Эйнштейннің уақыттан озу мәселесі туралы идеясын тегі түсіне алмай жүруші едім, ары оқып, бері ойланып, таяуда мынадай ой түйдім.
Мысалы, дүниеде дәл қазір болып жатқан мәлім оқиғалар жарықтың шағылыстыруы бойынша көрініске айналып, жарық жылдамдығы бойынша айнала әлемге таралатыны белгілі. Жер шарында әр кезде болған оқиғалар да айнала әлемге жарық жылдамдығы бойынша таралады. Мәлім сәттегі оқиғаның көрінсін көзіміз ұстап алып көреді, ондағы тербеліс жиілігін құлағымыз ұстап алып естиді, мұрнымыз иісін сезеді... Әрбіреуіміз бақылаушы адам ретінде дәл қазыр айнала төңірекке қарап: "Е, осылай болып жатыр екен ғой" дейміз.
Күн мен жердің арақашықтығы жарық жылдамдығымен есептегенде 8 минут. Күннің қашықтығындай жерде бір бақылаушы бізді бақылап отыр деп есептесек, оның қолында ең керемет бақылау аспабы бар десек, ол тек біздің 8 минут бұрынғы оқиғамызды ғана қазір көре алады.
Сол секілді, осында болып жатқан оқиғалар көрінісі аспандағы 5 жарық жылы қашықтықтағы жұлдыздың бетіндегі мәлім Бақылаушыға (егер сондай біреу бар деп есептесек) 5 жылда жетіп барады. Ол егер қазір бізді бақылап отырған болса, біздің 5 жыл бұрынғы оқиғаларымызды көріп мәз болып отыр деген сөз. Дәл қазір болып жатқан оқиғалар оған жетіп барған жоқ, жарық әлі оған қазіргі оқиғаларды апарған жоқ, ол тек 5 жылдан кейін ғана қазіргі туралы көрінсті көруге қол жеткізе алады.
Сол секілді, егер біреу 300 жарық жылы қашықтықта озық аспаптарымен қарап отырған болса, біздің жер бетінде болған 300 жыл бұрынғы оқиғалар дәл қазір оған жетіп барды. Егер 5000 жарық жылы қашықтықта сондай бір бақылаушы тағы отырған болса, ол өзінің керемет аспабымен біздің 5000 жыл бұрынғы оқиғаларды қазір көріп отыр. Осылай аралық алыстаған сайын оған жететін ақпаратқа кететін уақыт да көп бола түседі.
Егер біз жарық жылдамдығымен бірдей жылдамдықта қозғалсақ, онда сол сәттегі оқиғалардың таралу жылдамдығымен де бірдей жүреміз. Яғни жарық жылдамдығымен қозғалушы біз қашан жер бетінен шықсақ, сол жер бетінен шыққан сәттегі ақпарат бізбен бірге жарық жылдамдығы бойынша ілесіп қана жүреді. Күннің қасынан өткенде 8 минут болады, ал ол кезде біз жер бетіндегі 8 минут бұрынғы оқиғамызды - өзіміздің ұшып шығып жатқан кезімізді көреміз. 5 жарық жылы қашықтыққа барғанда жер шарында 5 жыл өтеді, бірақ біз 5 жарық жылы қашықтықта баяғыдай 5 жыл бұрынғы оқиғаны көреміз, яғни өзіміздің жерден ұшып шығып жатқан кезімізді. 5000 жарық жылы қашықтыққа барғанда 5000 жыл өтеді, бірақ 5000 жыл бұрынғы оқиғаны ғана көре аламыз, өйткені жарық бізге тек 5000 жыл бұрынғы сол бір өзіміз жерден ұшып шығып жатқан кездің оқиғасын ғана жеткізеді. Одан кейінгі болған оқиғалар туралы ақпараттар бізге келіп үлгірмейді, өйткені олар жарық жылдамдығымен ғана қозғалатындықтан, жарық жылдамдығымен бірдей қозғалып келе жатқан бізді жаңа оқиғаларды жүктеген жарық қуып жете алмайды.
Осылайша жарық жылдамдығындағы біз үшін мәлім сәттегі оқиғалар ғана бізге паш етіледі, жаңа оқиғаға қол жеткізу үшін біз не жылдамдықты азайтуымыз керек, не жылдамдықты тездетуіміз керек болады.
