Eldes Orda: Ауғанстаннан АҚШ әскерінің шығарылуы һәм Орта Азия (шағын сараптама)
Eldes Orda: Ауғанстаннан АҚШ әскерінің шығарылуы һәм Орта Азия (шағын сараптама)
Шағын Сараптама
Естеріңізде болса осыдан бір жарым жыл алдын <TheQazaqTimes> ақпараттық, қоғамдық-саяси порталына Ауғанстан және Орталық Азия тақырыбы бойынша бір сұқбат жасаған едік. Сондағы кейбір болжалды түйіткілдер дәл қазір әлемдік саяси аренада кеңінен пікір-таласқа салынып жатыр. Ары қарай...
Бірінші, Әлемдік ірі ақпарат көздері АҚШ әскері Ауғаныстаннан толық шегінген жағдайда туындайтын гео-саяси ахуалды қызу талқыға салып жатыр. АҚШ (және НАТО) әскері толық шегінсе Ауғанстан үкіметі елдегі тыныштықты қамтамасыз қыла ала ма; Ауғаныстандағы ислами күштер нені жоспарлап жатыр; Ауғаныстандағы жағдай алдағы кезеңде қытайға қалай ықпал жасауы мүмкін; Қытайдың қандайда бір стратегиялы жоспары бар ма; тб өзекті тақырып қазақ баспасөзінде тәуелсіз һәм тарапсыз талқыға салынуы керек.
Екінші, АҚШ әскері толықтай шегінген жағдайда Орталық Азияны қандай қауіп және қандай стратегиялық мүмкіндіктер күтіп тұр; Ресейдің өңірдегі әскери-саяси ықпалы одан сайын арта түспей ме; Қытайдың Орталық Азияға бағытталған гео-стратегиялық саясаты қандай өзгеріске ұшырауы мүмкін; Ресей-Қытай қатынастары Орталық Азия үшін жаңа бәсекегенің алаңына айналмай ма; Мүмкіндігі қайсы, қаупі қайсы;
Үшінші, АҚШ алдағы уақытта Ауғаныстандағы қауіпсіздікті жіті қадағалап тежеп отыруы үшін жақын аймақтың бірінен "әскери база" құруы бек мүмкін. Бұл база нақты қайда құрылмақшы; Орталық Азияда ма әлде Пакистанда ма немесе қай елде; Орталық Азиядағы қайсы елде құру ықтималдығы салыстырмалы түрде жоғары, Өзбекстан, Қазақстан әлде Тәжікстан; Бұған Ресей мен Қытай қалай қарайды; Орталық Азия аймақтық державалардың жаңа талас-тартыс ошағына айналуы өңірдегі диктатурлық жүйеге қалай ықпал жасауы мүмкін; Орталық Азияның өз ішіндегі саяси-әскери бәсеке арта түсей ме; Ауғанстан факторы Ақш-Орталық Азия қатынастарына оң ықпал бере ме;
Төртінші, Ресейдің стратегиялық жоспары Үнді-Тынық Мұқит Аймағына шығу, ол әу бастан түсінікті. Бірақ соңғы кезде Өзбекстан-Пакистан қатынастары ойланта бастады. Өзбекстанның соңғы уақыттағы қадамы Үнді-Тынық Мұқит аймағына қарай жылжып барады. Өзбекстан Пакистанмен толық келіссе Үнді Мұқит арқылы әлемдік нарыққа шығуды жоспарлап отыр. Ол үшін Ауғанстан тұрақты әрі қауіпсіз болуы тиіс. АҚШ үшін Орталық Азиядағы бірден бір мүмкіндігі жоғары ел- Өзбекстан. Алда-жалда АҚШ Орталық Азияда әскери база құрмақшы болса Өзбекстан ең тиімді елдер қатарына жатады. Ұжымдық Қауіпсіздік Ұйымынан шығып кеткен және шетел күш әскери базасының елде құрылуын құқықтық заң баптарымен тиым салып қойған Өзбекстан әлде қандайда бір заңнамалық реформалар арқылы өзгеріс енгізе салуы әбден мүмкін. Әрине, бұл тек нақты келісілген жағдайда...
Бесінші, соңғы кезде Ресейдің ұлтшыл депутаттары "Орталық Азия Әмірлігі құрылып, орталығы Ташкен болуы керек" деген пікірлерін ашық айтып жүр. Бұл жанамалай болса да Ресейдің шынайы көзқарасын айшықтай алады. Орталық Азия елдерінің белгілі деңгейде бірігуін АҚШ бастаған батыс күштері де қолдайды. Бірақ, ол нақты кімнің саяси қолшоқпарына айналуы керек, ол жағы өте таластағы тақырып. Ресей Орталық Азия біздің алақанымызда біріксе дейді және тамтұмдап болса да қадамдар жасап жатыр. Қазақстан-Өзбекстандағы "Түркістандық" реформалардың жасалуы соның бір көрінісі.
Алтыншы, Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық АҚШ назарын қатты аударып жатыр. Қытай да Орталық Азияға өз ықпалын жүргізгісі келеді. АҚШ-Қытай-Ресей үштік державаның талас-тартысы Орталық Азияны ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін. Бұған Орталық Азиядағы "су мәселесі" мен "этникалық топтар" және "діни күштер" қақтығыстарын қосыңыз. Бұрын Ресей өңірдегі осы қақтығыстарды сылтау етіп өз ықпалын барынша арттыруға тырысатын, соңғы кезде ол позициясынан өзгеріп жатыр. Онда Ресей қандай жаңа стратегиялы саясатты жобалап жатыр, сол жағы қызық.
Жетінші, Қазақстан үшін ең ауыр, ең қиын стратегиялы кезеңдер басталып жатыр. Өңірде Өзбекстан өте күрделі ішкі-сыртқы проблемаларына қарамастан нақты қадамдар мен реформалар жасап жатыр, бұл алда Қазақстан үшін үлкен бәсеке деген сөз. Егер Өзбекстан АҚШ-пен келісе отырып Ауғанстан тұрақтылығын қамтамасыз қылса Пакистан арқылы Үнді-Тынық Мұқит аумағына еркін шығады, бұл Өзбекстанды ұшқан құстай самғататын мүмкіндік. Ал, Қазақстан ішкі құрлықтық түйіткілдердің арасында көміліп қала береді. Сол үші нақты реформа және анық стратегиялық жоспарлар керек. Тіпті Өзбекстанмен біріге отырып ортақ стратегиялы мақсаттар құрса Үнді Аумағына Қазақстан да қамсыз шыға алады. Онда Түркістан-Шымкент-Ташкент-Самарқан жолы ары қарай Ауғанды басып Пакистан Карачиге жалғасу бек мүмкін. Бұл қазірше тек қиялдағы жоба.
Қазірше осы, кейін тағы жазамыз.
 
Елдес ОРДА
Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 года назад 1899
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232