Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас ғылыми қызметкері Сумия Сваминатан коронавирусты емдеуі мүмкін жалғыз дәріні атады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, коронавирусқа қарсы препараттарды сынауда тек "Ремдесивир" жақсы нәтиже көрсеткен. Ол аталмыш дәрінің арқасында ауруханаға түсіп жатан адамдардың санының азайғанын атап өтті, алайда дәрі өлімнен құтқарып қала алмайды дейді Сумия.
Бұған дейін Еуропалық комиссия "Ремдесивирды" Еуропалық Одақта сатуға рұқсат берген болатын. Комиссия дәрі-дәрмекті Еуропада "бірқатар шарттарға сәйкес" сатуға рұқсат берді, бірақ олардың шарты әлі жарияланбады. Бұл ЕО-да бекітілген алғашқы коронавирусқа қарсы препарат екендігі атап өтілді.
"Ремдесивир" АҚШ-та коронавирусты емдеуге 1 мамырда бекітілген. Бұрын ол Эболамен күрес аясында әзірленді, бірақ кейін оның тиімділігі дәлелденбеді. Кейін ол SARS және MERS инфекциясын емдеуде өз тиімділігін көрсетті. Алайда, COVID-19 пневмониясын емдеуде ремдесивирдің тиімділігі туралы зерттеулер әлі де жалғасуда. Препарат вирусқа қарсы тұру үшін әлі де пайдалы болуы мүмкін екендігі атап өтілді.
Антибиотик науқастың иммунитетін одан әрі төмендетеді – дәрігер
Қазіргі уақытта КВИ жұқтырғандар еш қадағалаусыз антибиотик қабылдап жатыр.
Медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты дәрігер Раушан Қарабаева коронавирус жұқтырған науқастар антибиотик қабылдауға асықпауы тиістігін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта КВИ жұқтырғандардың еш қадағалаусыз антибиотик қабылдап жатқанын байқадық. Антибиотиктер ағзаның иммундық жауабын қалыптастыруға қажетті ішек микрофлорасын бұзады. Сәйкесінше, пациенттің иммунитеті одан әрі төмендей түседі. Одан бөлек, қажетсіз антибиотикті тағайындау – микроағзаларды бактерияға қарсы заттарға тұрақты және төзімді етеді. Бұл – өте өзекті жаһандық мәселе деуге болады, адам бойында антибиотикті сезбейтін микроағзалар штаммы пайда болады және келешектегі бактериялық инфекцияларды емдеу ісіне ықпал етеді», - деді дәрігер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн конференцияда.
Сонымен бірге, дәрігер ауыр инфекцияларда ғана қолданылатын резервті антибиотиктердің де пайдаланылып жатқанына алаңдаушылық білдірді. «Оған жол беруге болмайды, себебі пациенттің жағдайын одан әрі ауырлатуы мүмкін. Бактериялық компонент болған кезде коронавирусты антибиотиктермен тек дәрігердің нұсқауымен ғана емдеу қажет», - деді Р. Қарабаева.