеде Хилфул-Фудул (намыс одағы) қоғамы құрылды. Бұл қоғам Меккеге сырттан келгендердің құқығын қорғауды мақсат етті. Алла Елшісі (с.а.у) жастығына қарамай осы қоғамдық ұйымды құрушы һәм қоғамдық ұйымның ережелерін белсенді түрде жүзеге асырушылардың бірі болды. Меккелік кейбір аристократтар сырттан келген кейбір қамқорсыз жандарға күш көрсетіп, дүние-мүлкін тартып алып, тізесін батыратын. Осы кезде Алла Елшісі (с.а.у) әлгі қамқорсыз жандарды жанын салып қорғайтын. Зерттеуші М.Хамидуллаһ: Әбужаһилдің әлсіздерге әлімжеттік жасап, бұған Мұхаммед (с.а.у) қарсы тұрып, Хилфул-Фудул жарғысына сай жәбір көрушінің көрген зиянын өтеттіретін. Ол екеуінің арасындағы дұшпандықтың осы кезден-ақ басталғандығын айтады.

Аманат – Алла Елшісі (с.а.у) ешқашан аманатқа қиянат жасаған емес. Пайғамбарлыққа дейінгі ғұмырына көз жібертін болсақ, Мекке қаласында кезкелген жан сапарға шығатын болса, қимас мүлкін Мұхаммед (с.а.у)-ға аманаттайтын еді. Кейбір деректерге қарағанда арабтар Пайғамбарымызға (с.а.у)-ға әйелдерін де аманаттайтын болған. Сондықтан да, арабтар Аллаһ Елшісін «Мұхаммед-Әмин» (Сенімді Мұхаммед) деп атады. Кейін мұсылмандар пұтқа табынушылардың зорлығына шыдай алмай Меккеден Мәдинаға көшкенде Мұхаммед (с.а.у)-ның кешеуілдеуінің себебі, Құрайыш пұтқа табынушылары Пайғамбарымыз (с.а.у)-мен қанша дұшпан болса да, оған дүние-мүліктерін аманаттайтын. Аллаһ Елшісі (с.а.у) уақыт күттірмес қасиетті көш реформасы кезінде де өзіне деген сенімге селкеу түсірмей, пұтқа табынушылардың аманатын өз иелеріне қайтарып, көштің соңында қалған еді.

Фатанат – Алла Елшісі (с.а.у) ақылмен бітеқайнасып туған-тын. Оның әрбір іс-әрекеті ақылдан тұратын. Ақылға теріс оның бірде-бір сөзін немесе іс-әрекетін көре алмайсың. Өйткені, Ұлы Жаратушы өзінің сүйікті Елшісін әу баста-ақ имани ақылға малып, оның өмірі мен тағдырын ақылмен айшықтаған еді. Алла Елшісі (с.а.у) де әрбір істі ақылымен таразылап, байыпты түрде іске асыратын. Ол діннің өзегі ақыл екендігін «Ақылы жоқтың діні жоқ» деп ұқтырған болатын.

Исмат – Алла Елшісі (с.а.у) күнәсіз-тін. Оның күнәсіз болуы, Ұлы Жаратушының оның бойына күнәсіздік ұрығын (исмат) егуінде болатын. Пайғамбарлар қате жасауы мүмкін. Бірақ, күнә жасауы мүмкін емес. Олар ең жақсыны емес, жақсыны таңдаған болса, қате жасаған болады. Пайғамбарлар қателессе де, олардың қатесі пенделіктің ауылынан алыс, яғни күнәдан пәк деп ұққанымыз жөн.

Тәблиғ – Алла Елшісі (с.а.у) тылсымнан келген илаһи жарлықты теңдессіз ғибрат тұрғысында түсіндіретін. Оның әрбір мәселенің мән-жайын терең бойлап, көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп ұғындыратын. Қажет кезде базбір мәселелердің шешімін көркем мінезімен меңзейтін. Оның сөйлеген сөзі мен шығарған шешімінен әсте мін табу мүмкін емес-тін. Оның осындай өнегесінен мысал келтірер болсақ:

