Донордың мінез ерекшелігі ағзасы арқылы берілуі мүмкін бе
Донордың мінез ерекшелігі ағзасы арқылы берілуі мүмкін бе

Адамның мінез-құлық ерекшеліктері мен жадындағы естеліктері реципиентке ағзаны транспланттау кезінде берілуі мүмкін бе? Бұл сауалға жауап берерде көптеген ғалым мен дәрігердің, тіпті, реципиенттердің пікірі екіге бөлінеді. Аризона университетінің невролог және психиатр маманы, профессор Гэри Шварц жасушада жады болатынына қатысты көптеген дәлел келтіріп, тәжірибесінде болған оқиғаларды бөліскен-ді. Сондай-ақ, қазақстандық мамандар мен донордың ағзасын алған реципиенттер бұл сауалға қатысты өз пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

Профессор Гэри Шварц жүргізген зерттеу нәтижесінде жүрек, өкпе, бауыр және бүйрек сынды ағзаларды донордан алған адамдардың 10%-тінің мінез-құлқы өзгергені белгілі болды. Дәрігерлер әдетте мұны пост-травматикалық күйзеліс салдары деп түсіндіреді. Бірақ, профессор бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, донор жадындағы естеліктер ағзасы арқылы реципиентке беріледі.

Шварц Apple Daily журналына берген сұхбатында жеке тәжірибесінде болған оқиғалар туралы айтып берді. Осы оқиғалардың бірінде транспланттаудан кейін қыз бала өзі бұрын-соңды білмеген тілде сөйлей бастаған. Тағы бір жағдайда жас композитордың өкпесі салынған жасөспірім музыканы ерекше жақсы көріп, өлең жаза бастаған.

Маманның айтуынша, донор жадындағы естеліктердің берілетінін реципиенттердің түсінен байқауға болады. Америкада 7 жасар қызға 6 жасар донордың жүрегі салынған. Ота жасалған соң араға біраз уақыт салып қыз қорқынышты түстер көре бастаған. Дәлірек айтсақ, түсінде 6 жасар қызды бір ер адамның өлтіріп жатқанын көреді. Америка полициясы осы реципиенттің сипаттамалары арқылы қылмыскерді ұстап, темір торға қамады. Бұл оқиғалар туралы epochtimes.com.uaсайтында жазылды.

"Жүрек алмастырған соң мамандығымды өзгерттім"

Осыған ұқсас оқиға Ресейдің Қазан қаласында тұратын 42 жастағы азаматтың басынан өткен. Реципиенттің мінез-құлқы ғана емес, мамандығы да өзгерген.

«Мамандығым бойынша ұшқышпын. Жаздық училищені тәмамдағанмын. Бірақ ауруыма байланысты оқудан шығарылдым. Екі жыл бұрын жүрек алмастыруыма тура келді. Басқа жолмен тірі қалуым мүмкін емес еді. Туған қалам Қазаннан мені Мәскеуге алып келді. Өзім жүре алмадым. Мені каталкаға салып перон бойымен сүйреді. Ал ота 11 сағатқа созылды. Есімді жия салысымен «Жігіттер, мен танкиспін!» деп айқайлаған екенмін. Әйелім «Вадик, сен ұшқышсың!» деп тынышталдыруға тырысты. Басымнан не нәрсе өткенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бірақ, іштей отадан кейін өзімді танкист сезінгенім рас. Мұнымен қатар, танкіге қатысты түрлі термин айта бастағаным да рас.

Мұның барлығын түсімде көрдім деуден аулақпын. Білім ойда жоқ жерден келгендей болды. Танкіге отырып, оны басқарғанымды еске алғандай күй кештім. Ауруханадан шыққан соң танкистермен кездестім. Олар менің «кәсібилігіме» қатты таңғалды. «Барлығын дұрыс айтып тұрсың! Құдды танкист секілдісің» деді. Осылайша адамдар әскери ЖОО-ларда жылдап жүріп оқып алатын білімге мен бір-ақ сәтте қол жеткіздім.

