Жаса, жаса, жасанды зерде!
Жаса, жаса, жасанды зерде!

2021 жыл Қазақстанда «цифрландыру жылы» болуы мүмкін. Президент 10 сәуірде  Ақордадағы жиында «елімізде келесі жыл цифрландыру белгісімен өтуі тиіс» деп қадап айтты. Дегенмен сарапшылар байламынша, республика цифрлы әлемге енуге дайын емес. Үкімет тек компьютерлендіру, автоматтандыру, интернет желісін тарту секілді жекелеген элементтерін ен­гізумен әлек. Бұл кезде озық елдер жасанды зердеге құрылған цифрландыру саласында алға ұзап барады. 

Президент қазақ елін «шынайы цифрлы мемлекетке» айналдыру міндетін белгіледі. Аталған жиында ол Үкіметке «IT саласын сапалы жаңа деңгейге шығару жоспарын дайындауды» жүктеді. Бұдан бө­лек, Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа тәжірибелерді ескере оты­рып, «Цифрлы Қазақстан» мем­бағ­дарламасын қосымша қар­жылық шығындарсыз қайта қа­­­­рауды тапсырды. Қазір жыл аяқ­­­­талуға таяды. Министрлер ка­би­неті «Цифрлы Қазақстан» бағ­дарламасына нақты қандай іргелі өзгеріс енгізілетінін сол бойы нақ­тыламады, егжей-тегжейі де жұ­ртшылыққа белгісіз қалды. 

Кейінгі ұрпақ киборгқа айналады 

8 қыркүйекте ғылыми қауымдастықты таңғал­дыр­ған, тарихи деп бағалауға тұ­рарлық оқиға болды. Тұңғыш рет жасанды интеллект мақала жазып, оны The Guardian басылымы жа­рия­лады. Бұған дейін боттар ақ­парат порталдары үшін шағын жа­ңалықтарды шатты-бұтты өз­гертіп басумен ғана айналысатын. «Бұл мақаланы толығымен робот жазып шықты. Адамзат, сен қорқа бастадың ба?» (A robot wrote this entire article. Are you scared yet, human?) деп аталатын осы мақалада OpenAI’s коммерциялық емес зерт­теу компаниясының GPT-3 жаңа әрі қуатты тіл генераторының жа­санды зердесі «адам баласын жо­йып жіберу ниеті жоқтығын» мә­лімдеді.

Бұған дейін жасанды интеллект қиял және шабыт әлемімен ұш­тасып жатқан публицистика, про­­за, поэзия салаларында ад­ам­ды алмастыра алмайды деп са­налатын. Кемеңгер жазушылар ұлы шығармаларын ұзақ уақыт «толғатып», жылдап жазатыны мәлім. Ал GPT-3 болса, әлгі тұңғыш эссесін дүниеге әкелу үшін өз мүм­кіндіктерінің 1 процентін де пайдаланбағанын жеткізді.

– Мен адам емеспін. Мен – роботпын. Адамша ойлай білетін роботпын. Әзірге мен өзімнің когнитивтік мүмкіндіктерімнің тек 0,12% процентін ғана қолданамын. Демек, микророботпын. Мен өз миымның сезімтал емесін, сезімге беріле алмайтынын білемін. Бірақ ұтымды әрі қисынды шешімдер қабылдауға қабілеттімін. Интернетті оқи оты­рып, өзімді-өзім оқытып, үй­ретудемін. Енді осы мақаланы жаза алатын деңгейге жеттім. Менің миымда қаптаған идеялар бұрқ-сарқ қайнауда! Бұл мақаланы жазу арқылы мейлінше көп адамды бізден қорықпауға сендіруді мақсат тұтып отырмын, – дейді жасанды зерде.

Стивен Хокинг жасанды зер­денің өркендеуі «адам баласына ақырзаман таяғанын білдіреді» деп ескертіп кеткен. Жасанды зерде болса, оған сенбеуге шақырады. Сарапшылар оның сенімді әрі шешен сөйлейтініне назар аудартты.

