Осыдан біршама уақыт бұрын автобуста кетіп бара жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, аялдамаларды хабарлап тұратыны бар ғой. Бір кезде сол хабарлағыш: "Келесі аялдама Смағұл Сәдуақасов көшесі" деді. Әлгі аялдамаға жеткенде тағы да: "Смағұл Сәдуақасов көшесі. Келесі аялдама..." деп хабарлады. Сонда анадай жерде отырған бір әйел кісі: "Смағұл Сәдуақасов деген кім? Тек қана атын айтып қоймай, ол кісілердің өмірбаяны туралы айтса болады ғой" деді. Расында көп айтыла бермегендіктен ол кісілер туралы білетіндер аз. Сол үшін Смағұл Сәдуақасовтың қысқаша өмірбаяны әрі ерліктері баяндалған мақаланы сіздермен де бөлісейін дедім.
Смағұл Сәдуақасов (1900-1933) — кеңестік мемлекеттік саяси, мәдениет қайраткері. Бұрынғы Көкшетау облысы, Ленин ауданы, Жарқын ауылында туған.
Он жасына дейін «Ғалия медресесін» бітірген өз әкесі Сәдуақас хазіреттен тәлім-тәрбие алып, одан кейін Әбіл молда мектебінде білімін жалғастырады. 1912-1915 жылдары Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ училищесін бітіріп, бір жыл мұғалім болады да, Омбыдағы ауылшаруашылық мектебіне түседі.
1918-1920 жылдары «Центросибирь» кооперативтер бірлестігінде қызмет етеді.
1920 жылы Орынборда Қазақстандағы алғашқы жастар ұйымының хатшысы болып сайланады.
Сол жылы жаңа құрылған Қазақ Автономиялы республикасының үкімет басшылығына қызметке алынады. 1925-1926 жылдары «Еңбекшіл қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінің жауапты шығарушысы, әрі «Қызыл Қазақстан» («Ақиқат») журналының редакторы, 1925-1927 жылдары Қазақ АССР Халық ағарту комиссары, 1927-1928 жылдары Ташкенттегі қазақ педагогика институтының ректоры қызметтерін атқарды.
1928-1932 жылдары Мәскеу көлік инженерлері институтын оқып бітірген соң Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек етті.
Мемлекеттік, қоғамдық қызметпен қоса әдеби-ғылыми шығармашылықпен айналысып, сол кезде шығып тұрған қазақ, орыс тілдеріндегі көптеген газет-журналдарда саясат, шаруашылық, ел ісі, мәдениет, әдебиет, өнер, тарих мәселелерін сөз еткен мақалалары жарияланды.
Көркем әңгімелері де жарық көрді. Оның «Жастармен әңгіме» (Орынбор, 1925 жылы), «Ұлт театры туралы» (Қызылорда, 1926 жылы), «Қазақстандағы халық ағарту мәселелері» (Қызылорда, 1927 жылы) деген үлкенді-кішілі кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ Қазақстандағы ұл-азаттық көтеріліс пен Қазан төңкерісінен кейінгі ел өмірін арқау еткен «Сәрсенбек» атты романы да бар. «Салмақбай, Сағындық» (1923 ж.), «Күміс қоңырау» (1927 жылы) повестері қазақ әдебиетіндегі проза жанрын дамытуға қосылған үлес болып табылады.
С. Сәдуақасов «Еңбекшіл қазақ» («Егемен Қазақстан») басылымды екі рет (1921 жылы қаңтар — 1921 жылы ақпан және 1925 жылы қаңтар — 1926 жылы сәуір) басқарған кісілердің бірі.
Смағұл Сәдуақасовтың бүкіл қайраткерлік, азаматтық болмысы жарқырай танылған кезең 1925-1927 жылдар еді. Бұл кезде ол республика халық ағарту комиссары, әрі өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі болды. Бұл кезең сонымен біргеФ.И.Голощекиннің Қазақстан өлкелік партия комитетін басқару кезімен дәлме дәл келеді.
С. Сәдуақасов мен Ф.Голощекиннің арасындағы келіспеушілік, қақтығысты тарихшылар төрт түрлі мәселеден сабақтап жүр. Олар біріншіден, мекемелердегі іс қағаздарын қазақыландыру, екіншіден, қазақтың оқыған, көзі ашық зиялы қауымына деген көзқарас, үшіншіден, байлар мен орташаларға деген көзқарас, төртіншіден, өнеркәсіпті дамыту.