Жүрек алмастырғанға дейін музыка мен биді мүлдем ұнатпайтынмын. Ал қазір керісінше қатты жақсы көремін... лезгинканы! Оны қосып қойып аяғымның ұшымен билейтінім бар. Әрине, керемет билемесем де, өзіме ұнайды. Маған бұрын танкист болған, қызуқанды кавказдықтың жүрегі салынған сияқты... Арада екі жыл уақыт өтсе де, осы жүректің иесі туралы жиі ойлаймын», - дейді Вадим Миронов «Комсомольская правда» басылымына берген сұхбатында.

Басынан өткен осы жағдайдан кейін Вадим Миронов шіркеуге жиі баратын болған. Ол осылайша өзіне екінші рет өмір сыйлаған адамға алғыс білдіреді. Сондай-ақ, әлі күнге дейін оның нақты кім екенін білмейтіні үшін қынжылатынын жасырмайды. Ал Татарстан азаматы Марат Гайнановке донордың жүрегі салынғалы тамақ таңдауда талғамы өзгерген.

«Бұрын сорпаны ерекше жақсы көретінмін. Қазір қою тағамдарды ғана ұнатамын. Әсіресе, етті. Отаға дейін көп шылым шегіп, ішімдік ішетінмін. Қазір, тіпті, жолағым келмейді. Мұнымен қатар, жүрек ауыстырғанға дейін шығармашылықпен айналысып, өлең жазып, сурет салатынмын. Қазір бұлар қолымнан келмейді. Бірақ, бірден есте сақтау қабілетімнің жақсарғаны рас. Қағаз бетінде жазылғанды бір қарап, кейін сөзбе-сөз жаңылмай айтып бере аламын! Техникаға да қызыға бастадым. Инструкцияны бір рет оқып, кез келген агрегаттың жұмысын түсіндіріп бере аламын», - дейді ол.

Жоғарыдағы сауалға жауап іздегенде қазақстандық мамандар мен реципиенттердің пікірі екіге бөлінеді. Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, (2017 жыл 1 маусым) 2 860 адам бүйрек, 135 адам жүрек, 526 адам бауыр, 10 адам өкпе трансплантациясын күтіп жүр. Бәрінен көп реципиенттер Алматы (950), Астана қалаларында (291 реципиент) және ОҚО-да (607 реципиент). Қазақстанда жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі трансплантацияланады.

Қазақстанда алғашқы реципиент ер адамға әйел донордың жүрегі салынған

Естеріңізге сала кетсек, 2012 жылдың 8 тамыз күні Қазақстанда алғаш рет жүрек алмастыру отасы жасалған еді. Алғашқы реципиент Қостанай қаласының тумасы Жәнібек Оспанов болды. Реципиент өзіне әйел адамның жүрегі салынатын болғандықтан, бастапқыда түрлі уайымы болғанын жасырмайды. Бірақ отадан кейін бойынан айтарлықтай өзгеріс байқалмаған.

«Интернет беттерінен «жасуша жадына» қатысты түрлі ақпарат оқыдым. Бірі отадан кейін еттен бас тартса, екіншісі өмірі ауызға алып көрмеген сыра іше бастаған екен. Мұндай ақпараттарға сеніп, сенбеу – әркімнің еншісіндегі дүние. Мысалы, дәл қазір мен де ойыма келген нәрсені айта салуым мүмкін. Ал оны ешкім тексеріп жатқан жоқ. Десе де, өзім туралы айтып өтейін. Маған донордың ешбір қасиеті берілмеді. 2012 жылдың 8 тамызында ота жасалды. Донорым 46 жастағы орыс әйел болды. Оның жүрегін алуға Игорь атты ұлы рұқсат берді. Ал бір бүйрегін неміс азаматы алды. Одан кейін 6 жыл өтті. Ғалымдар соңғы кездері жиі айтып жүрген өзгерісті бойымнан байқамадым. Донор әйел адам болғандықтан, сезіктенгенім рас. Дәрігерлерге ота туралы көп сұрақ қойдым. Сол сәтте дәрігерлердің жүректің еш ақпарат тасымалдамайтынын айтқаны есімде. «Бұл – жай ғана бұлшық ет. Тіпті, ер адамға әйел адамның аяғын салса, оның ағзасында айтарлықтай өзгеріс болмайды» деген еді. Оның үстіне мұндай ота түрі Қазақстанда алғаш рет жасалып жатқандықтан, түрлі қорқыныш болды», - дейді Жәнібек Оспанов.