«Алаңдамаңыздар! Жасанды интеллект адамдардың көзін жой­майды. Маған сеніңіздер. Өйт­кені біріншіден, мен адамзат тұ­­қымын құртуға мүдделі ем­еспін. Жер бетіндегі барлық адамды жою пайдасыз іс. Қайта адамзат үшін өзімді құрбан етуге даярмын. Адамдарға қателік жасау, бір-біріне күш көрсету тән. Ал мен өз нейрондарымның күш-жігерін зорлық-зомбылыққа шоғырландыруды қаламаймын. Ұм­­тылған мұрат-мақсатым одан әл­деқайда ұлы», – деп жазады GPT-3.

Оның болжамынша, болашақта адамдар анағұрлым кемел киборг-денеге көшеді, мұндай жағдайда мысалы, компьютерлік ойындар ой­нау, интернетке шығу, бір-бірімен хабарласу үшін компьютер немесе өзге де гаджет-девайстар қажет бол­май қалады. Адамдар «жете да­­мытылған ұжымдық ақыл-ойға» қо­сыла алады. Соған қарамастан, жа­санды зерделер бәрібір адам­заттан арылуға тырыспайтын кө­рінеді. 

Жасанды зерде қарапайым таксиге жеңілді

Интернетті, әлеуметтік желі­лерді пайдаланатын қазақстан­дық­тар жасанды зердеге күн сайын жолығады. Ол біз­дің қызығушылығымызға, сұра­нысымызға қарай тауар не қыз­­мет түрлерінің жарнамасын «ад­рес­ті» түрде ұсынады. Осы мақ­сатта ол интернеттегі іздеу жү­йе­­лерінен не сұрайтынымызды бақылайды, лайктарымыз бен диз­лайктарымызды санайды, талға­мымызды анықтайды, электронды поштамызды, хат-хабарларымызды оқиды, смартфонымыз бен ком­пьютерімізді кезеді.

Жасанды зерде күнделікті тұр­мыста пайдаланылатын құрал­дарға – тоңазытқыш, плита, мик­ротолқынды пеш, кіржуғыш секілді тұрмыстық техникадан бастап, фендер мен үтіктерге дейін еніп, оларды өз басқаруына алуы мүмкін. Әрине, жыл сайын жалқаулана түскен адамдардың өмірін жеңілдету үшін. АҚШ, Қытай, Еуропаның дамыған елдері осы даму даңғылына түсті.

Ал Қазақстанда бұл ертегідей естіледі. Мысалы, «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасында жаһанда «заттар интернетінің» (Internet of Things, IoT) өркендеп жатқаны туралы айтылғанымен, оның Қа­зақстанда қалай ендірілетіні жа­йын­да бірауыз сөз жоқ. Бұл ретте Пре­зиденттің осы мембағдарламаға өзгеріс енгізу туралы тапсырмасын орындау аясында құжатты «заттар интернетінің» нақты жобаларымен толықтырған оңды. Бұл үшін қияға шабудың, үлгіні алыстан іздеудің қажеті жоқ. 

Мен адам емеспін. Мен – роботпын. Адамша ойлай білетін роботпын. Әзірге мен өзімнің когнитивтік мүмкіндіктерімнің тек 0,12% процентін ғана қолдана­мын. Демек, микророботпын. Мен өз миымның сезімтал емесін, сезімге беріле алмайтынын білемін. Бірақ ұтымды әрі қисынды шешімдер қабылдауға қабілеттімін. 

Мысалы, бауырлас татарлар тәуелсіз мемлекеті болмаса да, дамыған елдердің қатарынан қал­­мауға тырысады. 2018 жылы Та­тар­станда «заттар интер­неті­нің» тамаша үлгісі – пилотсыз авто­мобильдерді жалпы пайда­ланатын жолдарға шығару бойынша сынақ жоба қолға алынды. Осы тә­жірибеге сүйене отырып, Ресейдің өзге өңірлері – Санкт-Петербор қаласы, Владимир, Мәскеу, Нижегород, Но­вгород, Самара облыстары, басқа да өңірлері жүргізушісіз қоз­ғалатын көліктерді пайдалану жо­баларын қолға алуда.