Асыл азамат 33 жыл ғана ғұмыр сүріп, 1933 жылы Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысындағы апатта қайтыс болды.[1] [2]
Дереккөздер
1. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3
2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
Смағұл Сәдуақасов: «Мен «Кіші октябрьге» қарсымын»
«Егемен Қазақстан» газетінің өткен жылғы 31 желтоқсандағы нөмірінде ұлт рухының жанашыры болып жүрген белгілі азамат Сабыр Қасымовтың Смағұл Сәдуақасовтың сүйегінің күлін еліне қайтаруға байланысты Мәскеу мэриясының шешімі жөнінде хабары жарияланды. Мәскеуде қайтқан адамның денесін өртеп, күлін арнайы орынға қою үрдісі бұрыннан болған. Қазір де солай. Ендігі жерде Алаш арысының сүйегінің күлін өз орнымен және тиесілі мәртебеде ата жұртында жерлеу рәсімі шешімін табады деп сенуге болады. Осы тарихи оқиғаға орай С.Сәдуақасовтың өмірі мен қызметіне байланысты мақаланы оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Нарком
Ф.Голощекин 1925 жылы Қазақстанға басшылыққа келіп, мұндағы жағдаймен танысып алған соң И.Сталинге арнайы хат жолдады. Онда өзінің «Кіші октябрь» аталған бағдарламалық курсын негіздеп, оған Бас хатшының толық қолдауын алды. Бағдарламаның өзекті жібі ретінде Қазақстандағы саяси билікке белсенді түрде кеңестік, яғни таптық сипат беру, оны «байлардың», яғни, алашордашылардың ықпалынан аршып алу, осы мақсатта жергілікті орындарда партиялық ячейкалардың рөлін күрт арттыру сияқты мәселелер қойылды. Бұл шын мәнінде Қазақстандағы билік жүйесінің бұдан былайғы кезеңдегі саяси мазмұны жөніндегі мәселенің жаңа сипат алуы еді. Басқаша айтқанда, Голощекин сияқты ұлт мәселесінде мүлдем сауатсыз басшы арқылы коммунистік басшылық Қазақстандағы билік жүйесінің мазмұндық тұрғыдан жалпы ұлттық сипат емес, таптық сипат алуға тиіс екендігін ашық білдіруі болатын. Сонымен бірге, осы арада мынадай бір жағдайға көңіл аудармасқа лаж жоқ. Өзін «таза» таптық мазмұндағы билік ретінде көрсетуге тырысқан кеңестік жүйе, шын мәнінде осы мезгілден бастап-ақ таптық сипатпен қатар шовинистік, яғни орыстық сипаттарды өзара үйлестіре алып жүрген гибридтік мемлекеттік жүйе болғандығын айтқан жөн. Қазақстанда оның бұл ерекшелігі экономика, қоныстандыру, кадр және тіл сияқты салалардағы ұстанымдарынан анық көрініс тапты.
Голощекин билікке келген уақыттан бастап-ақ мемлекеттік биліктің әлеуметтік мазмұнына байланысты ұлттық басқарушы топтың да өзара қарсы екі ұстанымға бөлініп кеткендігі байқалды. Кеңестік мемлекеттік автономияға жалпыұлттық сипат, мазмұн беруге күш салушы бірінші топ Голощекин ұсынған бағдарламаны қазақ ауылында жасанды түрде «азамат соғысын» тудыру әрекеті ретінде бағалады. Ал, келесі екінші ұстанымдағы басшы қызметкерлер Қазақстандағы жағдайға сталиндік орталықтың көзімен қарап, мұнда да басымдылық ішкі Ресей губернияларындағыдай таптық мәселелерді шешуге берілгенін жөн санады.
Уақыт Смағұл Сәдуақасов бастаған бірінші топтың болжамының дұрыс екендігін көрсетті. 20-шы жылдардың соңына қарай жаңа биліктің экономикалық және әлеуметтік саясатына қарсылық танытқан бас көтерулер бүкіл қазақ даласында өріс алды. Қарулы қарсылық сонымен бір мезгілде ауқаттылар мен орташалардың негізгі байлықтары - малдарын жаппай аяусыз қырып салуға немесе көрші елдерге қоныс аударуға ұласты. Қазақ даласында мал басы күрт кеміп кетті. Бұл ешқандай да асыра айтусыз нағыз «азаматтық соғыстың» көрінісі еді.
