Жаңарған махаббат немесе жас жігіттің көз жасы
Жаңарған махаббат немесе жас жігіттің көз жасы

Жайма шуақ күндердің бірінде әке мен бала үй алдындағы аулада отыр еді. Әкесі таза ауамен тыныстап, табиғат тамашалап, ал баласы болса газет оқып отырған болатын. Әкесі елуді еңсерген болса, баласы жиырманың үстінде еді.

Бір кезде торғайдың дыбысы естілді. Әкесі: «Бұл не?», – деп сұрады. Ересек баласы: «Торғай ғой, әке!», – деді қалыпты күйін бұзбай. Кейін торғайдың пыр етіп ұшқан даусына әкесі тағы: «Бұл не?», – деп сұрады. Баласы: «Торғай дедім ғой», – деп жауап берді. Торғайдың үні тағы шиқылдап шыға келгенде: «Бұл не?», – деп сұрады әкесі тағы да. Сонда баласы: «Әке, торғай ғой бұл», – деп дауыс көтере жауап берді. Әкесі кішірейе қалды.

Содан не керек әлгі торғай әке мен баланың алдына келіп қонды. Енді не дер екен дегендей қылып әкесі «бұл не?» деген сұрағын баласына тағы да қойды. Сол кезде баласы қызылкеңірдектеніп: «Әке! Торғай ғой бұл, торғай! Торғай! Торғай! Сіз мені мазақ қылып тұрсыз ба?!», – деп жаға жыртысардай күйде жауап берді. Тіпті, сізге не болған деп себебін де сұрамады. Әкесі үндеместен орнынан тұрып үйіне қарай беттеді.

Әкем ренжіп қалды-ау деп: «Әке! Әке!» деген баласына құлақ түрмеді. Сөйтті де үйден күнделік дәптерін алып шықты. Алып келді де, баласына беріп: «Мына бетті оқы», – деді көрсетіп. Баласы үңіліп оқи бастады. Онда 20 жыл бұрын болған мына бір оқиға жазылыпты:

«Мен бүгін төрт жасар баламмен саябаққа бардым. Саябақта отырғанда алдымызға бір торғай ұшып келді. Балам менен: «Бұл не?», – деп сұрады. Мен: «Бұл торғай», – деп жауап бердім. Осы сұрағын 21 рет қойды. Мен бәрінде де: «Бұл торғай», – деп жауап бердім. Әр жауабымда құшақтап сүйіп, әкелік мейірімімді көрсетіп байсалды жауап беруге тырыстым».

Бұл 24 жасар жігітке 4 жасындағы оқиғаны еске салған әкесінің қойын дәптері-тұғын. Оқып болған соң мән-жайды енді түсінген бала, көңілі босап жылап қоя берді. Әкесіне ақымақ балаңды кешіре гөр деп қолынан сүйіп, қатты құшақтап өксігін біразға дейін баса алмады. Әрбір нәрсенің ескіретіні секілді, баласы да әкесіне деген қадір-құрметін, махаббатын бір жаңартып алғандай болды.

Бұл өмірде ұшырасқан оқиға. Әке деген ардақтыға құрметіміз арта берсін! Әкелерімізді бес күндік жалған дүниеде ренжіте көрмейік!

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
10 лет назад 5998
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232