Бәраат түні - періштелердің мейрамы
Бәраат түні - періштелердің мейрамы

Жер бетінде мұсылмандардың екі мейрамы болса, көкте де періштелердің екі мейрам кештері бар екен. Періштелердің мейрам кештері Шағбан айының он бесінші жұлдызының түніне тең келетін «Бәраат» түні мен «Қадір» түні. Мұсылмандардың мейрамы болса, Ораза айт мейрамы мен Құрбан айт мейрамы болып табылады. Сондықтан Шағбан айының он бесінші түніне «Періштелер мейрамы» деген есім берілген.

Субки (р.а.) тәпсір кітабында былай дейді: «Шағбан айының он бесінші түні (Бәраат) бір жылдық күнәні, Жұма түні бір апталық күнәні, Қадір түні өмір бойғы күнәларды өшіреді». Яғни, осы аталмыш түндерді ғибадатпен өткізу, күнәлардың кешіріліп, судай төгілуіне себеп болады.
Сондықтан Бәраат түні «Кәффәрат» – өшіруші түн деп те аталады. Пайғам-барымыздың (с.ғ.с.) «Екі мейрам түні мен Шағбан айының он бесінші түнін құлшылықпен өткізгендердің жүректері, басқа жүректер өлетін күні өлмейді», – деп бұйырған хадисіне сүйене отырып осы түннің басқа есімі де «Өмір түні» деп аталады.
Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Шағбанның он үшінші түні жасаған дұғасына Ұлы Алла Тағала үмметінің үште біріне шапағат ете алатындығын, он төртінші түні қылған дұғасына үмметінің үште екісіне шапағат ете алатындығын және он бесінші түні қылған дұғасына біліп тұрып әдейілеп Алланың әміріне бас имегендерден басқа барша үмметіне шапағат ете алатынын баяндаған риуаятқа сүйене отырып, Шағбанның он бесінші түніне «Шапағат түні» деген есім берілген.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Ұлы Алла Шағбан айының он бесінші түні құлдарына назар салып және Аллаға серік қосқандар мен бүлікшілерден басқалардың барлығын кешіреді», – деген хадисіне негізделіп, осы түнді «Мағфират» – кешірім түні деп те атаған.
«Шағбан айының он бесінші кеші болғанда, оны ғибадат, мінәжатпен өткізіңдер. Күндізінде ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала ол түнде дүниенің аспанына жақындап: «Тәубе қылар жандар бар ма екен, кешірейін. Ризық сұраушылар бар ма екен, ризыққа бөлейін. Ауруына шипа тілеушілер бар ма екен, дауасын берейін. Тілек тілеушілер бар ма екен, тілеуін орындайын!», – дейді. Бұл жағдай таң атқанға дейін осылайша жалғасып жатады» (Ибн Мәжә, Иқама, 191).
«Шын мәнінде Алла Тағала Шағбан айының жартысы келгенде, яғни Бәраат түнінде назарын салып, құлдарының барлығын мағфират етеді. Тек қана мүшріктер мен жауыздарды, кек сақтаушылар мен өштесушілерді кешірмейді» (Ибн Мәжә, Иқама, 191).
Айша анамыздың айтуынша, Пайғам-барымыз (с.ғ.с.) Шағбан айының он бесінші түні Алла Тағала «Кәлб» тайпасының отар-отар қойларының жүндерінің санындай адамдарды тозақтан азат етеді. Тек қана мына алты кісі бұдан тыс:
1. Әрдайым арақ-шарап ішетіндер;
2. Әке-шешесін қапа қылғандар;
3. Зинақорлыққа барғандар;
4. Әдейіліп сауда-саттықтың бағасын көтеретін суайттар;
5. Сурет салғандар;
6. Екі кісінің арасына сөз таситын өсекшілер.
«Шағбан айының он бесінші түні Әзірейілге келесі жылғы келетін Шағбан айына дейінгі өлетін кісілердің есімдері білдіріледі. Адам баласы егін салып, үйленіп, үй тұрғызып жатқанда, есімі өлетіндердің тізіміне жазылып, Әзірейіл де өзіне берілген әмірді күтіп тізімдегілердің жанын алуды күтіп отыруда» деген хадиске сүйене отырып, бұл түннің бір есімі «Нәсіп және тағдыр түні» деп те аталады.
Қорыта айтқанда, Алла Тағала осындай қасиетті түндерді құлшылықпен өткізіп, күнәларымыздан тазаруды баршамызға нәсіп еткей!

Батыржан Мансұров,
ҚМДБ-ның Атырау облысы 
бойынша өкіл имамы

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
9 лет назад 7457
1 комментарий
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232