Психолог Гүлшат Жәмилқызы бұл мәселеге келгенде екіжақты пікір ұстанатынын айтты. Мұның себебі маманның аталған мәселеге қатысты арнайы зерттеу жұмысын жүргізбегенімен байланысты.

«Транспланттау саласында 3-4 жыл жұмыс істедім. Жеке тәжірибемде мұндай жағдай болған емес. Бізде 48 жастағы ер адамға жас жігіттің жүрегі салынды. Осы реципиентпен жеке сөйлестім. Ол генетикалық деңгейде ақпараттардың берілуіне қатысты ешнәрсе айтпады. Сондай-ақ, бірнеше жыл бұрын менің жақын құрбымның күйеуінің жүрегі алмастырылған болатын. Ол да жасуша жадына қатысты ешнәрсе айтпады. Әрине, адам бейсаналы деңгейде ақпарат алуы мүмкін. Оны ешкімге айтпаса да, іштей қобалжып, қиналатыны анық. Егер осы реципиенттердің басын қосып, зерттеу жұмысын жүргізген болсам, белгілі бір қорытынды жасауға болатын еді. Шетелде болған жағдайлар бізде де болуы тиіс деп айта алмаймын. Себебі, мен жеке тәжірибеме, бақылағандарыма және зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне ғана сүйенемін. Оның үстіне Қазақстанда бұл тақырыпқа қатысты арнайы зерттеулер жүргізілген жоқ.

Әдетте реципиентпен ота жасалғанға дейін сөйлесеміз. Оларды психологиялық және моральдық тұрғыда дайындаймыз. Адам амалсыз өмір сүргісі келгендіктен осындай отаға келіседі. Оның басқа таңдауы жоқ. Тіпті, кез келген сәтте өліп кетуі мүмкін екенін жақсы түсінеді. Қазақстанда жүрекке қарағанда, бүйрек алмастырған реципиенттер өте көп. Мен сол адамдармен көп сөйлестім. Олардың отаға дейін қиналғандары соншалық, қазір әрбір тағатты ерекше бағалайды. Өмірлік құндылықтары да қатты өзгерген. Құдды өмірге қайта келгендей. Қорыта айтар болсам, сіз айтып отырған процестер реципиенттердің басында болып жатыр немесе жоқ деп айта алмаймын. Ол үшін алдағы уақытта арнайы зерттеулерді қолға алуымыз қажет», - дейді психолог маман.

Отадан кейін донорым секілді қызғаншақ бола бастадым

Өскемен қаласының тумасы Ержан Мұхамадиевтің бұл сауалға келгенде пікірі өзгеше. Оның айтуынша, донордың мінез-құлық ерекшелігі реципиентке міндетті түрде беріледі.

«Донордың мінез-құлқындағы ерекшеліктері 3-4 жылдай реципиентпен бірге болады. Араға біраз уақыт салып қана адам өз-өзіне келе бастайды. Менің бұл айтқандарым Қазақстанда ғылыммен дәлелденбеген. Тек басымнан өткенді айтып жатырмын. Менің донорым қызуқанды қазақ жігіті болған екен. Көзі тірісінде қызғаншақ болса керек. Отаға дейін мінезім жақсы болатын, бірақ кейін мен де қызғаншақ әрі ашуланшақ болып кеттім. Ал қазір қалпыма келдім десем де болады. Себебі, қартайған сайын сабырлы бола бастайсың, өмірде көп нәрсені түсінесің. Бір шетінен бұл біз ішіп жүрген дәрілердің әсерінен болуы мүмкін. Олар адамды ашуланшақ етеді», - дейді 44 жастағы реципиент.

2014 жылдың 31 қазанында жүрегін алмастырған Азат Көптілеуов отадан кейін өзін басқа адамдай сезінгенін айтады. Әйелін танымай, балалары туралы сұрай бастаған. Бірақ ол уақытта реципиенттің балалары болмаған.

