Тiлiнiң "иммунитетi" өте күштi қазақты аз уақытта орысша шүлдірлетiп жiбергiсi келген отаршылдар ең ақырында не iстегенiн бiлесiз бе?... Әлiпбиiмiзге орыс әрiптерiн тықпалап, қазақты өзінің үйреншікті сөйлеу мақамынан айырды. Осының кесiрiнен бұрын большевиктi "бәлшебек" деп келген қазақтар аз уақыттан кейiн большевик, революция деген сөздерді қиналмастан оп-оңай айта алатын болды. Орыстың өзiне сiз ешқашан «БӘЛШЕБЕК» деп айтқыза алмайсыз. Өйткенi, тiлiнiң "иммунитетi" бұзылмаған. Әлі күнге дейін тәрбиеге көнбей, Мұқтарды - Мухтар, Оңалды Анал, Отанды Атан, Мағжанды Магжан, Құртқаны Куртка деп шатып-бұтып жүргендері содан. Біз болсақ, келімсектердің ығына жығылып, олардың аты-жөнін қаз-қалпы, «мұрты бұзбай» айтуға тырысамыз. Бүйтпесек, сөзге қалып, өзімізді «сауатсыз» санай ма деген құлдық психологияның жетегінде жүрміз. Отарсыздану процесі мен реформаны ең алдымен орыс грамматикасымен кіндігі байланып туған, сол кездің «сарқыты» секілді болып келе жатқан бодан болмысты осы алфавиттің өзінен бастап, кірме сөздерді қайтадан қазақы мақаммен айтудан бастауымыз қажет. Әйтпесе, басқасы бос сөз...
Жолымбет Мәкіш
Facebook-тегі парақшасынан