Ливиялықтар кешегі күніне зар болып қалды
Елдің бірлігі кетіп, бүлінейін десе түк емес екен. Бүгінде Ливия жұртында алауыздық орнап, бей-берекесіздік белең алған. Оппозицияға еріп, сыртқы күштерге сеніп, Каддафиді тақтан тайдырғандардың үміті ақтала қоймады. Елде екі үкімет, екі парламент құрылып, әрқайсысы билікке ұмтылуда
Дүниеде бәрі салыстырмалы. Сыртта тұрып, «тон пішуден» немесе Каддафи режимін ақтап, не қаралаудан аулақпыз. Дей тұрғанмен, өз ішіндегі қарсы топ «автократ», «диктатор», ал, АҚШ пен батыс елдері «экстремизм мен терроризмді қолдаушы» десе де ливиялықтар төңкеріс көсемі, полковник Муаммар Каддафидің заманына зар болып қалды. Оған көз жеткізу үшін кез-келген ливиялықтан: «Каддафи басқарған тұста қалай өмір сүріп едіңіздер?» деп сұрай қалсаңыз:
1) мектеп мұғалімі 3000$, ал қатардағы мейірбике 1000$ жалақы алатын;
2) жұмыссыз жүрген әрбір адамға айына 730$ төленетін;
3) жаңадан үйленгендерге пәтер алуға 64000$ көмек берілетін;
4) өмірге келген әрбір нәрестеге 7000$ жөргекпұл төленетін;
5) жеке кәсіпкерлік ашуға бір жолға 20000$ жәрдем жасалатын;
6) жылына жанұяның әрбір мүшесіне 1000$ демеу қаржы берілетін;
7) дәрігерлік көмек, білім алу, электр энергиясын тұтыну ақысыз болатын, т.б деп, саусақтарын бүгіп шыға келеді. Бұған, «көп балалы отбасыларына арзан бағамен азық-түлік сататын дүкендер, тегін дәрі-дәрмек беретін дәріханалар болғанын қосыңыз. Бір литр бензин судан да арзан, яғни, 0,14 $ сатылған. Кез-келген ливиялық жеңіл көлік сатып алғанда оның жарты бағасын өкімет төлеген.
Өздері айтып отырса өкіметтің жасаған жақсылығы мен қамқорлығы ұшан-теңіз. Әрине, ауа жайылып кетпейтіндей тәртіпсіздік пен ретсіздік болмауы үшін бірқатар қатаң талап пен шектеулер де болған.
Мәселен, арақ-шарап ішуге мүлде тыйым салынып, дәрі-дәрмекті қолдан жасаушылар өлім жазасына кесілген. Кез-келген салада ірі мөлшердегі алым-салыққа, риэлторлық қызметке жол берілмеген.
Дегенмен, мұның бәрі енді өткен күннің әңгімесі, «кешегі күннің шындығы». Ондай «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кеңпейіл заманға ливиялықтар енді қайта қол жеткізе ме, жеткізбей ме, ол жағы неғайбыл.
Ливия дегеннен еске түседі. Осыдан бес-алты жыл бұрын, шамасы Ливияда азамат соғысы басталған тұста болуы керек. Ресейдің сондағы елшісі Владимир Чамов бір газетке берген сұхбатында Муаммар Каддафидің ливиялықтар үшін жұмақ жағдай жасап қойғанын, онда азық-түлік пен тамақтың, киім-кешектің мүлде арзан тұратынын мақтап айтқаны бар. Артынан ол елшінің «Ресейдің мүддесін лайықты қорғай алмадың» деген сылтау-себеппен кері шақыртып алынғанын естідім. Әйтсе де ресейлік біраз басылымдар В. Чамовтың қызметінен босатылуын сан-саққа жүгіртіп: «Мұнда қандай да бір нәзік саясаттың ізі жатыр» деп жазды. Келешекті дәл болжағандай сол Чамов: «Ливиядан кейін кезек Сирияға келеді» деп айтып еді. Айтқаны айдай келіп, қазіргі таңда Сирия әлемдік геосаясаттағы күрделі бір түйінге айналып отыр. Жарайды, «Сирияның сыры мен мұңы» өз алдына бөлек әңгіме.
