Күршімдегі таңбалы тастардың сыры неде?
Күршімдегі таңбалы тастардың сыры неде?

Күршім ауданында орналасқан Сарыөлең ауылынан әрі қарай бес шақырымдай жерде жатқан Доланалы телімінде петроглифтерге толы ерекше тастар бар. Ерекшелігі сол – үлкен-үлкен жақпарлы тастар жалпақ жотаның үстін ала ұзыннан-ұзаққа созылып, шоғыр- шоғыр болып бірінен кейін бірі қатарласып жатыр. Таңбалы тастардың арасында ежелгі обалардан, қорғандардан қалған тұрақтар, орындар да бар екені байқалып тұр.

Осы уақытқа дейін бірен-саран малшыларға ғана белгілі болып келген бұл жерді ең алғаш Сарыөлең ауылдық мектебінің тарихшы мұғалімі Талаптан Тойбаев тауыпты. Ол Күршім ауданындағы әлі анықталмаған петроглифтердің толық тізбесін жасап, олардың археологиялық ескерткіштердің қай түріне ұқсайтындығына сараптау жүргізген. Тарихшы солардың ішінде, әсіресе, Сарыөлең ауылы маңынан табылған тастағы суреттердің құпиясын табуға айрықша мән беріп, бәрін суретке түсіріп, олардың салыну технологиясын, ерекшелігін зерттеуге тырысады. Өкінішке қарай, осыдан бірер жыл бұрын өмірден өткен ауыл мұғалімі Доланалы және Белағаш теліміндегі тастардың құпиясын ашуға үлгере алмай кеткен екен.

«Уақыт өткен сайын көмескіленіп бара жатқан бұл тастардағы деректерді жоғалтып алмас үшін бейнетаспаға түсірсе, кейін университет ғалымдарымен бірлесе отырып бұл жұмысты жалғастырса, өлкетануға көп пайдасы тиер еді. Бұл тереңдете зерттей отырып, аудан мектептерінде қосымша аймақтық компонент ретінде пайдалануға тұрарлық құнды материал», – деп бағалаған екен бірнеше жыл бұрын Талаптан Тойбаевтың Доланалыдағы тастар құпиясына қатысты ізденісіне, зерттеуіне пікір білдірген тарих ғылымының докторы, профессор Советқан Игібаев.

Сарыөлеңдік тарихшы осыдан он жылдай бұрын өзі тапқан петроглифтер-тастағы жазуларды, сына жазуларды зерттей отырып, бұл жердің арысы арийліктердің, берісі ғұн, скиф, сақ тайпаларының мекені болуы мүмкін деп мөлшерлеп болжаған.

Ауыл ұстазы құпиясын тауып, сырын ашуға асыққан Доланалы теліміндегі петроглифтер көптігімен қоса, әртүрлі болып келетіндігімен де ерекше көрінді бізге. Бейне бір тасқа таңба салудан жарыс өткендей ме, дерсің бұл жерде. Бұл жотаның сансыз көп таңбалы тастары Күршім өңірінің бір кішігірім тарихи куәлігі іспетті. Тауешкі, бұғы, жылқылар, түйелер, адамдар, күн бейнесі… Қатар-қатар жатқан тастарға бірінен соң бірін ойып, қашап, шекіп сала берген. Әрі тастағы таңбалар анық, айқын көрінеді. Дегенмен бүлініп, бүгінгі ұрпақтың қолымен «таңбаланып» жатқан тастар да табылды. Кеңшар кезінде осы жотаның маңында қырықтық орны болыпты. Осы арадан үш шақырымдай жерде Бесжылдық ауылы тиіп тұр. Айдалада қараусыз жатқан тарихи ескерткішке ғылыми-зерттеу ғана емес, күтім, қамқорлық та керек болып тұрғаны байқалады. Қамқорлыққа алынып, көлік шоқырақтап әрең жүретін қара жолы жөнделсе, Доланалының таңбалы тасы Күршім ауданындағы, облыстағы тағы бір құнды тарихи орын, туристік нысан болатыны сөзсіз.