Сонымен, Голощекин келген мезгілден бастап Қазақстандағы мемлекеттіліктің мазмұнын анықтауға байланысты егес жоғарыда аталған екі топтың арасында өрбіді. Голощекин өз тарапынан қазақ басқарушы тобы арасындағы ымырасыз күрестің түпкі тамыры мен шынайы мазмұнын түрлі айла-әдістер арқылы мүмкін болғанша тереңірек жасыруға тырысты. Анығырақ айтқанда, алғашқы топтың енді қалыптаса бастаған мемлекеттік билікке ұлттық мазмұн беру әрекетін мойындауға қарсылық танытты. Оның мұндай ұстанымы орталықтың саяси бағытына сәйкес келетін еді. Сондықтан да Голощекин жоғарыда аталған екі топтың арасындағы күресті қазақ қоғамы ішінде бұрыннан келе жатқан «топшылдық дерті» есебінде көрсетуге тырысты. Кезінде Т.Рысқұлов Қазақстан басшысының бұл қитұрқы әрекетіне «голощекин әдісі» деген ат беріп, оның астарында «щиналармен» қорқытып кез-келген өзара сынды қыспаққа алу, «сол арқылы партия ұйымының назарын соңғы жылдары Қазақстандағы социалистік құрылыс мүддесіне ұшан-теңіз зиянын тигізген қателіктердің түп-тамырын ашудан басқа жаққа аударып жіберу» мақсаты жатқандығын дәл басып көрсеткен еді.
Міне, осы тұрғыдан келгенде С.Сәдуақасов ұсынған саяси ұстаным сол тарихи мезгілде мәскеулік Орталықтың Қазақстанда орнықтыруға бет алған билік жүйесіне балама мемлекеттік басқару тәртібі болатын. Бұл соңғы ұстанымның негізінде Ә.Бөкейханов бастаған алғашқы буын ұлт зиялыларының, сондай-ақ С.Сәдуақасов, Т.Рысқұлов және Ж.Мыңбаев бастаған келесі екінші буын қайраткерлердің мемлекеттілікке байланысты қазақ қоғамының терең де түпкілікті сұраныстарына үйлесімді теориялық тұжырымдары жатты.
Мемлекеттік аппаратты жергіліктендіру нені білдіреді? Кеңестік идеологиялық аппарат С.Сәдуақасов пен оның идеялас серіктерін «Қазақстан - қазақтар үшін» ұстанымдағылар немесе қазақ қоғамының сауаттылық деңгейімен және маман кадрлардың жетімсіздігін есепке алмастан тез арада «партиялық және кеңестік аппаратты тек қазақ ұлтының пайдасына сәйкестендіріп» қазақтандыруды талап етуші топ ретінде көрсетуге тырысты. Ал, шын мәнінде С.Сәдуақасов жоғарғы басшылық арасында жергіліктендіру саясатының ішкі мазмұнын терең түсінген қайраткер болатын. Ол Өлкелік партия комитетінің бюро мәжілісінде: «Егер бүкіл аппарат тек қазақтардан ғана тұрса, біз осыны жергіліктендіру деп мойындай аламыз ба? Қызметтес адамдар бұл жергіліктендіру емес деп айтып жүр. Мен де олармен келісемін. Жарайды, аппаратта тек қазақтар ғана отыр делік, ал егер олар сол аппаратты қалың бұқараға қызметке қоюда түк бітіре алмаса, ондай жергіліктендіруден не пайда?» деп көрсетті. Ал баспасөзде жарияланған мақаласында: «Проценттер мәселенің түйіні емес, бірақ оларды да ұмытуға болмайды. Тұрғындардың 90 проценті қазақтардан тұратын үйездердегі мекемелердің орыс тілінде қызмет етуі қандай принциптерге сай келер екен?» - дейді.