Уақыт сөйтіп бір сәтті көрсетіп тұрып алады, яғни уақыт тоқтайды, жарық жылдамдығына барғанда уақыт өзінің сол бастапқы сәтін ғана айтумен болады))
Ал, жарық жылдамдығынан тез қозғалдық дейік, онда жерден ұшып шығып күннің қасынан өткенде 8 минут бұрынғы оқиғаларды емес одан да бұрынғы оқиғаларды көреміз: бәлкім 8 сағат бұрынғы, немесе 8 күн бұрынғы, немесе 800 жыл бұрынғы, тб. Егер 5 жарық жылы қашықтыққа жарықтан да тез ұшып жетскен болсақ, онда жер бетіндегі бәлкім 50 жыл бұрын болған, немесе 500 жыл бұрын болған, тіпті 5000 жыл бұрын болған оқиғаларды көруіміз табиғи. Тегі қанша жыл бұрынғы екені біздің жарық жылдамдығынан қаншалық озғанымызға байланысты, көп озсақ көбірек ертерек оқиғаларға қол жеткіземіз, ерте заманға қайтамыз.
Былай елестетіп айтайықшы, мысалы, 500 жыл бұрынғы оқиғалар туралы ақпарат аспанда шашыраған жарықтар арқылы жарық жылдамдығында ұшып кетіп бара жатады, біз оны қуып жетіп озып кеттік, өйткені біз жарық жылдамдығынан да тез ұшамыз. Сонда біз кезекті оқиғалардың алдындағы оқиғаларды алып ұшып бара жатқан жарықтан ақпарат ала аламыз ғой. Міне, сөйтіп біз өткен заманды шарлауға, өте ежелгі заманның өзіне жетіп баруға, сол өте ежелгі заманда не болып, не қойғанын білуге мүмкіндігіміз болады (егер техникамыз бұл мүмкіндікті пайдалана алса).
Әрине, ғылыми фантастикалық кинолар көбінесе өтірік айтады, олар болып өткен оқиғаға әсер етуге болатын етіп әңгіме өрбітеді. Бірақ, болып өткен оқиғаға әсер ету теориялық тұрғыда да, практикалық тұрғыда да мүмкін емес, өйткені олар болып кеткен оқиға, енді ол өзгермейді. Бірақ болып кеткен оқиға туралы ақпаратты біз ала аламыз, сол оқиғаның ішіне кіріп, тегі не болғанын білуге мүмкіндігіміз болады. Жарық жылдамдығында қозғалып, уақытты тоқтатушы, немесе жарық жылдамдығынан да тез қозғалып, уақыттан озушы болған оқиғаларға әсер етпейді, тек болған оқиғаларды бақылай алады, не болып жатқанын, не болып кеткенін экраннан қарай алады. Яғни, табиғаттың, дүниенің уақыты сол беті жүре береді, дүние өз тәртібімен өріліп, өз оқиғасын құрастыра береді, ешкім қазіргі бұл жүйеге болашақтан келіп әсер ете алмайды. Бірақ жарық жылдамдығынан озушы болып кеткен оқиғалардың өзін дәл қазір болып жатқандай бақылай алады.
Бірақ жарық жылдамдығынан озу әсте мүмкін емес, өйткені жылдамдықты сәл асыру үшін үлкен энергия керек, жылдамдық артқан сайын қарсы масса еселеп артады, кедергі еселеп үдейді, керек болатын энергия шығыны да жойқын болады. Сондықтан мәлім бір шекке барғанда, кішкентай массадағы нәрсені жарық жылдамдығында қозғалту үшін тіпті бүкіл дүниенің энергиясын түгел алып шықсаң да бәрібір жетпейді.
Мысалы, оқтың жылдамдығын тездету үшін қажетті энергияны арттыруың керек, ал энергияның артуы жылдамдықтың артуына салыстырғанда мүлде үдеген күйде болады. Сөйтіп мәлім шектен кейін қанша энергия жұмсасаң да оқтың жылдамдығын болымсыз ғана көтере аласың, барған сайын қиындай береді.
Мұны ғалымдар есептеп қойған, сондықтан жарық жылдамдығынан озу мүмкін емес деп кесіп айтады. Бұл ең болмағанда біз жасап отырған осы әлемдегі табиғи тәртіп тұрғысынан жарық жылдамдығына жету мүмкін емес, ал әлемде басқа қандай әлем бар, оларда жүйе басқаша қалай құрылады, мұны білмейміз, басқа табиғи жүйлерерде жағдай басқаша болуы да мүмкін ғой. Бірақ бұл енді біздің тәжірибемізде жоқ ертегі ғана.
(Физиктеріміз бұл қандай жағдай екенін қарапайым етіп нақты анықтап түсіндіріп бермеген соң, өзіміз осылай деп жорамалдай тұрамыз))