Шабуыл басталды. Басып кірді. Атқылады.
Елеулі оқиға. Тек екі ел тарихы мен өңірлік қауіпсіздік тұрғысынан ғана емес, тұтас адамзат тарихы үшін бетбұрысты жағдай. Өкінішті. Енді әлем бұрынғыдай болмайды, ол – сөзсіз. Бұл әлемнің ішінде біз де бармыз және «мына түрімізбен».
Күні ұзақ түрлі ақпараттарды көрдік әрине, бірақ әлем.желіде түйген-түйсінгенді бөлісудің мұрсаты енді ғана болып жатыр. Бірқатар таныстар, кейбір ақпарат құралдарынан да хабарласып «не дейсің?» деп жатты. Сонымен, көзқарастарымды осында сала кетейін, кейін тағы толықтыра жатармыз, қазірше жалпы сипаты тұрғысынан негізгілерін және қысқа форматта.
Әлем енді бұрынғыдай болмайды ( Nurat аға айтқандай), себебі қарулы күш, әскери әрекет таңдалып отыр. Бір ауыз сөзбен «соғыс арқылы шешу» таңдалып алынды. Әлемде шешілмеген әрі үнемі жаңаланып отыратын шиеленістер тек осы аймақта ғана емес екенін ескерсеңіз, Ресейдің күш жұмсауы әлем елдерінің риторикасына әсер етеді. Ендігі жерде «қарулы күш арқылы шешуге болады» деген ұстанымдар әлемнің әр жерінде қайталанады. Өкінішке орай бұл таяу болашақтағы әлемнің бет-бейнесін түзгелі тұр.
Екіншіден, әлем енді жаппай қарулануға, қарулы-күштерді дамытуға шындап кіріседі. Бұл адамзат тарихында жаңа бір күрделі кезеңнің басталғанын көрсетті. Осыған дейін де айтып келе жатыр едік, әлем басқа арнаға бұрылып барады деп. Қазір нақты сипаттарын көріп отырмыз. Келіссөз үстелдерінде қаламмен бірге қару да қойылады.
Үшіншіден, халықаралық қатынастардың Екінші жаһан соғысынан бергі қалыптасқан дәстүрлі құндылықтары үлкен соққыға ұшырады. Тіпті күйреп кетуі мүмкін. Державалар енді бұрынғы жасырын, астыртын стратегияларын ашықтан ашық ойнайды. Керек болса, Еуропадан бастап, әлемді қайта бөліске салады. Әлем картасында күтпеген, тіпті орасан зор өзгерістер болуы мүмкін.
Төртінші, халықаралық қатынастардағы аса маңызды келісімдер қайта жаңарып болғаншса бұзыла береді. Яғни, көптеген ортақ, біріккен декларациялардың құнсыздану үрдісі белең алады.
Бұған қоса, бұл державалардың шешуші шайқасының басталған дәуірі десек те болады. Болашақ адамзат тарихында держава бола ма, болмай ма деген мәселе де күн тәртіпте тұрған болуы бек мүмкін.
Енді өзімізге келейік. Оқиғаның бізге айтқаны – «Есіңді жиып ал!» – Міне осы ғана. «Өтірік уәде, тойымсыз ашкөздік, аста-төк той, беймаза есірік, даңғаза мақтан, бәлду-бәлду.... олардың дәуірі өтті, ұзаса бірнеше жыл ғана уақыт берем, есіңді жиып, етегіңді жапсаң жаптың, өйтпесең маған өкпелеме» деп тұр. Бұл дәуірдің үні.
Қуанарлығы, Қазақ еліне көмектесетін бір ғана өте сенімді дос бар – ол қазақ елі, өзі ғана. Демек, бірде бір досың жоқ. Өзің ғанасың. Ресей де, Қытай да, Британ да, АҚШ та... тіпті Түркия да. «Иттің етін ит жемейді». Бұлардың аты – держава, держава деген не? Арғы жағы империя деген сөз. Империя не істейді? Өзі қақалың өлгенше жұта береді... жұта береді... Сенің тағдырың, бостандығың, достығың көк тиын.
Әңгіме көп қой, жеке-жеке айтармыз. Әсіресе, Путин не үшін осы жолды таңдады... жұрт ойламаған себептері бар дегендей.