Сарыөлең ауылдық округінің қызметкері Ерғали Мадинов Белағаш пен Доланалы телімдеріндегі таңбалы тастар орынын қоршап, тарихи ескерткішті күтіп ұстауға қаржының жоқтығы қолбайлау болып жүргенін, аталған мәселе туралы аудан әкімдігіне ұсыныс айтылғанын жеткізді. Қаржы бөлініп жотаны қоршап, бұл жаққа жол салып, күре жолдың бойынан Доланалыға қарай көрсеткіш, нұсқаушы белгі қойылса, тарихи жәдігерлер жатқан жота кімді де болса қызықтырмай қалмасы аян. Таңбалы тастарға археологиялық құжаттандыру, консервациялық, геологиялық зерттеулер жүргізіліп, картаға түсірілсе, суреттердің жиынтығы, көшірмесі жасалса, Күршім ауданында Ақбауырға жете-қабыл шағын аспан асты мұражайы пайда болар ма еді дейсің. Табиғи өзгерістерге ұшырамай сан ғасырды артқа тастап сол күйінде сақталып, сол қалпында бізге жетіп отырған бұл ескерткіштер еленбей қалмай, ел көретін, жұрт келетін қасиетті тарихи орынға айналуы керек. -Доланалыдағы жартастарға салынған таңбалардың тағы бір басты ерекшелігі – тастардың беті алдын ала тегістеліп, суреттер салуға әбден даярланғандығы. Петроглифтерде жылқы мен қойдың суреті өте көп кездеседі. Бұл сол кездегі адамдардың мал шаруашылығымен айналысқанының айқын дәлелі. Түйелердің қатарынан салынуы «Алтын тізбек» мағынасын меңзейді. Жотадағы тастарда темір дәуіріндегі сақ тайпаларының діни наным, сенімдері де көрсетілген, бұған дәлел – мүйізді бұқа мен күннің суреті. Бұл жердегі петроглифтердің белгілерін талдай келе, оларды сақ тайпаларының ерте замандағы көршілері аримас тайпаларының қолымен таңбаланған деп болжап отырмыз. Таңбалардың арнайы құралдармен, тастарды кесіп, тегістей отырып бетіне бедерлене салынғанын да аңғардық. Жота қырқаларының үсті ғана емес, асты да зерттелуі тиіс деп ойлаймын, ол жерде обалар мен қорғандар орынының бары әрі олардың ерекше келгендігі байқалады. Аудандық тарихи өлкетану мұражайы, аудан әкімдігі тарапынан Сарыөлең тарихи ескерткіштері орынын зерттеуге қолдау көрсетілсе, бұл жерге Самашев сияқты археолог ағаларымыздың аяғы жетсе, туған өлкеміздің тарихына қатысты талай құпия, сырдың ашылары сөзсіз,- дейді Сарыөлеңдегі таңбалы тастарды зерттеп жүрген осы ауылдағы мектептің түлегі Жаңыл Адақ. Университеттің филология факультетінде оқып жатқан Жаңылға тарих кафедрасының оқытушылары Сарыөлең жақтағы таңбалы тастарды бірлесе зерттеуге ұсыныс жасаған.

Өлкетанушы, тарихшы Талаптан Тойбаев оқушылардың жазғы демалысы кезінде Сарыөлең ауылындағы балалар лагерінің директоры бола жүріп, балаларды жыл сайын таңбалы тастар басына әлденеше рет апарып, туған жердің тарихымен жақынырақ таныстыруға тырысқан екен. Бертінде Сарыөлеңнен әрі қарай Маралды, Қойтас ауылдары маңындағы таңбалы тастар шоғырына экскурсиялық шеру де ұйымдастырмақшы болыпты. Бірақ мезгілсіз келген ажалдан бастаған ісі жүргізілмей қалған.

Abai.kz

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
3 года назад 1547
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232