Ертістің басындағы қайғы Іленің арқасына аяздай бататынын айтқан едік өткен мақаламызда. Сол Іленің тағдыры Балқашпен кіндіктес. Өзеннің жалпы ұзындығы 1439 шақырым болса, соның 815 шақырымы Қазақстан аумағында жатыр. Балқаш көлемі бойынша әлемде 14 ірі көлдің біріне жатады. Оған Ілемен бірге Қаратал, Ақсу, Лепсі, Бақанас өзендері және жерасты суы құяды.
«Ханның қасында болғанша, судың басында бол» деген мақал бар қазақта. Аңызға сенсек, Абылай ханның заманында Ер Жәнібек пен Райымбекке қаратып айтылса керек. Таластың көкесі келешекте су үшін болатынын сезген көреген хан бірін Ертістің басына қайтадан ел қондыру үшін, бірін Іленің басына бақылау орнатуға жіберген деседі. Сол еңбек еш кетпеу үшін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шекараны шегендеумен бірге бастауы бөгде жұртта жатқан өзендердің мәселесін де шегелеп алуымыз керек болған. Саясаттың жібі күрмеуге келмеді ме, қос бірдей тағдыршешті мәселенің біреуін ғана тас-түйін ете алыппыз. Ертіс пен Іле туралы айтқанда ғалымдардың күрсіне сөйлейтіні содан.
Ғалымның көз жасы
Іле мен Балқаштың мәселесін айтып, шырылдап жүрген санаулы маманның бірі – Анар Тілеулесова.
Зейнетке шығар тұста Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясын басқарған. Сол қызметте жүріп Ілені бірлесіп пайдалану туралы екіжақты келіссөздерге араласып, Қытайға жиі сапарлапты. Әсіресе, 2005, 2008 жылғы сапарлар қатты есінде қалған.
«Мен 2010 жылдың ортасына дейін трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалануды реттейтін комиссияның мүшесі болғанмын. Қытайға жиі баратынбыз. Ілеге Текес, Күнес, Қаш өзендері Қытай жерінде қосылады. Сол Текестің бойына бұлар 2008 жылы Қапшағай су қоймасын салды. Күнес пен Қашты да өздеріне керек жаққа қарай бұрып жатқанын сол кезде көрдік. Ресми деңгейде ондай мәлімет таппайсыз. Бірақ, көзге көрінеу дүние. Жаңағы айтқан Қапшағай су қоймасын олар 3 жылдың ішінде салып тастады. Сол нысанды аралап 10 күн жүргенде 7 келі салмақ тастаппын. Неге дейсіз ғой? 2005 жылы ол жерде су қоймасының орны ғана тұрған. 2008-де барсақ, су қоймасымен бірге төмен жағына қарымта реттегіш де салып тастапты. Ал біздегі Қапшағай су қоймасы 1969 жылы салынған. Жаңағыдай қарымта реттегіш әлі салынған жоқ. Қытайлықтар су қоймасын түгел бетондап тастаған. Маңайы түгел жарықтандырылған. Қазақстанға қарай 90 шақырым каналдың да асты-үстін де бетондапты. Су жерге де сіңбей, ауаға да буланбай жету үшін солай істеген. Соны көргенде қонақүйге келіп алып жыладым. Мыналардың 3 жылда салғанын біз 30 жыл бойы тындыра алмай келе жатқанымызға қынжылдым», - дейді ғалым.
Балқаштың киесі
Ғалым Аралдың трагедиясынан Қазақстан жөнді сабақ алмағанымен, оның жер шарына қандай құлазу әкелгенін әлем әлі ұмытпағанын айтады. Халықаралық жиындарда Іленің мәселесін көтерген Қазақстан тарабы Балқашты да Аралдың тағдыры күтіп тұрғанын айтып, дабыл қағуға көшкен. Әлем құлақ асқан соң Қытай да айылын жиыңқырапты.