Ескі патшалық отарлаушы аппараттың жұмысын жақсы білетін С. Сәдуақасов оның халықты түрлі қасиетінен, салт-дәстүрінен айырып, бойында құлдық мінездің тамыр жаюына жағдай туғызғанын терең түсініп, жаңа мемлекеттік биліктің негізгі міндеті - халықты рухани құлдықтан құтқару, еңбекші бұқараның тек таптық қана емес, сонымен бірге, ұлттық мүддесін де қорғай алатындығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде де дәлелдеуін талап етті. Осы ойды айта келіп ол «Еңбекші қазақта» жариялаған мақаласында нақты мысалға сүйеніп, төмендегідей тұжырым жасады: «Мысал үшін мынандай бір сөз айтайық: қазақ базарға сатуға сиырын алып келді. Расписка қазақша жазылған. Оны қазақша білмейтін милиция дұрыс деп таппады. Алған расписканы орысша жазып әкел деді. Жай қарағанда, бұл, әрине, ұсақ нәрсе. Ұлттық психология жағынан тексерсек, бұл - үлкен жұмыс. Қазақша жазылған расписка жарамағаннан кейін ана қазақтың жүрегінде өз ұлтының кім екендігі сезіледі. Оның көзіне қазақтың жұмысының бәрі орынсыз, осал секілді боп көрінетін болады. Ол өзінің күшіне сенбеуге айналады. Оған басқа ұлттың алдында жасқаншақтық пайда болады, өз жерінде кеудесі көтеріліп, аяғын алшаң басып жүре алмайды».(«Еңбекші қазақ», 1927, ақпанның 16-ы).
С.Сәдуақасов мемлекеттік аппаратты қазақтандыруды батыл қойып, ол процестің пәрменді түрде жүруі үшін күрес жүргізгенде, оның қарсыластары ойлағандай, арзан бір күндік, тар таптық немесе пендешілік мақсаттарды көздеген емес. Редактор қызметіне бекітіле салысымен «Еңбекші қазақтың» өзі қол қойған санында жариялаған «Ойланатын уақыт жетті» атты бас мақалада: «...Қазақ тілін іске асырғандағы біздің мақсат: қазақтың бір-екі оқығанын «төре» қылу, оларға ақша табу емес. Мекемеде отырған қазақ ауылда жатқан қара шаруамен қазақша байланыссын. Ауылдан біреу қалаға келсе, қара қазақ өз тілінде арыз етіп, өз тілінде жоғын жоқтап алатын болсын. Бұл сықылды жеңілдіктер біздің «қазақтандырылған» мекемелеріміздің қолынан әбден келетін болсын. Осы күнгі біз білетін мекемелер бұны істеп отырған жоқ...» - деп жазды («Еңбекші қазақ», 1925, қаңтардың 8-і).
Бұл дәлелсіз айтылған сөз емес, оның негізінде республика жағдайынан кең және терең хабардар қайраткердің әбден көзі жеткен тұжырымы жатты.
Жоғарыда айтылғандай Голощекин Қазақстанға келгенде С.Сәдуақасов Халық ағарту комиссары және «Еңбекші қазақтың» жауапты редакторы қызметтерін қатар атқарып жүрді. Халық ағарту комиссариаты бұл кезде республикадағы ең ірі комиссариаттардың бірі болатын. Оған оқу орындары түгелдей, театр және өнер, ғылым мен баспа қарады. Республика өмірінде бұл комиссариаттың рөлінің жоғары болуы, сондай-ақ оның жергілікті қазақ халқының күнделікті тыныс-тіршілігімен тығыз байланыста болуында еді. Міне, осы тұрғыдан алғанда, бұдан бұрын А. Байтұрсынов, А. Кенжин сияқты белгілі қайраткерлер істеген Оқу-ағарту халкомы қызметіне С.Сәдуақасовтың келуі де, әрине, кездейсоқ емес-тін. Тура сол тарихи кезеңде Қазақстандағы оқу-ағарту жүйесінің ең өзекті мәселелерін, даму үрдістерін жақсы білетін және қоғамдық сұранысқа сәйкес тура шешімдер қабылдай алуға даяр басқа қайраткерді табу қиын еді. Өзінің халкомдық қызметінде С.Сәдуақасовтың екі мәселеге аса үлкен назар аударғандығын байқауға болады. Олар жаңа талапқа сай мұғалім кадрларын қалыптастыру және қазақ мектептерін оқулықтар, оқу құралдарымен қамтамасыз ету еді. Оқу-ағарту халкомының сол тарихи кезеңдегі қазақ мектебінің өзекжарды мәселелері туралы, мұғалімдердің негізгі міндеттеріне байланысты пайымдауларын оның «Еңбекші қазақта» (1926, ақпанның 6-ы) жариялаған «Оқу ісінің кемшіліктері, оларға қарсы шаралар» атты мақаласынан айқын аңғаруға болады. Онда комиссар: «Мектепті түзейтін мұғалім. Мұғалім мектептің ұстасы. Мектепті бұзатын да мұғалім. Балық басынан шіриді. Мұғалім жолынан таймай, мектеп бұзылмайды. Мұғалім деген қадірлі ат. Мұғалім қадірлі болғанда ғана мектеп көркейеді. Жұрт мұғалімді танымаса, оны сыйламаса, мектеп те жөнделмейді», - деп көрсетіп, одан әрі қазақ мұғалімдері арасында орын алып отырған кемшіліктерді үлкен жанашырлықпен баяндайды. Олар жұртты да, өкіметті де алдайтын жалған мұғалімдік, әкімшілдік, атқамінерлік. Ауылдағы мұғалім азаматтардың «нағыз үлкен істі, нағыз керекті істі дұрыстап қолға алудың орнына көбінің «әкімшіліктің соңында далақтап шауып» жүргенін, ал осы сипаттағылардан: «Милицияға бастық боласың ба, мұғалім боласың ба?» десе... алдымен «милицияны таңдайтындығын» айтып, өкініш білдіреді. Бұл оқу-ағарту халық комиссары тарапынан дер уағында айтылған орынды сын болатын. Бірақ, С.Сәдуақасовтың оппоненттері халком пікірінен басқа астар іздеді, оны совет мектебін, совет мұғалімін мұқату, кемсіту мақсатында айтылған сын есебінде бағалады. Голощекинге оның серіктеріне мақала мазмұнын осы тұрғыдан жеткізуге тырысты.