Біздің бұл жолғы айтпағымыз Ливия туралы болмақ. Ендеше, қозғаған тақырыпқа байланысты халқына анадай жұмақ жағдай жасап қойған «Ливия мемлекеті неден және қалай бүлінді? Зауал мен залал қайдан келді?» деген тәрізді сұрақтардың туары хақ. Бұған «пәлен» деп бір сөзбен жауап беру қиын. Қай кезде де себепсіз салдар болмаған. Сондықтан, Ливияның басына түскен тауқымет пен зауалдың себептерін бұл мемлекеттің кейінгі кезеңдегі даму тарихынан, ұстанған саясаты мен басқа елдермен жасаған қарым-қатынасынан іздеу керек шығар.
Жұртшылыққа мәлім, Ливия мемлекетіне соңғы қырық жылдан астам уақыт көлемінде (1969-2011 жж.) төңкерісшіл саясаткер, әскери қайраткер Муаммар бен Мухаммед Абу Меньяр Абдель Салям бен Хамид аль-Каддафи басшылық етті. Ол өзі әу баста, яғни, сонау 1969 жылдың күзінде Ливия армиясында әскерде капитан дәрежесінде қызмет етіп жүргенде соңына өзімен идеялас кіші офицерлерді ертіп, король І Ыдырысты тақтан тайдырып, билік басына келген болатын.
Шыны керек, ұзақ жылдар Италияның отары болған, елдегі бүкіл кәсіпшілікті, байлықты шетелдіктер уысында ұстаған, АҚШ бастаған бірталай өктемшіл мемлекеттердің әскер базалары орналасқан, монархиялық елде небәрі 27 жастағы әскери қызметкер төңкеріс жасайды деп ешкім ойлаған жоқ.
Муаммар Каддафи билік тізгінін қолға алысымен отандастарының қолдап-қуаттауымен шетелдік әскери базаларды жауып, жат жұрттықтарды өндірістен біртіндеп ығыстырды. Мұнай кәсіпшіліктеріне иелік етіп келген шетелдік компанияларға көбірек үлес беру талабын қойды. Оған көнбеген қожайындардың кәсіпорындарын тәркілеп, мемлекеттің меншігіне алды. Нәтижесінде мұнайдан, басқа да шикізат тауарлардан түскен пайда түгелдей мемлекеттің қоржынына құйылып, ол бірінші кезекте халықтың игілігі мен әлеуметтік мұқтаждықтарына жұмсалды. Жер-жерде тұрғын үйлер тұрғызылып, жаңадан мектептер мен ауруханалар бой көтерді. Осылайша ливиялықтардың тұрмыстары түзеліп, әл-ауқаты жақсара түсті. Халықтың революциялық рухтағы басшы Каддафиге деген сенімі артты.
Бір қызығы, көптеген мемлекет басшыларына ұқсамайтын М. Каддафидің қоғамдық өмірге, мемлекеттің құрылымы мен басқарылуына деген көзқарасы басқаша еді. Бастапқы кезде ол өзін перзидент не премьер-министр емес, төңкерісшіл басшылық кеңесінің төрағасы, жоғарғы қолбасшы деп жариялады. Кейіннен 1970-72 жж. ресми түрде премьер-министр және қорғаныс министрі қызметтерін атқарды.
Мұндай алабөтен көзқарастағы революцияшыл қайраткер тұлғаны заманның ағымы тудырды. Жас кезінде Муаммар Каддафи атақты француз ағартушысы Жан Жак Руссоның социализм жөніндегі идеяларына қызықты. Кейіннен Египет көшбасшысы, арабшыл социалист Гамал Әбдел Насерге еліктеп, оның «Төңкерістер философиясы» деген кітабын жата жастана оқыды.
Ағылшын экономисі Адам Смиттің капитализм туралы, неміс философы Карл Маркстің коммунизм жайындағы теориялық ілімдерімен де танысып шықты. Алайда, алғашқысын байлардың сойылын соғады деп, екіншісін жеке адамның белсенділігін басып тастайды деп жаратпады. Ресейлік анархистер Михаил Бакунин мен Петр Кропоткиннің, пролетариат көсемі Владимир Лениннің еңбектеріне де ден қойды.