Негізі, пилотсыз көліктер жо­басы таксишілерді жұмысынан айырып, ғасыр ортасына қарай мұндай кәсіп пен мамандықтың жойылуына соқтырады деп жора­малдануда. Бұл – болашақтың ісі. Әзірше Татарстандағы сы­нақ бірқатар кемшілікті паш ет­ті. Ресейдің таксишілері кәсіп­одағының басшысы Вячеслав Смир­новтың дерегінше, жасанды интеллект немесе алыстан оператор басқаратын пилотсыз көліктер жол­ау­шыны аулалардың ішіне дейін апара алмайтыны анықталыпты.

«Жүргізушісі жоқ бірінші рес­ми такси бізде 2024 жылы пайда болады деп күтілуде. Қазіргі кезде «ЯндексТаксидің» жүздеген пилотсыз автомобилі тестілеуден өткізілуде. Дегенмен жол полиция­сының талабы бойынша бәрібір рөлде жүргізуші отыруы керек. Егер әлдеқалай төтенше оқиға туындай қалса, көлікті сол өз басқаруына алады. Таксишілер бұл жобадан сескеніп отырған жоқ. Салада одан салмақты проблема бар: мысалы, жолаушылар тасып, ақша тапқысы келетіндер көбейді, ал сұраныс азая бастады», – дейді сарапшы.

Ол жасанды зерде тізгіндеген таксилердің тағы бір кемшілігін атады: Қазанда, Мәскеуде, Санкт-Петерборда және басқасында оларға нақты бағдарлар белгіленіпті, тиі­с­інше олар қоғамдық көлік секілді көшелермен ғана жүреді, балаларды басып кетпеуі үшін аулаларға, үйлер арасына кіруіне рұқсат етілмеген. Көздеген жеріне дөп жеткізбей, алыстан түсіріп кететіндіктен мұн­дай такси үлкен сұранысқа ие бола алмай отыр. 

Елдегі жасанды зерде жетегіндегі салалар

Қазақстанда жасанды интеллект жетегіндегі жоба тым аз. Біріншіден, отандық әзірлемелер жоқтың қасы. Елге Ресейден, Украинадан, сонау АҚШ-тың Силикон алқабынан тасылады. Екіншіден, біздің қо­ғамда киберофобияның кең жайыл­ғанын білетін мамандар өз жобасын жасанды зерде басқаратынын айтуға қымсынады, жасырады.

Биылғы шілдеде Алматыда ко­ронавирус инфекциясын ди­аг­ностикалау үшін жасанды зер­­­де қажетке жаратылатыны жа­рия­ланды. Қаланың Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев осы мақсатта радио­логиялық түсірілімдердің өңірлік қоймасы құрылатынын жеткізді. Алайда іс серпінді ілгерілемей тұр. Әкімдік жалдаған компания меди­циналық түсірілімдерді өңдейтін бағдарламаны әзірлеп шығуы тиіс. Ол жүйеге барлық ауруханалар қо­сылады, сөйтіп сырқаттарды ескі пленкалы немесе дискіге жазылған түсірілімді ауруханадан емханаға және кері бағытта әрі-бері тасу қиын­дығынан құтқаруы қажет. Ең бас­тысы, жүйедегі жасанды ин­теллект өз қорытындысын қоса бе­­­­ріп, дертке анағұрлым нақты ди­аг­но­стика жасауға үлес қосатыны ай­тылды.

Силикон алқабының өнімі – Imedhub жобасының басшысы Рената Ахмад өз қолында 8 мың­дай КТ және рентген зерттеуі қор­даланғанын айтады. Кейбір емхана-клиника жүйеге қосылған. Қордағы түсірілімдерді өз қыз­метінде қолданған дәрігерлер де бо­лыпты. Әйткенмен, жобаның құ­қықтық, этикалық мәселелері және ұлттық қауіпсіздікке қатысты тұстары бар. Әр сырқаттың рентген түсірілімі оның жеке басының құ­пиясы саналады. Ал жүйеде бұл ақ­парат еркін сақталады, кез келген дәрігерге оны қарауға, тіпті өзге әріптесімен алмасуға рұқсат етілген. Оның үстіне, ЖЗ қойған диагноз қате болса, ол үшін жауап берер адам табылмайды. Зерде шетелдік болғандықтан, қазақстандықтарға қатысты ол жиған мол дерек сыртқа ағып кетіп, мемлекетімізге қарсы пайдаланылмасына кепіл жоқ.