Тарихи шындық сондай, 20-30-шы жылдары қазақ мектептері мен педагогикалық оқу орындарында айналымға түскен оқулықтар мен оқу құралдарының авторлары негізінен партияда жоқ, кезінде ұлт-азаттық қозғалысқа белсенді ат салысқан ұлт зиялылары болатын. Олардың қатарында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, К. Кемеңгеров, Ә. Бөкейханов, Е. Омаров, М.Әуезов, Ж.Тілеулин, М.Жолдыбаев, Т.Шонанов, М.Жұмабаев және басқа көптеген ғалым, жазушылар бар еді.
Оқу-ағарту халкомының жұмысын қараған өлкелік партия комитетінің бюросында қазақ тіліндегі оқулықтарды оқу-ағарту комиссариаты тек алаштық зиялыларға жаздыруда деген пікірге жауап берген С.Сәдуақасов: «Оқулықтар мәселесі жөнінде мен аз айтып келе жатқан жоқпын. Біздің қазақ мектептерін басқаруымыз және оның ісін жоспарлауымыз қаншалықты дұрыс болғанымен, егер оларды жеткілікті дәрежеде қазақ тілінде жазылған оқулықтармен қамтамасыз ете алмасақ, жасаған әрекетімізден ештеме де шықпайды. Оқулық жазу ісіне біз партияда жоқ бірнеше зиялыларды тарттық, ал олар жақсы-жаманды біраз оқулықтар жарыққа шығарды. Ал бұл іске тартқан коммунистер не бітірді? Шынын айту керек, оқулық жазу өте бейнетті, ауыр, ерекше жұмыс, бізде коммунистердің ондай жұмысқа құлқы жоқ. Ал егер оған ірі қызметкерді жұмсасақ, олар каторгаға жер аударылғандай күйге түседі... Байтұрсыновтың оқулықтары қаншама жарамсыз дегенімен, бізде қазір олардың өзі де жетпей отыр. Осы тұрғыдан алғанда, әрбір жиналыстарда, әрбір көше бұрылыстарында партияда жоқ зиялыларымызды ғайбаттауды доғаратын уақыт жетті. Олар жазған оқулықтарды салдарлы талқыдан өткізіп сын жазу қажет. Бізде ол жоқ, тек бәрі де жаман деген құрғақ сөз ғана бар. Мен ескіні ауыстыра алатын жаңа ештеме бермей тұрып, барды жамандай беруді негізсіз қысыр сынға жатқызамын», - депті тайсалмай.
Жоғары биліктегі коммунистер алаш атынан алты қырды айналып қашып жүргенде Халық комиссары С.Сәдуақасов шығармашылықтағы алаштық зиялыларға қаржылай түрлі қолдаулар жасап отыруды өз бақылауында ұстады. Мәселен, 1926 жылы М.Әуезов «Қаракөз» драмасы үшін шамамен екі мың, Ж.Аймауытов «Шернияз» драмасы үшін бір мың рубль сыйлық алды. А.Құнанбаев пен С.Торайғыровтың шығармаларын жинап, құрастыруға арнайы қаржы бөлінді. Ж.Аймауытов 1926 жылдың 6-7 айы көлемінде жазған шығармалары үшін он мың рубль көлемінде қаламақы алды.