Осының бәрін ой елегінен өткізе отырып, «Әлемнің үшінші теориясын» жасауға ұмтылыс жасады. Оның бұл бағыттағы идеялары мен ойлары әйгілі «Жасыл кітап» атты үш томдық еңбегінде көрініс тапты. Оны өзі «Жаңа ғасырдың інжілі» деп атады. Осыдан ойға оралады, еліміз тәуелсіздік алған өткен 90-шы жылдардың аяғында реті солай болып, Ливияның Қазақстандағы елшілігінің ұсыныс-тапсырысымен талантты инженер-өнертапқыш, әрі жазушы Сейілбек аға Қышқашұлымен бірігіп, Муаммар Каддафидің әйгілі «Жасыл кітабын» орысшадан қазақшаға аударып едік. (Аударама жасау барысында автордың мемлекеттің құрылым мен оны басқару жүйесі туралы басқаларға ұқсамайтын өзіндік тұжырым мен жоба-бағдарламасына таңданғанымыз бар).
Каддафи шынайы «халықтық өкімет» құруды көкседі
Зер салып қарасақ, Каддафидің өзге мемлекет басшыларына ұқсамайтын өмірінде таңқаларлық тірліктері мен әрекеттері көп. Ең бастысы, Муаммар Каддафи батыстық және социалистік жүйеге де ұқсамайтын мүлде басқаша, бұқара көпшіліктің мүддесін көздейтін нағыз халықтық өкімет құруды алдына мақсат етіп қойды. Оның пайымдауынша, кез-келген мемлекеттегі өкімет билігі демократиялық негізде халықтық комитеттер арқылы сайланып, «Жамахирия» – бұқара халықтық мемлекет болуға тиіс болды. Осыған сай ол өз елін 1977 жылдан бастап ресми түрде Ұлы Социалистік Халықтық Ливия Араб Жамахириясы деп атады.
Жамахирия аталысымен Ливиядағы өкімет билігі ЖХК (Жалпы халық конгресіне) берілді. Оның құрамына елдегі барлық ересек адамдар енгізілді. ЖХК елдің ең жоғарғы заңнамалық органы саналып, ол өмірдің барлық саласына билік жүргізді. Атқарушы үкімет ретінде – Жоғарғы халықтық комитет, ал министрліктердің орнына халықтық хатшылық құрылды. Халықтық хатшылықты бюро басқарды. Ливияның шет елдердегі елшіліктері де халықтық бюро деп аталынды. Бірақ, ортақ келісім болмағандықтан ЖХК-тің төрағалығына ешкім сайланбады. ЖХК-тің Бас хатшылығына М. Каддафи, басшылық құрамына: майор Абдель Салам Ахмед Джеллуд, генералдар Абу Бакр Юнес Джабер, Мустафа аль-Харруби и Хувейлди аль-Хмейди секілді төрт идеялас достары сайланды. 1977-79 жж. аралығында М. Каддафи ЖХК-тің Бас хатшысы қызметін атқарды.
1979 жылы ол әлгі айтылған төрт жақтастарымен бірге өз қалауларымен қызметтерінен кетіп, олардың орнын кәсіпқой басқарушылар басты. Елдің саяси құрылымында халық конгресі арқылы төңкерісшіл саясатты жүргізіп отыратын революциялық комитеттер құрылды. Мемлекеттік биліктегі барлық қызметтерден бас тартқан Каддафи ресми түрде «революция көсемі» атанып, жоғарыда аталған төрт серігі РКК (Революциялық комитет кеңесінің) мүшелері болып қалды. Ливиялықтар Муаммарды «аль-ах аль-каид ассаура» («революция көсемі-бауырымыз») және «аль-ах аль-акыд» («полковник-бауыр») деп дәріптеді. Шын мәнісінде елде М. Каддафидің билігі мен ықпалы жүрді.
Ерекше бір айта кететіні, Муаммар Каддафи кейбір мемлекет басшылары сияқты, дүние-мүлікке, байлыққа қызықпай, барынша қарапайым тіршілік кешті. Өзіне арнап зәулім сарай – резиденция салдырмады. Шет елге шыққан сапарларында өзімен бірге баяғы бадауилік шатыр-баспанасын ала жүрді. Ислам дініне құрметпен қарап, өзін мұсылман санады. Бірақ та діни фанатизм мен ислам фундаментализмінен бойын аулақ салды. Ливиялық әйелдердің хиджаб киіп бүркеніп жүрмей, білім алып, лауазымды жоғары қызметтер атқарып, мемлекеттік істерге де араласқанын қалады.