«Қазір біз Балқаштың суына тиісіп отырған жоқпыз. Іленің бойына да ешқандай кәсіпорын салынған жоқ. Осының арқасында ғана көлді сақтап отырмыз. Қытаймен келіссөздерде де, халықаралық жиындарда да осы аргументті ту етіп ұстап жүрміз. Ал ертең АЭС салып, былықтырсақ, Қытай бізге басымызды қатырмаңдар деуі мүмкін. Бізге Ілені қалай пайдалануды үйреткенше Балқаштағы былығыңды жөндеп ал десе, жер боламыз. Халықаралық деңгейдегі жиындардың бәрінде алға тартып жүрген ең үлкен уәжіміз осы Балқаштың амандығы болып тұр. Соның арқасында Іленің суын бұрғызбай келеміз», - деген ғалым АЭС жобасын тықпалап жүргендердің Балқаш пен бірге Іледен де айырылатынымызды қаперге алғысы келмейтініне қапаланады.
Зейнеттегі ғылым кандидаты кейінгі кезде Балқаштың киесі бар деген аңызға сене бастапты.
«Біздегі Қапшағай су қоймасына о баста 28 млрд текше метр су жиямыз делінген. Кейін 19 млрд текше метрден аспауы керек, қалғанын Балқаш көліне жібереміз деген шешім шығарылды. Содан бері Іленің суының негізгі бөлігін мақсатты түрде көлге жіберіп отырмыз. Балқаштың айдыны ауқымды болғанымен, табаны 5-6 метр ғана. Құятын суы азая қалса, жылдам буланып кетеді. Қазір әлем бір-бірін ғарыштан-ақ бақылап отыр. АЭС-ке деген көзқарас Чернобыльдегі апаттан кейін жақсара қойған жоқ. Керісінше озық елдердің көбі түбегейлі бас тартып жатыр. Неге әлемнің дамыған елдері бас тартып жатқан технологияға жармасуымыз керек? Оның үстіне, бізде электр энергиясының тапшылығы жоқ. Бұлар шетелге сатамыз дейді. Кім аламыз деп отыр екен? Есесіне біз көлді құртамыз. АЭС салынса, оған қажет су көлден алынады. Ал 1000 градусқа дейін қайнаған суды қайта көлге төгеді. Сонда Балқашты, тірідей қайнатып, пісіріп тастағалы отырмыз. Кезінде Балқашқа жылу стансасын саламыз дегенде де қарсылық білдіргенбіз. Астанаға шақыртып тұрып, қол қойғызып алды. Қайтып келіп, Балқашты жалаңаяқ кеше жүріп, шарасыздығым үшін көлден кешірім сұрадым. Қайтар кезде бір қария жолықты. Сол кісі: «Жылама, бұл көлдің өз киесі бар. Ешкімді кіргізбейді. Жағасына талай рет өндіріс саламыз деген. Біреуі де іске асқан жоқ» деп жұбатты. Кейін құдай сақтап жылу стансасының жобасы аяқсыз қалды», – деп күледі ғалым.
Қапшағай су қоймасы
Негізі Балқаштың басына қауіп бұлты ең алғаш 1970 жылы үйірілген болатын. Іленің суын Қапшағай СЭС-іне бұрудың кесірінен көлге жыл сайын бұрынғыдан 2 текше шақырым су кем құйылатын болған. Анар Тілеулесованың «Қапшағай су қоймасына о баста 28 млрд текше метр су жиналуы керек болған» деп отырғаны осы.
Алатау мұздықтары мүжіліп барады
Көл жағасындағы жұрт судың киесіне сеніп жүргенде Қытай жағы Шыңжан-ұйғыр автономиялы районының жан санын 100 млн адамға жеткізуге көшкен.
«Осыдан 10 жыл бұрын Шыңжан-ұйғыр автономды районының халқын 100 млн адамға жеткіземіз деп жоспарлаған болатын. Соншама адамға ауыз су мен өндіріс, егіс алқаптары қажет болады ғой. Оған Іленің суы алынады деген сөз. Қазір Қазақстан Балқаш проблемасын барлық форумда көтеріп, оны сақтап қалу ғаламдық экология үшін маңызды екенін дәлелдеп жүр. Қытайлықтармен өткен келіссөздерде де алға тартатын негізгі аргументіміз осы. Егер Іле арқылы келетін су 12 текше шақырымнан азайса, көл құриды. Осы межеден өлсек те айырылмауымыз керек», – дейді Анар Тілеулесова.