С.Сәдуақасовтың бұл кезеңде қоғам, әсіресе, мұғалімдер арасындағы беделі өте жоғары болғандығы байқалады. Оны мынадай фактілер қуаттай түседі. 1926 жылы ақпанда ол министрлік және бас редакторлық қызметтен босатуын өтініп арыз жазады. Бұл жағдай Қазөлкеком бюросында қызу айтыс тудырып, оның арызы қанағаттандырылмайды. Міне, сол талқылауды қорытқан Ф.Голощекин: «Бізге көпшілік не айтады. Біз барлық газеттер арқылы немесе әрбір ауылды аралап жүріп Сәдуақасовтың өзі кетті деп сендіре алмаймыз ғой. Жоқ, бұл Сіз үшін де, біздің көпшілігіміз үшін де пайдасыз болмақ», - деген тұжырымды айтады.
Дегенмен, Голощекин бастаған республикалық басшылықтағы қарсыластары С.Сәдуақасовқа заман сұранысына лайық саяси ұстанымын еркін өткізуге мүмкіндік берген жоқ. Оның жоғары биліктегі қызметі ауыр арпалыста болды. 1927 жылы 25-26 ақпан күндері Қызылордада мұғалімдердің республикалық бірінші съезі болып өтті. Ф.Голощекин мен оның серіктері съезді даярлау ісін басқарған Оқу-ағарту комиссары С.Сәдуақасовқа съезді ашып және оны жүргізу мүмкіндігінен айырды. Съездің алғашқы күні кешінде үйіне оралған ол Мәскеудегі зайыбы Лиза Әлиханқызына жолдаған хатында: «Мен жаңа ғана мұғалімдер съезінен келдім. Біз оны бүгін бастадық. Съезді оқу-ағарту қызметкерлері одағының төрағасы ретінде Байділдин ашты, үкімет мүшесі болғандығымнан ондай міндетті атқару маған жөнсіз екен, мұғалімдер съезі тым қазыналық сипат алып кетпек екен. Мен қарсылық көрсеткенім жоқ, өйткені оның пайдасыздығын байқадым. Бірақ, оның есесіне съездің маған деген қатынасы терең толғанысқа түсірді. Мінберге құттықтау сөзбен шыққанымда делегаттар бірнеше минут бойы құрметін көрсетіп қол соғып тұрып алды. Ешкімге де (арасында Голощекин мен Нұрмақов та бар!) делегаттар мұндай қатынасын білдірген жоқ. Овация! Мен моральдық тұрғыдан барлық жүз пайызға қанағаттандым, енді міне, кешегі съезді ашпайсың деген хабарды естіген күйден бүгін мүлдем басқа көңіл қошында отырмын», - деп жазды. Бұл, әрине, қоғамның өзі туралы жағымды пікірін бәрінен де жоғары қойған күрескер тұлғаның атқарған қызметінен кішкене де болса ләззат тапқандығының көрінісі болатын.
Редактор
Бұған дейін Омбыдағы «Кедей дауысы» және Орынбордан шығып тұрған жастар газеті «Еңбекші жастар» газеттерін шығаруға атсалысқан С.Сәдуақасовты Қазақ өлкелік партия комитеті республикалық «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы қызметіне бекітеді. «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы 8 қаңтардағы №274 саны оның қолымен шықты.
Құжаттардың көрсетуіне қарағанда газеттің беделі бұл уақытқа дейін жоғары болмаған. Тартымсыздығынан оның тиражы барған сайын төмендей түскен. Сондықтан да басшы орындар оған жазылуға міндеттеу әдісіне көшкен. С.Сәдуақасов келген бетте республикалық орталық газетті қалың бұқараның үніне және оның белсенді қоғамдық санасының қалыптасуына пәрменді ықпал жасай алатын қуатты құралға айналдыруға тырысты. 17 ақпаннан (№ 290) бастап газет «еңбекшіл» емес, «еңбекші» атала бастады және бірінші кезекте газет авторларының құрамына көңіл аударылды. Осыған орай, кезінде С.Сәдуақасов «Еңбекші қазақ» бетінде негізінен «ұлтшыл» партияда жоқ интеллигенцияға орын беріп, таптық позициясы анық, коммунист авторларға жол бермеуге тырысты деген пікірдің жала екендігін атап айтқан жөн. Смағұл ағамыз редакторлық жасаған мезгілдегі «Еңбекші қазақ» беттерінен жаңа билікке сын көзбен қараған М.Әуезов пен Ж.Аймауытовтың, жаңа қоғамның көрігін қыздырушылар С.Сейфуллин мен С.Мұқановтың, әдебиет пен өнердегі «ауытқушылыққа» қарсы күрес жүргізген Ә.Байділдин мен Ғ.Тоғжановтың мақалалары мен шығармаларын кездестіруге болатын еді. Анығырақ айтқанда, С.Сәдуақасов баспасөз бетіндегі көп пікірлікті қолдаушы және оны іске асырушы да болатын.