Ливия үкіметі (Каддафидің өзінің айтуынша) Палестина, Уганда, Солтүстік Ирландии, Марокко, Судан, Ангола, Мозамбика, Испания, Колумбия, Турция, Жаңа Каледония және Филиппиндегі ұлт-азаттық қозғалыстарға тілестестік білдіріп, көмек көрсетті. Батыс елдері мұны керісінше «террористік ұйымдарды қолдау» деп бағалады. 1973 жылғы араб-израиль соғысында қуғын көрген палестиналықтар Ливиядан барып пана тапты.
Басқалар террорист атаған «ФАТХ революциялық кеңесінің» жетекшісі Абу Нидал мен венесуэлалық Рамирес Санчесті Ливия Жамахириясы қолдап-қуаттады.
1970-1980 жж. аралығында Ливияны АҚШ пен Еуропаның капиталистік елдері бірнеше шет мемлекеттердің ішкі істеріне араласты, Тунис пен Буркино-Фасодағы төңкерістерді ұйымдастырды, Уганда диктаторы Иди Аминді қолдады деп айыптады.
1986 жылы Каддафи Ливияда империализм мен сионизмге қарсы күресушілердің конгресін өткізді. Оған басқалармен қатар ИРА (Ирландия республикалық армиясының), Баск террористік топтарының өкілдері және АҚШ-тағы радикалдық Natіon of Іslam (Ислам ұлты) қара нәсілділер ұйымының көшбасшысы Луис Фарахан келіп қатынасты.
Ақиқатын айтқан жөн. Муаммар Каддафи өзі басшылық еткен кезеңде Ливия мемлекеті экономикалық-әлеуметтік жағынан едеуір өсіп-өркендеді. Жоғарыда көрсетілген мәліметтер соның айқын көрінісі. Корольдік тұсында 73 пайызы сауатсыз болған халықтың 86,8 пайызы сауаттандырылды. Мемлекет есебінен осы заманғы үйлер салынып, тұрғындардың 80 пайызы жайлы пәтерлермен қамтамасыз етілді. Халық үш есеге артып, орта жасы 51,5-тен 74,5-ке өсті. Бала өлімі 9 есе кеміді. ЖІӨ жан басына шаққанда 14,4 мың долларға жетті.
Дей тұрғанмен, Каддафи құрған мемлекеттік жүйе, ол орнатқан тәртіп пен жүргізген реформалық өзгерістер жұрттың бәрінің көңілінен шыға қоймады. Сол себепті оның саясаты мен режиміне қарсы шығушылар табылып, ондай оппозициялық пиғылдағылардың талайы жазаланып, талайы шет елге қашты. Көршілес Судан, Марокко, Ирак және Сауд Арабиясы сияқты мемлекеттердің қолдауымен астыртын «Ливияны азат ету ұлттық майданы» құрылып, ұйымның алдына ең бірінші кезекте полковник Каддафидің көзін жою міндеті қойылды.
Бұған қоса, Ливияның көшбасшысы Муаммар Каддафидің ұстанған бағыт-бағдары, тәуелсіз саясат жүргізуі әлемдік геосаясатта және экономикада үстемдік жүргізіп үйреніп қалған АҚШ пен Батыс мемлекеттеріне ұнамады. Олар Ливияға қарсы барынша ақпараттық соғыс жүргізіп, түрлі санкциялық, эмбарголық шараларды қолданып бақты.
Бұлтартпайтын дәлелдер болмаса да 1986 жылғы 5 сәуірде Батыс Берлинде американ әскерилері қатысқан жиында 3 адам қаза тауып, 200 адам жараланған дискотекадағы жарылысты, 1988 жылғы 21 желтоқсандағы Лондон – Нью-Йорк бағытында ұшып бара жатқан АҚШ-тың Pan Amеrіcen авиакомпаниясына қарасты «Boeіng 747» ұшағының Шотландия аспанында жарылып, 270 жолаушының ажал құшуын, сондай-ақ, 1989 жылғы 19 қыркүйекте француздың Браззавильден — Парижге қайтып келе жатқан ұшағының Нигер әуесінде апатқа ұшырап, 170 адамның қаза табуын ливиялық барлау ұйымының «іс-әрекеті» деп білді.
Осындай қарама-қайшылықты жағдайға қарамастан Муаммар Каддафи АҚШ және Батыспен ымыраға келу, қалыпты қатынас орнату мақсатында бірқатар қадам-қарекеттерге барды. Ливияның кінәлі екені айқын дәлелденбесе де ол: «Ақшада тұрған мәселе жоқ. Бірақ, біздің абыройымыз бәрінен биік» дегенді алға тартып, аталған екі ұшақ апаты бойынша мемлекет қазынасынан тиісті өтемақы төлеттірді. Израильді жою ниетінен айнып, еврейлер мен палестиналықтардың бірігіп, «Израитина» дейтін ортақ мемлекет құруын мақұлдады. Ядролық қаруды жасау жоспарынан бас тартты. Сонда да бұған Батыс державалары лайықты жауап беріп, жылы қабақ таныта қоймады.