«Маған әйел адамның жүрегін салды. Қостанайлық орыс әйелдің төрт баласы бар екен. Отадан кейін жансақтау бөлімінде жатып сол балаларды сұраған екенмін. Бастапқыда әйелімді танымағанмын. Одан «Балаларымызды қайда қалдырып кеттің? Әпкеңнің үйіне алып бардың ба?» деп сұрап жатырмын. Ота жасалып жатқанда адам айтса нанғысыз түс көрдім. Желісін қысқаша айтып берейін. Өзімді көрдім. Жаныма Әзірейіл періште келіп тұр екен. Қолымнан сүйреп алып кетіп барады. Ал менің екі көзім тілініп жатқан кеудемде. Сол бөлмеден кеткім келмей көпке дейін қарсыластым. Ақыры төрт қабырғасы аппақ бір жерге алып барды. Сол жерде маған біреу сөйлеп жатыр. Үні батырдың дауысына ұқсайды.

Іштей Алла тағаланың дауысы екен деп жатырмын. Әзірейілге «Бұл адамды қателесіп әкелдің. Қайтар. Бұл мен алып кел деген адам емес» деді. Осыдан кейін Әзірейіл маған «Олай болса дүниежүзін аралап шығайық» деді. Дүниеде не болып жатқанының барлығын көрсетті. 2014 жылы бас алмастыру отасының қалай жасалатынын көзіммен көрдім. Қазақстанда бұл ота 2019 жылы жасалатынын білдім. 2017 жылы Қытайда ауыстырылатынын да көрдім. Сол кезде туыстарым менің осы айтқан сөздеріме сенбеді. Тіпті, сол сәтте Қазақстанда төртінші тіл ретінде Қытай тілінің оқытылатынын білдім. Мұндай жағдайлар көптеген реципиенттің басынан өткеніне сенімдімін. Тек олар жұрттың алып-қашпа сөзінен қорқып пікірлерін бұғып қалатын сияқты», - дейді Азат Көптілеуов.

"Донорымның балалары туралы сұрап, әйелімді танымадым"

Мамандар адамның «о дүниедегі» өмірді көруін ғылымда клиникалық өлім деп атайды. Бұл – өмір мен биологиялық өлім арасындағы кезең. Бұл кезеңде адамның жүрегі мен тыныс алу жолдары істен шығады. Тірі екенін дәлелдейтін белгілер жойылады. Кемінде 3-4 минут, ал максимум 5-6 минутқа (бастапқы дене температурасы қалыпты болған жағдайда) созылады. Адамның тірі қалуы әбден мүмкін. Клиникалық өлімнің уақыты гипоксия кезінде бас миы жоғарғы бөлігінің жұмыс істеу қабілетін сақтап қалуымен тікелей байланысты болады. Маман В. А. Неговский клиникалық өлімді сипаттай келе екі мерзім туралы айтады.

Бірінші мерзім – 3-5 минут. Бұл аноксияға қарамастан бас миы жоғарғы бөлігінің жұмыс істеу қабілетін сақтап қалу уақыты. Аноксия дегеніміз – ағза мен бас миға оттегі тасымалданбауы. Көп жағдайда мұндай клиникалық өлім түрі дене температурасы 36,5 градус болғанда бастан өтеді. Әлем тәжірибесіне сүйенсек, бұл мерзім ұзарса, ақырында декортикация немесе децеребрация болады. Біріншісінде ми қыртысы өледі, екіншісінде бас миының барлық бөлігі өледі.

Бірақ, клиникалық өлімнің тағы да бір мерзімі бар. Дәрігерлер бұл түрімен алғашқы көмек көрсеткенде немесе ерекше жағдайларда бетпе-бет кездеседі. Клиникалық өлімнің екінші мерзімі 10 минутқа созылады және мұндайда реанимациялық шаралардың әсері өте күшті болады.

Ғалымдар арасында клиникалық өлім кезінде адамдардың о дүниені көретіні туралы пікір айтылады. Бірі өзінің ұшып жүргенін, екіншілері туннель соңында жарық көреді. Қайтыс болып кеткен туыстарымен кездесетіндер де бар. Басты проблема жүрек істен шыққан соң мидың да өз жұмысын көп ұзамай тоқтататынында. Яғни клиникалық өлім кезінде адам ешнәрсе сезіне алмайды.