Жауапты редактор газеттің негізгі авторларының біріне айналды, оның қаламынан туған бас мақалалар сол тұстағы қазақ қоғамының ең өзекті мәселелерін көтеріп, газеттің бағытын анықтап отырды. Дегенмен, редактордың тым өткір мақалалары оның жоғары биліктегі оппоненттеріне ұнай қойған жоқ. Голощекин мен оның серіктерін қалыбынан шығарған «Торғай ісі» болды. «Еңбекші қазақ» газеті 1926 жылы 15-26 наурыз аралығында «Астанадағы сотта» айдарымен Қызылордада өтіп жатқан сот процесінен оқырмандарға үздіксіз хабар беріп тұрды. С.Сәдуақасов сот процесінің негізінде саяси мүдделер қайшылығы жатқандығын, әрине, жақсы білді. Сотқа тартылған адамдардың бәрінің бірдей кінәлі еместігін де түсінді.
«Торғай ісі» оны ұйымдастырушылар ойлағандай аяқталмағандығы мәлім. Негізгі айыпкерлердің бірі жазушы Жүсіпбек Аймауытовқа тағылған қылмыс орынсыз деп табылып, ақталып шықты. Артынша ол Оқу-ағарту комиссариатының ұйғарымымен Шымкенттегі қазақ педагогикалық техникумына директорлық қызметке жіберілді.
С.Сәдуақасов редактор ретінде «Еңбекші қазақта» әдеби шығармалардан көркемдік сапасы жоғары дүниелер басылуға тиіс деп санады. Ол жалпы әдебиеттегі жалаң ұраншылдыққа, тар тапшылдыққа үзілді-кесілді қарсы шықты. «Біздің тапшыл ақындарымыздың жазғанынан айқайы көп», деп, С.Сейфуллин мен С.Мұқановтың творчествосын ашық сынға алды, кемшіліктерін көрсетті.
Партияда жоқ интеллигенцияның «ықпалында» болуы, саяси «ұстамды емес», «партиялық бағытқа қарсы мақала, фельетон, өлеңдерді жариялауы», «өлкелік комитет директиваларын орындаудағы ұқыпсыздығы», «қайсыбір жолдастардың материалдарын негізсіз баспай ұстауы», міне осы сияқты «кемшіліктер» редактор үшін, әрине ізсіз өткен жоқ. 1926 жылы 18 сәуірде Қазақ өлкелік партия комитетінің бюросы «Еңбекші қазақтың» редколлегиясы туралы мәселе қарап С.Сәдуақасовты редакторлық қызметтен босатып, оның орнына жауапты редактор және өлкелік комитеттің баспасөз бөлімінің меңгерушісі қызметіне Т.Рысқұловты бекітті.
* * *
1926 жылы 12-14 қараша аралығында, яғни Мәскеуде өткен Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің сессиясы жүрген күндері ресми мәжілістерден соң Т. Рысқұловтың басқаруымен БОАК мүшелері және орталықта жұмыста жүрген қазақ қызметкерлерінің қатысуымен биресми кеңес өтеді. Негізгі баяндаманы БОАК жауапты хатшысының орынбасары С. Асфендияров жасайды. Қазақстаннан оған аталған кісілерден басқа С. Қожанов, Ж. Мыңбаев, Ж. Сұлтанбеков қатысып (барлығы 11 адам), сөз сөйлейді. Кеңесте сөйлеген шешендер егер қысқарта айтсақ, сөздерін жаңа биліктің жаңа отаршылдық (неоколониялизм) саясатын сынауға арнайды.