2009 жылдың қыркүйегінде М. Каддафи Америкаға барып, БҰҰ Бас Ассамблеясының 64 сессиясында сөз сөйлеп, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жұмысын бейбітшілік жөніндегі емес, «терроризм бойынша кеңес» болып отыр деп қатты сынға алды. Алпауыт елдердің кіші елдерге қарсы 64 рет соғыс жүргізгенін, бұған қарсы Қауіпсіздік кеңесінің ешбір шара қолданбағанын ашына жеткізді. Сомалилік пираттарды ақтап сөйледі. «Мен олармен кездесіп, бүкпесіз ашық сөйлестім. Оларды амалсыз мұндай әрекеттерге барғызып отырған Австралия, Үндістан және Жапония елдері, — деді. — Өйткені, осы аталған елдер Сомалиге қарасты теңіз аймағында заңсыз балық аулап, кәсіпшілікпен айналысып, ырыздығынан, балаларына беретін тамағынан айырып отыр. Сондықтан қарашылық әрекетпен болса да сомалиліктер күнкөріс көзін қорғауға мәжбүр!».
Ирак президенті Саддам Хусейнді дарға асқан кезде оған АҚШ президенті Джордж Буш пен Ұлыбритания премьері Тони Блэрдің қызықтап қарап тұрғанына ызалы өкініш білдірді. БҰҰ-ның штаб-пәтерін Америкадан Шығысқа көшіру керек деген ұсыныс жасады.
Сөйтті де «Сіздер бәріңіз шаршағансыздар. Сондықтан маужырап ұйықтап отырсыздар. Кезінде Гитлерді де өмірге келтірген, еврейлерді қудалап, холокосты ұйымдастырған да сіздерсіздер!» деп мінбеден түсіп кетті.
Мұндай ащы да батыл пікірдің, тәуелсіз көзқарастың АҚШ бастаған, Батыс қоштаған бүкіл әлемге билік жүргізгілері келетін өктемшіл мемлекеттерге ұнамайтыны анық. Сол үшін де Ирак президенті Саддам Хусейн сияқты Муаммар Каддафиді де тақтан тайдырып, оның режимін құлату олардың күн тәртібінен түспей, үнемі назарларында тұрды. Барынша БАҚ пен ғаламтордың мүмкіндіктерін пайдаланып, әлем жұртшылығының санасында «Муаммар Каддафи автократ, диктатор, экстремизм мен терроризмнің дем берушісі» деген ұғым мен түсінік қалыптастырды.
Наразылық акциясы – азаматтық соғысқа ұласты
Бәлкім, Ливиядағы бүліктің тұтануына 2010-2011 жж. Солтүстік Африкадағы атышулы «араб көктемінің» от-шарпуының ықпалы болған болар.
Мұнда да оқиға 2011 жылдың 15 ақпанында елдің шығысындағы портты қала Бенгазиде Триполидегі «Әбу-Слим» түрмесінде белгісіз жағдайда қаза тапқан тұтқындардың туыстарының наразылық акциясынан басталды. Олардың адвокат және құқыққорғаушы Фетхи Тарбелді босату жөніндегі талабы орындалғанымен бәрібір қарсылық шеруі тоқтамады. Тіпті, ол күшейіп, қауіпсіздік органдарының адамдарымен екі арада қақтығыс орын алды. Шерушілерді тарату үшін үкіметтік күштік құрылымдар мен шет елден шақырылған жалдамалылар қолданылды. Мұнымен жұрт тыншымады. Жағдай күрделене түсті.