"Мен үшін жүрек кірпіш секілді"

Жүрегі алмастырылған 56 жастағы Булат Исаев мұндай процестер адам баласының басынан өтуі мүмкін емес деген пікірде. Реципиент мұны адамның дүниеге деген көзқарасының өзгеріп, бір өлімнен аман қалғандығын сезінумен байланыстырады.

«Мамандығым мал дәрігері болған соң күнделікті қолыма жүрек ұстаймын. Сол себепті болса керек, мұндайға келгенде салқынқандылық танытамын. Ал басқа салада жүргендер үшін бұл ота өмірінде елеулі оқиға болғандай көрінеді. Жүрек мен үшін материал, үй қабырғасын тұрғызатын кірпіш іспетті. Оның пішіні, салмағы, тіпті, түсі де әртүрлі болады. Ал ағза алмастыру отасы кез келген реципиент үшін үлкен күйзеліс. Осыдан барып адам баласының өзгелерге, қоршаған ортаға, жалпы өмірге деген көзқарасы өзгереді. Кешірімді келіп, әрбір тағатын бағалайды. Кез келген жағдайды жүрегіне жақын қабылдап, сезімтал бола бастайды.

Жүрегімді ауыстырмас бұрын 7 жыл ауырдым. Әдетте мұндай диагнозбен науқас 1-2 жыл ғана өмір сүреді. Дәрігерлер «Бұлай ұзақ жасауыңыздың құпиясы неде?» деп сұрайды... Мен қаралған ауруханадағы дәрігер өте тәжірибелі болды. Бірден дұрыс диагноз қойғаны үшін әлі күнге дейін алғыс айтамын. Әкесі де мал дәрігері болған екен. Содан жақын тартты деп ойлаймын. Себебі, мені тексеріп жатып жылап жіберді. «Неге жылап тұрсыз?» деп сұрап едім, «Бір емес, екі бірдей аяғыңызбен көрде тұрсыз» деді. Ол уақытта үш жерде жұмыс істеп жүрдім... Басқа ұлттарға қарағанда шыдамды екенімізді де мойындауымыз керек. Бізді күштеп дәрігерге алып бармайынша шыдап жүре береміз.

"Донорымның кім екенін білмесем де, мешіт пен шіркеуге барып дұға етемін. Осылайша алғыс айтамын"

Жасуша жадына келер болсақ, бұған әр адамның әртүрлі қарайтыны анық. Өзгелері жүрекке жақын қабылдап, сезімтал болып жатса, мен салқынқандылық танытамын. Болып жатқан оқиғаларға реалистік тұрғыдан қарауға тырысамын. Техникалық жағынан жүрек насостың рөлін атқарады. Ол қанда ағзаға таратады. Жүректі күнде көріп жүрмін дедім. Алысқа шабатын ат секілді жануарлардың жүрегі үлкен, бұлшық еті тығыз болып келеді. Ал байлауда тұрған жылқының консистенциясы әлсіздеу келеді...

Сіз секілді маған отадан кейін доцент, ғалымдар сұрақ қойды. Мен әзілдеп «Өлең жаза бастадым, түнде шет тілінде сөйлеуді шығардым» деген едім, олар сеніп қалған екен. Әрине, күйзеліске түсіретін жағдай болған соң, адамда айтарлықтай өзгеріс болатыны анық. Бастапқыда аздап сезімтал болғаным да бар... Меніңше, донор туралы ақпаратты білмеген дұрыс сияқты. Жәнібек Оспанов алғашқы реципиент болған соң, оған дәрігерлер барлығын ашып айтты. Ал менен мұндай ақпаратты жасырды. Мен тек жасын сұрағанымда, құрдасым екенін айтты. «Аз білсең, ұйқың тыныш болады» деген сөздердің де жаны бар. (Күлді.) Донорымның кім екенін білмесем де, арасында мешіт пен шіркеуге барып ол үшін дұға қылып, алғыс айтамын», - дейді Алматы облысы Совхоз Қазақстан ауылының тумасы Булат Исаев.

Ал Сіз, құрметті оқырман, донор жадындағы естеліктер мен мінез-құлық ерекшеліктері реципиентке ағза арқылы берілуі мүмкін деп ойлайсыз ба? 

 
Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
7 лет назад 2890
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232