Су ресурстары комитетінің ақпаратына сенсек, ғалым айтқан межеден қазірдің өзінде айырыла бастаппыз. Іле өзені арқылы келетін судың көлемі Добын шекаралық гидробекеті арқылы бақыланып отыр.
«Қазақстанға кіретін судың мөлшері ауа райымен тығыз байланысты. 2018 жылы Іле арқылы елімізге 11,9 км3 су кірсе, 2019 жылы 13 км3 су келген». Комитет мамандарының сауалымызға жолдаған жауабында осылай деп жазылған. Қазақ-неміс университетінің жас ғалымы Болат Зубаиров 2014 жылы Іле-Балқаш бассейнінің мұздықтарына зерттеу жүргізіпті. «Мұздықтары кеміп келе жатқан Іле өзенінің мысалындағы су қауіпсіздігінің проблемалары» атты еңбегінде өзеннің Алатаудағы мұздықтарының 1955-2008 жылдар аралығында қалай мүжілгенін баяндайды. Ол үшін ғалым Қазақстан мен Қытай География институттарының деректерін, ALOS, IKONOS, IRS, Landsat 7 ETM+ форматындағы космостық түсірілімдерді таразылап шыққан.
«Іле Алатауының солтүстік беткейіндегі мұздықтар көлемі 1955-2008 жылдар арасында 41 пайызға, азайып жыл сайын 2,2 текше шақырым су жоғалтып отырған. Жетісу Алатауының оңтүстігі мен Іленің Қытай аумағындағы мұздықтарында да осыған ұқсас жағдай байқалып отыр. Мұздықтардың кемуі өзеннің ағысына тікелей әсер етеді. Мұздықтар деградациясы аяқталған кезде Іленің су қоры 10-15%-ға азаяды. Яғни, жылдық су қоры 2,26 текше шақырымға кемиді. Балқаш көлінің 67 пайызын Іледен келген су толтырып тұр. Ал Іленің 70 пайызы Қытайдан ағып кіреді. Мұздықтардың мүжілуінсіз-ақ, ғаламдық жылу бізді айналып өткеннің өзінде антропологиялық әсер Ілеге ауыр тиеді. Су тапшылығына байланысты Қытай тарапы Қаш, Күнес, Көксу өзендерінің суын көрші бассейндерге бұру жоспарына көшті. Көксу бөгеті салынып жатқандықтан, келешекте Іледен Көксу өзеніне құятын судың мөлшері де азаюы мүмкін», – деп жазады Болат Зубаиров.
Жұмысы құпия комиссия
Әзірге Қытай тарабы Балқаш бойына АЭС салу жобасына қатысты реми түрде ешқандай ескерту немесе шарт ұсынбаған көрінеді. Мұны да су ресурстары комитетінің мамандары айтты. Екі арадағы трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі бірлескен комиссия жұмыс істеп келеді. Осы комиссияның жұмысы 2015 жылдан бастап құпия сипатқа көшкен.
«Бірлескен комиссияның Ережесіне сәйкес Тараптардың бірінің келісімінсіз, екінші тарап комиссия аясында қабылданған құжаттарды үшінші тарапқа ұсына алмайды», – деп жазады Су ресурстары комитетінің баспасөз қызметі.
Бүкілресейлік гидротехника және мелиорация ғылыми зерттеу институтының ғалымдары 2018 жылы «Қазақстан мен Қытайдың трансшекаралық өзендері» атты мақала жариялады.
«2007 жылы Қазақстан Қытайға 10 жылдық келісімшарт ұсынды. Көршілерге жеңіл бағамен азық-түлік сатып, есесіне Іленің суын Қазақстан атаған мөлшерде жіберіп тұру ұсынылған. Бірақ, Қытай ол ұсыныстан бас тартты», – деген жолдар бар сол мақалада.
2003-2014 жылдар аралығында біз айтып отырған бірлескен комиссия 12 рет кездесу өткізген екен. Оның нәтижесі кестеде берілген.
Осыдан кейін қос тарап Арнайы жұмыс тобының қызметі туралы ереже бекітіп, оның жұмысы жабық сипатқа көшті. Сондықтан кейінгі жылдарда қандай келісімдер жасалғаны жалпақ жұртқа белгісіз. Көрші елдің ғалымдары Қытай мәселені Ресейдің қатысуынсыз, Қазақстанмен бетпе-бет шешуді жөн көреді деп бағалап отыр.