Осы орайда, Муаммар Каддафи мемлекеттік телеарна арқылы сөз сөйлеп: «Оппозиция менің биліктен кетуімді талап етуде. Ал, ақиқатында менде ешқандай билік жоқ, президент те, премьер де емеспін. Бар болғаны революцияның көшбасшысымын… Есірткіге еліккен ессіз жастар полиция бөлімдеріне шабуыл жасап, қаруларға ие болуда. Бұл олардың өз елдерін сыйламауы, Египет пен Тунис сияқты елге бүлік салуы. Олар Ливияны ислам мемлекетіне айналдырғылары келеді. Бұл, сайып келгенде, Ауғанстанның кебін кию. Ол «желөкпелерді» шетелдік күштер, оның ішінде «Әл-Каида» дем беріп, қоздырып отыр. Біз әзірше оларға қарсы күш қолданбай отырмыз. Қажет болса, Ливия заңдарына сәйкес ондай қатаң шараларға бара аламыз!» деген қатқыл мәлімдеме жасады. Алайда, оның «керек болса, күш қолданамыз» деген қадам-қарекетін өз ішіндегі шенеуніктер мен дипломаттар, көптеген шет мемлекеттердің басшылары қолдамады. Уақыт өткен сайын көтерілісшілер қатары көбейіп, оппозициялық тарап елдің шығыс бөлігін өзіне қаратып алды. Онда дереу Өтпелі ұлттық кеңес құрылып, билік соның ырқына берілді.
2011 жылдың 17 наурызында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ливияда авиацияның әуеде ұшуына тыйым салған санкция жариялады. Осы санкция жарияланысымен 19 наурызда АҚШ, Ұлыбритания, Франция, т.б. елдердің біріккен қарулы құрамалары Ливия жеріне басып кірді. Артынша оны басқару НАТО басшылығы қолына өтті. Елдің шығыс өңірінде Жерорта теңізіндегі портты қала Бенгазиден басталған көтеріліс ұлғайып, азамат соғысына ұласты. Оқиғаның осылай өрбігенін негізге алған Гаадағы Халықаралық қылмыстық істер жөніндегі сот 27 маусымда Муаммар Каддафиге «өз халқына қару қолданды» деген айып тағып, оны тұтқындауға ордер берді.
Тамыз айының аяғына қарай оппозициялық блок НАТО авиациясы және бірқатар Батыс елдері мен Парсы шығанағындағы Қатар, Сауд Арабиясы секілді мемлекеттер арнайы жіберген қарулы күштердің көмегімен Ливияның астанасы Триполиді иемденді. Жоғарыда аталған ӨҰК (Өтпелі ұлттық кеңес) елдің заңды билік органы деп танылып, көптеген мемлекеттер тарапынан мойындалды. Кеңес елдің бұрынғы «Ливия» атауын қайтарып, 1951-1969 жж. король Ыдырыстың тұсындағы жалауды қайта желбіретті.
2011 жылдың 20 қазанында Муаммар Каддафиге ең соңғы тірек болған Сирт қаласы басып алынды. Шабуыл барысында Муаммар Каддафи мен оның ұлы Муттазим және халықтық қорғаныс комитетінің басшысы Абу Бакр Юнис Джабер қоршауға алынып, өлтірілді.
Өтпелі ұлттық кеңес елде азаматтық соғыстың аяқталғанын жариялады.
2012 жылғы 8 тамызда ел билігі ӨҰК-тен жаңадан сайланған Жалпы ұлттық конгреске беріліп, оның төрағалығына Мухаммед әл-Макриф сайланды. Ол әрі мемлекет басшысы болып саналды.
2014 жылдың 20 ақпанында конституциялық Ливия Ассамблеясына сайлау өткізіліп, оның құрамына 60 мүше сайланды. Ассамблеяға елдің жаңа Конституциясының жобасын жасау, басқару қағидаттарын және билік органдары жүйесін белгілеу, тайпалар мәртебесін айқындау және шариғат заңдарын нақтылау міндеттері жүктелді. Ол құжаттар бүкілхалықтық референдумға ұсынылатын болып келісілді.
Осы жылдың мамыр айында Ливия ұлттық армиясының генералы Халифа Хафтар бастаған еріктілері Бенгазидегі исламшылар базасына шабуыл жасады. Бұл елдегі әскери қақтығыс пен тұрақсыздықтың бастауы болды.
Бұған бұрын 2014 жылғы 25 тамызда Жалпы ұлттық конгресс бұған дейін Абдалла Абдуррахман үкіметінің жұмыс істеп келгеніне қарамастан Омар әл-Хасиді премьер-министр етіп тағайындады. А.Абдуррахман үкіметі амалсыз отставкаға кетті. Қараша айының басында исламшылардың күштеуімен Конституциялық сот парламентті таратты. Бірақ, Парламент Конституциялық соттың шешімін қабылдамады.