Мұхаммед (с.а.у) қылмысқа жаза беруден бұрын, мұсылмандарға қылмыс жасамауды насихаттады. Исламнан бұрынғы қараңғылық дәуірдегі тайпалық түсінік бойынша қылмыс саналмаған кейбір санаға сіңіп қалған қасаң әдеттерді, жазалап емес, мүмкіндігінше ол әдеттің келтірер зиянын айтып, түсіндіруге тырысты. Бір күні мұсылмандықты қабылдағанымен, қараңғылық дәуірде бойына сіңіп қалған зинақорлық секілді жиіркенішті әдетінен арыла алмаған бір жас жігіт Мұхаммед (с.а.у)-ға келіп:

– Ей, Алланың Елшісі, маған зина жасау үшін рұқсат берсең?! – дейді. Пайғамбарымыздың жанында отырғандар жігіттің әбес өтінішін ести сала, оған бірден ұрса бастайды. Сонда Мұхаммед (с.а.у) жігітті қасына шақырып, былай дейді:

– Осындай нәрсенің сенің анаңа жасалғанын қалар ма едің?

Жігіт:

– Әке-шешем Сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Алланың Елшісі, әрине, қаламаймын! – дейді тіксініп.

– Ешқандай адам анасына мұндай жиіркеніштілікті қаламайды. Сенің қызың болса, оған осындай нәрсенің жасалғанын қалар ма едің?

Жігіт:

– Жаным Саған құрбан болсын, ей, Расулалла, еш қаламас едім! – дейді жаны одан сайын түршігіп.

– Ешбір жан да қызына мұны тілемес еді. Ал әпкелеріңе осындай нәрсе жасалғанын қалар ма едің?

– Жоқ, Пайғамбарым, мұны да қаламаймын.

– Ешкім де әпкелеріне мұндай сорды қаламайды. Қарындастарыңа ше, оларға осындай жамандық жасалғанын қалар ма едің?

– Жоқ, қаламаймын.

– Ешкім де қарындастарын қасіретке душар еткісі келмейді, – деген Алла Расулы (с.а.с.) қолын әлгі жігіттің жүрек тұсына қойып: «Уа, Аллам, бұның күнәсін кешір, жүрегіндегі жамандықтарды тазала, намысын сақтауға жәрдемші бол!» – деп дұға етеді. Міне, осылайша жігітке ашуланбай, оның көңілі жай табатындай етіп зинақорлықтың жиіркеніштілігін жанды мысалдармен түсіндіріп, соңында әкелік мейірім танытып, жанын құрттай жеген әлгі күнәдан құтылуы үшін дұға еткен еді.

 

Мәуліт тарихы

Ислам тарихшылары Мәуліт мерекесін дәстүрлі түрде тойлау Селжұқ түріктерінің көшбасшысы Мұзаферуддин Көкбөрінің кезінен басталғанын айтады. Мұзаферуддин Көкбөрі Селжұқ түріктерінің Әрбил тайпасының Байтік руының биі болатын. Ол Хақ-Тағаланың дініне ынты-шынтымен берілген шынайы бір мұсылман еді. Алла Елшісі (с.а.у)-ды жан-тәнімен жақсы көретін. Хақ Елшісі (с.а.у)-ның сұлу сүннетінен үлгі алып, Мұзаферуддин қайырлы-сауапты істер жасайтын. Оның салдырған керуен-сарайларында жарлы-жақыбайлар мен міскін-ғаріптер қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып ас-су ішіп, құтты мейман болатын. Ол сырқат жандар үшін емхана, жесір-жетім мен кембағалдарға арнап қамқорлық үйлерін салдырды. Шешесінен шақалақ кезінен айырылған тұл жетімдерге сүт аналар тауып беретін. Мүгедектер мен зағип жандарға қамқорлық жасайтын қайырымдылық үйлерін ашып, әсіресе, қайыршыларға күндік ас-ауқатын беретін. Жас жеткіншектер біліммен көзін ашсын деп медреселер ашып, оларға сауатты мамандардан мұғалімдер тағайындап, қаражатпен қамтамасыз ететін. Ғылыми пікірталас пен рухани сұхбаттарға көп көңіл бөлетін. Әрдайым өз жерінен өтетін мұсылмандардың қауіпсіздігіне кепіл болып, бейбіт өмір сүруге құмбыл тұратын.