Іле неден іріп тұр?
Ресей демекші, өткен мақаламызда Ертіс проблемасын шешуде Ресей мен Қазақстанның мүддесі ұқсас екенін айтқан болатынбыз. Ал Іледе Ресейдің үлесі болмаса да, Балқашқа қатысты өз мүддесі бар. Ол мүдде табиғат жанашырларының ұстанымына мүлде кереғар. Көл жағасына АЭС салу жобасын тықпалап жүрген осы ресейлік компаниялар. Атом өнеркәсібі саласындағы талас-тартыстың құрбаны болды деп жүрген Мұхтар Жәкішев бостандыққа шыққаннан кейін алғаш рет тікелей эфирге шығып, Балқаштың бойына 300 МВт-тық 3 АЭС салғысы келетінін айтты. Тіпті, істі болғанға дейін ресейлік өндірушілермен келіссөз жүргізіп те үлгерген екен. Мұхтар Жәкішевке сенсек, Балқаштың жағасына 1000 МВт-тық АЭС орнату тиімсіз әрі ыңғайсыз. Ал Ресейден басқа елдер одан шағын стансалар жасамайтын көрінеді. Осы мәселе бойынша Мұхтар Жәкішевтің өзіне хабарласып, табиғат жанашырларын алаңдатып отырған сауалдарды қойып көрдік.
«О баста Балқашты энергия көзі ретінде таңдаған энергетиктер болатын. Бұл жерде көлдің қазақ жерінің тура ортасында жатқаны, солтүстіктегі энергия жүйелері мен оңтүстіктегі тұтынушылардың арасын жалғауға өте тиімді екені басты назарға алынып отыр. Әйтпесе, АЭС міндетті түрде Балқашқа салынуы керек деген қатып қалған ұстаным жоқ. Атом стансасын салса да, көмір тұтынатын жылу энергия орталығын салса да, көлді пісіріп тастайды деген түсінік жаңсақ. Өйткені, салқындату құрылғысы орнатылады. Жылы ағынның паразит элементтерін сол салқындатқыш сүзіп қалады. Яғни, қайнаған су көлге құйылады деген әңгіме жоқ. Судың температурасы 1000 ℃ болады дегенмен де келіспеймін. Мысалы, жылу қуаты 3000 МВт болатын энергетикалық реактордағы судың температурасы 239℃-тан, 1000 МВт-тық реактордағы судың темпертурасы 269℃-тан аспайды. Реактордағы қайнаған су салқындатқыш жүйе – градирняға құйылады да, сол жерде көл суының көмегімен суытылады. Қалай десек те Балқаш суына электр стансасын салқындатудан айтарлықтай салмақ түспейді. Бірақ мен бұған дейін тікелей эфир арқылы Балқаштың бойына АЭС салу әзірге мүмкін емес екенін айттым. Өйткені ешбір елде қуат сыйымдылығы бізге тиімді реактор шығарылмайды. Қазір қолданыста кеңінен таралған реакторлардың қуаты 1000-1400 МВт аралығында. Сондықтан әзірше Балқаштың бойына көмір тұтынатын жылу энегрия орталығын салу ықтималдығы жоғары», – дейді Мұхтар Жәкішев.
«Казгидромет» мекемесі Іленің суы мен топырағында улы элементтердің шектен артып кеткенін, бірақ, ластану көзі белгісіз екенін ресми бюллетеньге енгізіп отыр. Өзеннің жағасындағы топырақ пен түбіндегі шөгінділерден алынған сынмалардың құрамында мыс, мырыш, калий, күшәла, галий сияқты ондаған химиялық элементтің шектен тыс мөлшері анықталыпты. Ең өкініштісі, «Қазигдромет» мекемесі судың ластану себебін дөп басып айта алмай отыр.
Шекарадан уланып кіретін өзен жалғыз Іле ғана емес. Сырдарияның уранмен уланып жатқанын да осы мекеме дабыл қағып айтуда. Ол енді басқа бір мақаланың жүгі...
Авторы: Есімжан Нақтыбайұлы
Дерек көзі: inbusiness.kz