«Әзірет Сұлтан» мешітінде екінші әйелімен некесін қидырған ер азаматтар болды - имам
«Әзірет Сұлтан» мешітінде екінші әйелімен некесін қидырған ер азаматтар болды - имам

Жуырда «Әзірет Сұлтан» мешітінде 11 111-ші жұп некесін қиды. Көркем мешіттің бес жыл бұрын ашылғанын ескерсек, Астанада жылына шамамен 3 мыңға тарта жұп Алла алдында некесін қидырады деген сөз. Тіпті, бұл жұптардың ішінде екінші әйелімен де неке қиған ер азаматтар болыпты. ҚазАқпарат тілшісінің сұрақтарына жауап берген «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Қуат Ерғалиұлы осы және өзге де қызықты деректер туралы әңгімелеп берді.

- Қуат Ерғалиұлы, «Әзірет Сұлтан» мешіті 2016 жылы неше жұптың некесін қиды?

- «Әзірет Сұлтан» республикалық Бас мешітінде 2016 жылдың 5 қаңтары мен 31 желтоқсан арадығында 2864  неке қиылды. Ал, жалпы, мешіт ашылған күннен бастап, 2012 жылдың 30 желтоқсанына дейін 1452 жұптың некесі қиылса, 2013 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта отбасылық өмірге алғашқы қадамдарын «Әзірет Сұлтан» мешітінен бастағандардың саны 2160-қа жеткен. Ал, 2014 жылы бұл көрсеткіш 2296-ға тұрақтайды. 2015 жылы «Әзірет Сұлтан» мешітінде неке қидырған жұбайлар саны 2591-ге дейін артқан. Бір қызығы, былтырғы жылы қиылған некелер саны да осы төңіректе тұрақтайды - 2590 неке.

- Қазақстанда көбейген теріс діни ағымдардың бір көрінісі - Алла алдында да, заң алдында да заңсыз бірнеше әйелге үйлену және ол қыз-келіншектерге «талақ» айтып, тастап кету болды. Бұл мәселе қоғамды да, қыз өсіріп отырған ата-ананы да қатты алаңдатты. Имансыздықтың алдын алу үшін мешіттер заңды неке қию куәлігі жоқ жұптардың некесін қимайтын болды. Жалпы, осы тәртіп енгеннен кейін мешітте неке қиған жұптардың саны азайды ма?

- Қазіргі таңда қоғамның тұрмыс-салты мен дүниетанымының жүйесі ретіндегі діннің рөлі айтарлықтай өсті. Алайда, соңғы жылдары елімізде белең алған теріс ағымдардың «шариғат жолын ұстадық» деп, некелерін мемлекеттік АХАТ бөліміне тіркеуді қажетсінбейтін ерлі-зайыптылардың  пайда бола бастағаны жасырын емес. Бір өкініштісі, неке суын ішкенімен қолдарында заңды құжаттары жоқ жұбайлардың жолдары ұзаққа бармай, екіге айырылып жатқандар қаншама. Айталық, жұмысында немесе ағайын-туғанының ортасында материалдық-моральдық теперіш көрген, болмаса күйеуі жастай опат болып, жесір қалған, болмаса бағыт-бағдарын байыптап үлгермеген, діни сауаты кем қыздар мен келіншектерді арбауына түсіреді. Яғни, алдайды. Әйелдікке алатынын айтып, «үйіріндегі» үзеңгілестерімен үйдей уәде беріп, жасырын неке қияды. Осылайша, ыстық-суығы басылғанда үш рет «талақ» айтып айырылысады. Тіпті, «үйірлестеріне» «сыйға» тартатыны да кездеседі. Осылайша, кінәсіз қыз бірнеше ерге күйеуге шығуға мәжбүр болатын көрінеді. Осындай жағдайға ұшыраған әйелдер бізге шағым айтып келеді. Олар негізінде дінді өзінің нәпсісіне бұрмалап алғандар. Байқасаңыздар, өзіміздің дәстүрлі дінімізді ұстанып жүрген бір азамат олай істемейді. Олардың арасында ондай проблема жоқ. Осы мәселені реттеу барысында еліміздегі барлық мешіттерге АХАТ бөлімінің анықтамасы болмаса ешбір жұпқа неке қимау жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының арнайы тапсырмасы берілген. Осыған байланысты некенің шарттары толық орындалмайынша және АХАТ бөліміне арыз жазып, тіркеліп, анықтама қағазын әкелмейінше біздің мешітте, тіпті, Қазақстанның барлық мешіттерінде неке қиылмайды. Осы тәртіп енгізілгеннен кейін де мештімізде неке қидырушылар саны  жыл сайын артпаса, кеміген емес.

- Заңды түрде некесі қиылмаған жұптардың некесін имам қандай жағдайда қия алады?

- АХАТ бөліміне тіркелмеген жұптардың некесі Қазақстанның барлық мешіттерінде бір жағдайда ғана  қиылады. Неке қидыруға ниеттенген қыздың да, жігіттің де ата-анасы, туыстары неке қию рәсіміне өздері келіп қатысып, куә болулары керек. Некенің барлық шарттары орындалып, екі жақтың да ата-анасы мен туыстары қатысқан жағдайда ғана АХАТ бөлімінен құжат талап етпей, некесін қиып бере аламыз.

- Алла алдында жарымен некесін қиған ер адам қалыңдыққа сыйлық, яғни, «Мәһр» береді. Мәһрдің мөлшерін молда алдында қалыңдық өзі айтатыны белгілі. Осы, «Әзірет Сұлтан» мешітінде некесі қиылған қыздардың көбі мәһрге не сұрайды?

- Шариғатта мәһр - некелесу барысында немесе кейін өтеу шартымен келісілген қалыңдыққа берілетін дүние-мүлік немесе ақша. Осыған орай еркек күн көрістің қамымен сыртта жұмыс істеп дүние тапса, әйел көбіне үй шаруаларымен айналысқан. Осындай табиғи бөлістің нәтижесінде отбасын асырау отағасының мойнына жүктелген. Мәһр, нәпақа, үйге қажетті заттарды алу - ер кісінің міндеті. Ханафи мәзһабы бойынша мәһрдің ең аз көлемі он дирхам (Пайғамбарымыздың кезінде бес дирхам құрбан шалуға татитын бір қойдың құнына тең болған). Демек, екі қойдың құнындағы қаражат, яки, мүлік мешітімізге неке қидыруға келген қалыңдықтар мен келіншектердің көпшілігі мәһр сыйлығына гауһар тасты алтын жүзік пен сырға сұрайды. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы жақсылары автокөлік яки пәтер сұрайтындар да бар.

- «Әзірет сұлтан» мешітінде екінші әйелімен неке қиған ер азаматтар болды ма?

- Мешітімізде екінші әйелімен некесін қидырған ер азаматтар болды. Мұндай жағдайда мешітімізде дау-дамай туындамас үшін неке қидырушы ер адам бірінші жұбайын да неке қию рәсіміне куәгер ретінде қатыстыру керек. Сонымен қатар, екінші әйел ретінде неке қидыруға келген әйел адамның да ата-анасы куәгер ретінде  қатысуы керек. - Танымды сұхбатыңызға көп рақмет!

Автор: Кенжекей Тоқтамұратқызы

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
8 лет назад 3060
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232