Өткен 2015 жылдың аяғында Ливияда екі үкімет пайда болып, біріншісі Тобурукте, ал екіншісі Триполиде жұмыс істеуде. Триполидегі үкіметтің билігі осы қала мен оның төңірегіндегі елді мекендерге ғана жүреді. Елдің оңтүстік-батысындағы негізінен көшпенділер тұратын Феццан аймағы 2013 жылы өздерін автономия деп жариялаған. Ал, орталығы Зинтан саналатын Батыстық таулы өңірдің де өз билігі өзінде. Триполидің шығысында жатқан Мисурата қаласы басқа ливиялықтар үшін жабық қала. Қаланы негізінен ауқатты кәсіпкерлерден сайланған кеңес басқарады.
Осы сияқты Каддафиді қолдағаны үшін көп қирап, бүлінген Бани – Валд пен Сирт қалалары да орталық билікке бағынбайды. Бүліктің ошағы болған Бенгази де өзін автономия санайды. Оны басқару ат төбеліндей Киринайкилерден құралған кеңестің қолында.
Былайша айтқанда, Ливияның бүгінгі жағдайы алауыздық жайлаған, «бас-басына билік құрған», бір-біріне бағынбайтын квазимемлекеттер қатарын еске түсіреді.
Ливия жұртын тоз-тоз етіп отырған мұндай бей-берекетсіздіктің қашанға дейін созылары белгісіз.
Айтпақшы, жақында ғана Ақ үйдің қожайыны Барак Обама өзінің билік тізгінін ұстаған кезеңінде АҚШ-тың Ливияға жасаған әскери операциясының үлкен қателік болғанын мойындап, өкініш білдірді. Оның айтуынша, мұндай қадамға баруына ақпараттың дұрыс жетпегені себеп болған сыңайлы.
Мұндай өкініштен не пайда? Жақсылы-жаманды сүттей ұйып, өздерінше тірлік етіп отырған елдің тыныштығы бұзылып, берекесі кетті. Шытынап сынып, бөлшектеніп қалған кесені елестетін Ливияны қайта қалпына келтіру екіталай.
Қазақстан – Ливия қатынасы қайраңдап қалды…
Біздің елдің Ливиямен дипломатиялық қарым-қатынасы сонау 1992 жылдың наурызында басталып, сол жылы Алматыда елшілік ашылды. Ал, Қазақстанның Ливиядағы дипломатиялық өкілдігі 2003 жылғы шілдеден жұмыс істей бастады.
2000 жылдың қарашасында Ливия Жамахириясы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Саад Мустафа Мужбир елімізге ресми сапармен келіп, Н.Назарбаевтың қабылдауында болды. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамытудың мүмкіндіктері талқыланды.
2002 жылдың қарашасында Триполиге сол кездегі республика Парламенті Мәжіліс төрағасының орынбасары М. Көпей бастаған параламенттік делегация барып қайтты.
Қос тараптың Қазақстан — Ливия бірлескен үкіметаралық комиссиясы құрылып, оның 2003 жылы Триполиде және 2007 жылы Астанада екі отырысы өткізілді.
Екі елдің тауар айналымы 2011 жылы 27,4 млн. долларға жетіп, жандана бастаған болатын. Өкінішке қарай, Ливияда қалыптасқан жағдайға байланысты өзара сауда-экономикалық қатынас кішкене кідіріп, қайраңдап қалды.
Бір қызығы, кейінгі кездері сонау 1992 жылдың басында Ливия көсемі Муаммар Каддафиден Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың атына ядролық қарудан бас тартпау жөнінде дипломатиялық арна арқылы құпия өтініш хаттың келіп түскені жайында айтылып жүр. Ол хатта Каддафи «сіздердегі ядролық қару мұсылман әлемінің айбыны үшін керек. Оны ұстап тұруға қажетті миллиардтаған қаржыны біз бере аламыз» деп жазған көрінеді.
Дегенмен енді ғана Тәуелсіздік алған жас мемлекетіміздің келешегін ойлаған Елбасымыз тәуекелге барып, ядролық қарудан бас тартты. Оның бұл қадамы халықаралық қауымдастық тарапынан оң бағаланды. Сондықтан да қазіргі кезде Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау жөніндегі көшбасшы және бейбітшіл елдердің бірі болып саналады.
Әшірбек АМАНГЕЛДІ,
«Алматы ақшамының»
саяси шолушысы
almaty-akshamy.kz
alashainasy.kz