Мәуліт мерекесінде Көкбөрі қолынан келген бар қайырымды істерін жасайтын. Ол мәуліт мерекесі кезінде іс-шараларды өзі атқарып, сырқаттардың көңілін сұрап, олардың құлан-таза айығып кетуі үшін ақысыз емдететін. Мұқтаж һәм міскін адамдарға ұдайы қол ұшын беретін. Балаларды қуанышқа бөлеу үшін арнайы оларға арнап ойындар өткізетін. Ақындарға жүлде беріп, елге еңбегі сіңген атпал азаматтарға шүлен тарататын. Таңды таңға асырып, Алла Елшісі (с.а.у) туралы уағыз-насихат айтып, көңілдерін бір тасытып, жұртты арқа-жарқа ететін.

Мәуліт мерекесінде бүлдіршіннен бас-тап, жастар мен егде тартқан азаматтар, кәрі құлақ қариялар мен кембағал жандар, сауда-саттық жасаушылар мен білім адамдары, діни қызметкерлер мен ел басшылары т.б. түрлі саланың өкілдері бір жерде бас қосып, әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесіп, көңілдері тұтасып, бір-бірімен тонның ішкі бауындай біте қайнасатын. Осылайша Мұзаферуддин Көкбөрінің Хақ Елшісіне деген сүйіспеншілігінің нәтижесінде жыл сайын Мәуліт мерекесін тойлау үрдісі қалыптасқан еді.

 

Бұл мереке шариғатқа қайшы емес

Алла Елшісінің (с.а.у) туған күнін тойлауды базбір зерттеушілер «бидғат» (дінде жоқ ережелер) деп біледі. Дінге кейіннен енген рәсімдер Исламға қайшы (бидғат-ул харб) және қайшы емес (бидғат-ул хасана) болып екіге бөлінеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у) туылған күнінде оны еске алып, оның адамзат баласына қалдырған өнегесін қастер тұту, әсілі Исламға қайшы емес. Яғни, Алла Елшісі (с.а.у)-ды еске алып, оның атына салауат айту шариғат бекіткен құлшылықтың бір түрі саналады.

Алла Елшісі (с.а.у) өмір сүрген кезеңді тарихшылар «алтын ғасыр» немесе «құтты заман» деп атайды. «Алтын ғасырдағы» ардақты пайғамбарымыз (с.а.у)-нан жылуар алған сахабалар сыпайы, нәзік, мейірімді болушы еді. Көз бояушылық пен мал шашпақтан аулақ болып, әрбір ісін риясыз һәм ыждағатпен жасайтын. Көпшілікке жомарттық жасап, қолғабысын тигізуге әзір тұратын. Олардың өң бойынан біртұтастық және төзімділіктің лебі есетін. Әрбір істі барынша тиянақты атқаратын. Қулық-сұмдық, айла жасау дегеннің не екенін білмейтін. Зұлымдық жасап, кісі ақысын жеуден мүлде аулақ тұратын. Үлкендерге құрметті, кішілерге ізетті келетін. Ешқашан жалған сөйлемейтін. Біреудің сыртынан өсек-аяң айтуды жөн көрмейтін. Адамдардың арасына іріткі салып, мінін айтудан бойын аулақ ұстайтын. Сайып келгенде, сахабалар наным-сенімі берік, әрбір іске асқан жауаптылықпен қарайтын көзі мен көкірегі ояу адамзаттың ақжал толқыны болатын. Яғни, Мәуліт мерекесін тойлаумен сол «алтын ғасырды» еске алып, сол кездегі игіліктер мен құндылықтарды бойымызға сіңіруге күш салуымыз қажет-ақ.

P.S. Əрбір жылғы мəуліт мейрамында мына дүниені түнектен арылтушы адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы Мұхаммед (с.а.у)-ға салауат айтып, оның өнегелі өмірін ардақтап, оның сүннетінен қуат алып жаңаша түлеу Исламның шоқтығын биіктете түсетіні анық. Лайым, Мұхаммед (с.а.у)-ның үмбеті саналар қазақ жұртшылығы да осы мəуліт мейрамындағы рухани нəрден сусындап, келешегін кемелді етсін һəм қасиетті мəулітте Хақ-Тағаланың құт-берекесі арта берсін деп тілейміз!

Мұхан Исахан

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
9 лет назад 6342
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232