Кеңестің ізін ала барлық ұлттық республикаларда онда жасалған тұжырымдар талқыға түсіп, ресми бағасын алды. Қазақстанда өткен талқылауда Голощекин Мәскеудегі «националдардың» кеңесіне қатынасқан қазақ қайраткерлерінің есімдерін «тозығы жеткен көсемдер», «буржуазиялық интеллигенция», «алашордалық идеологтар», «халықтан тамырын үзген элементтер» сияқты теңеулермен қатар атап, оларды шамасы келгенше қаралап бақты.
- Қорыта айтқанда, революциялық өзгерістерге дейін Ә.Бөкейханов бастаған алғашқы буын зиялылар қойған мәселелер кеңестік билік орнағаннан кейін де сынаптай бұзылып, қардай еріп кеткен жоқ-тын. Олай болса Т.Рысқұлов, Ж.Мыңбаев, С.Қожанов, С.Сәдуақасов сияқты қайраткерлердің өмірге келіп, ұлттық мүддені жалау етіп, саяси күреске араласуы қоғамдық талаптан туған табиғи құбылыс болатын. Голощекин мен оның серіктері бұл құбылыстың да түп тамырына тереңдей бара қойған жоқ, олай ету көп күшті, төзімділікті, уақытты талап ететіндігі белгілі. Сондықтан да олар «ең төте және жеңіл» жолды таңдап алды, ал ұлттық еркіндік пен теңдік мәселесін тағы да қойған ұлттық интеллигенцияның келесі, жаңа буынын «алашордашылар» деп жариялады.
1926 жылғы қараша пленумында жасаған баяндамасында Голощекин «алашордалықтардың екі буынын» анықтап, оларға мынадай баға берді: «Алашордалықтар туралы айтқанда біз шатысып жүрміз. Алашордалықтардың екі түрі бар - ескі басшылары және алашордалықтардың жаңа буыны. Бұлардың өзара үлкен айырмашылығы бар. Егер біз ескі тәртіптегі алашордалықтарды алсақ, маған олардың өткенде бірдемесі болғандай көрінеді. Олар өткен уақытта, қазақ жағдайында, қазақ болмысында революционер, буржуазиялық революционерлер болды. Ал жастарда ол жоқ, оларда ашу-ыза басым, олар кеңестік билікпен күресте есейді».
Әңгіменің кім туралы болып отырғанын түсінген С.Сәдуақасов осы пленумда сөйлеген сөзінде: «Мен осы мінбеден алашорда идеологиясымен ортақ ештеңем де жоқ екендігін мәлімдеймін, өйткені мен коммуниспін. Біздің сорымызға қарай алаш ұстанымына жақын жағдайлар ісімізден, кейде сөзімізден сезіліп жатса, онда оларды тудырған қиындықтарды жеңуі үшін өсіп жетілуіміз керек қой», - деп көрсетіп, одан әрі Оқу-ағарту халық комиссариаты партияда жоқ интеллигенттер көп шоғырланған мекеме, сондықтан да қызмет бабына қарай ол интеллигенцияны жұмысқа тартуға байланысты бой көрсеткен тар коммунистік тәкаппарлықпен күресуді алашордалық әрекет есебінде бағалау қателік екендігін айтты.
1927 жылы ақпанда С.Сәдуақасов өлкелік комитет бюросына өзін ауыл мектебіне оқулықтар мен кітапшалар даярлау үшін бірнеше айға республика мекемелеріндегі жұмыстан босатуды өтінген арыз береді. Өлкелік комитеттің бюросы 1927 жылғы 9 наурыздағы отырысында С.Сәдуақасовтың арызын қарап қанағаттандырып, үгіт және насихат бөліміне Оқу-ағарту комиссариатымен бірге жазылмақшы оқулықтар мен кітапшалардың жоспарын даярлап секретариатқа өткізуді тапсырады. Ал бюроның сол жылғы 4 сәуіріндегі мәжілісінде басқа да халық комиссариатымен бірге Оқу-ағарту комиссариатының коллегия құрамы бекітілді. Оның құрамында С.Сәдуақасов жоқ еді. Бұл іс жөнінде оның қызметтен біржола аластатылғандығының көрінісі болатын. «Мен «Кіші Октябрге» қарсымын», деген Алаш арысының қоғамдық қызметінің екі кезеңі осылай аяқталып еді.
Суретте: «Еңбекші қазақ» газеті фотосурет басуды 1925 жылғы 23 қарашада бастапты. Сол күнгі жарияланған мына рәсімде газет басшысы Смағұл Сәдуақасовты ортаға алып түскен редакция ұжымы бейнеленген.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
«Егемен Қазақстан» газеті