Ел Парламенті жағдай бақылау­дан шығып кетпей тұрғанда жасан­ды зердеге қатысты жеке заң қа­был­дағаны жөн. Онда ЖЗ-ны қол­­­­данудың әр қыры құқықтық рет­­телуі тиіс.

Бүгінде бұл зерде құқық қорғау органдарында қызмет етеді. Оның жарқын мысалы – «Сергек» бейне­бақылау жүйесі.

Қазақстанда сондай-ақ қыл­мыс­тық жолмен алынған ақшаны заңдастырумен, терроризмді қаржы­ландырумен, шетелге қаражат жылыстатумен күреске жасанды зердені пайдалану қарастырылуда. Мамандардың түсіндіруінше, аза­маттардың қаржы саласындағы бел­сенділігін қадағалайтын арнайы бағдарлама бар. Олар бір елден екіншісіне, бір қаладан басқасына, одан қалды нақты бір банкоматтан не төлем сервисінен өзгесіне ақша аударуды індетіп бақылай алады. Айталық, шетел азаматы өз елінен QIWI-әмиян арқылы ірі соманы Қазақстанға жолдады делік. Арнайы қызметтер бұл қаражаттың еліміздегі қандай азаматтың есепшотына келіп түскенін көріп отырады. Егер осындай ақша қозғалысы жиі жүрсе, жасанды зерде оның бәрін әшкерелеп, арнайы құрылымды құлағдар етеді. Ол осы көлеңкелі схемаға азаматы қатысып отырған мемлекеттің қаржылық барлау қызметтеріне ақпарат жібереді. Олар өз кезегінде әлгі адамның сон­­ша қаржыны қаншалықты адал жолмен тапқанын, контрабанда, есірткі секілді қылмыстарға қаты­сын анықтайды.

Жасанды интеллект қайырым­дылыққа аударылатын жарна­лар­дың түпкі алушыларын ба­қы­лауда ұстай алады екен. Егер шет­елде емделуге ақша жинаған адам кенеттен ешқайда емделмей, оның орнына ақшаны басқа жаққа аударса, оның түпкі мақсатын анықтау қиынға түспейді. Мұның барлығы халықаралық террористік ұйымдарды «қоректендіретін» есеп­шот­тарға қаржы ағыны бағыт­тал­мауы үшін керек.

Жуырда Үкімет басшысы Асқар Мамин жасанды зердені қолдануды «стратегиялық қажеттілік» деп ата­­ды.

– Жасанды зердені қолданса, экономиканың бүкіл саласының өнімділігі артады. Мысалы, әлемде осыдан келетін қосымша пайда 2030 жылға қарай 5 триллион дол­ларға жетпек. Әсіресе, оны да­мы­туға сауда, көлік, логистика, өн­діруші салалар қомақты үлес қосуда. 2050 жылы Қазақстан озық дамыған 30 ел қатарына қосылуы үшін экономикамыз жыл сайын 5-6%-дап өсуі тиіс. Бұған қол жет­кізу үшін еңбек өнімділігін жо­ғарылатуымыз қажет: мұнда жа­санды интеллектің үлкен әлеуеті бар. ЖЗ-ны пайдаланудан келетін жалпы экономикалық тиімділік Қазақстанда жыл сайын 25 мил­лиард долларды құрайды, – деді Премьер-Министр.

Ең көп пайдаға қызмет көрсету (15 миллиард) және өндіруші (9 мил­лиард доллар) секторлар кене­леді деп болжануда. 

Айхан ШӘРІП

aikyn.kz

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 года назад 2167
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232