Асық-терапия: Мамандар асық ойнаудың пайдалы тұстарын айтып берді
Асық-терапия: Мамандар асық ойнаудың пайдалы тұстарын айтып берді

Кешегі күнге дейін қазақ балаларының сүйікті ермегі болған, соңғы уақыттарда көпшілік есінен шыға бастаған ойынның бірі – асық. 2017 жылы желтоқсан айында асық ЮНЕСКО-ның (БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет бойынша арнайы ұйымы) материалдық емес мәдени мұрасы қатарына кірді. Бұл жайында stan.kz ақпарат көзінің материалын назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақ спорт және туризм академиясының профессоры, жазушы Жұмажан Байжұминнің айтуынша, асықтың тарихы тым тереңде жатыр.  

"1240 жылы жазылған "Моңғолдың құпия шежіресінде" 11 жасар Темүжіннің (болашақ Шыңғысхан) Жамұқамен асық алмастырғаны айтылады. "... Жамұқа Темүжінге шеңберге қойылатын алшы сыйлады. Темүжін де Жамұқаға лақтыратын алшы сыйлады. Сосын олар Онон өзені үстіндегі мұзда асық ойнап, бауырларға айналды" деп жазылады. Осы қатарлардың өзі асықтың тым ежелден бар екенін дәлелдейді. Сонымен қатар, біздің археолог ғалымдар б.з.д. IV-III ғасырларға жататын қорғандардан асық тауып алды. Яғни, біз асықты бірнеше мың жылдық тарихы бар, көшпенділердің сүйікті ойыны болған деп айта аламыз. Дәл қазір бүкіл халықтық мазмұнға ие емес шығар, дегенмен бұл ойын Орталық Азияда қазіргі кезде де танымал", - дейді профессор. 

Иә, қазір асықтың көпшілік санасынан ұмытылып бара жатқаны өтірік емес. Ауыл арасында сақасын сайлап, асығын майлап бәсекеге аттанып бара жатқан балаларды да сирек көреміз. Ал оралдық мұғалім Айнұр Мырзагереева осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып жүр екен. Ол төрт жылдан бері балаларды асықтың қыр-сырына баулып жүр. 

"Балаларды төрт жыл бұрын асық ату, бес асық түрлеріне үйрете бастадым. Бес асықты негізінен қыздар ойнаса, балалар асық атуды жөн көреді. Жалпы, бұл ойынды кез-келген жастағы адам ойнай алады. Бұл ойын балалардың жылдам ойлау, жылдам қимылдау қабілетін, мергендігін дамытады, көз бұлшық еті үшін де аса пайдалы. Одан бөлек толып жатқан физикалық қабілеттердің дамуыны ықпалы зор", - дейді мұғалім.  

асық

Оқушысы Мираида Русланбекова республикалық бәйгеде бірінші орын жеңіп алған. Тұрар Әбіш есімді тағы бір ұлан облыс көлеміндегі сайыстарда оза шауып жүр. Ол да келешекте асық ату бойынша бапкерлік еткісі келеді екен. 

2011 жылы елімізде асықтың спорттық ойын ретінде ресми ережесі бекітілді. 2015 жылдан бастап республикалық деңгейде асық ойыны бойынша жарыстар өткізіле бастады. Қазір асық бүкіл әлемдік көшпенділер ойынының этникалық спорт түрі қатарына енгізілген. 

Тіпті, былтырдан бері "асық-терапия" атты жаңа термин де пайда бола бастады. Бұған да себеп болған асықты ерекше бағалаушы педагог жандар. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы "Дария" балабақшасы асықты оқу материалы ретінде пайдаланады. Балабақша басшысы Мөлдір Жолбарысованың айтуынша, бұл республика бойынша асық-терапияны оқу бағдарламасына енгізген екінші, ал облыс бойынша алғашқы мектепке дейінгі мекеме. 

Мұндай үрдісті батыс балабақшалары да қолға алған. 

"Соңғы кезде асық ойыны ұмытылып кетті. Біз соны қайта жаңғыртқымыз келеді. Асық ату ептілікті, көзбен көруді, үйлестіруді, дәлдікті, жылдамдықты, тапқырлықты дамытады. Сонымен қатар, бұл ойын ерекше тактикалық ойлау қабілетін де қалыптастырады. Мұнда асықты мейлінше дәл және жылдам ату ғана емес, бірнеше қадам бұрын ойлау керек", - депті "Көркемай" балабақшасының тәрбиешісі Светлана Салықова. 

Шымкенттік Оралхан Айдарханұлы бес жылдан бері ұлттық спорт, оның ішінде асық ату бойынша бапкерлік етіп жүр. 

"Асық ату спортынан еліміздің үш дүркін чемпион атанған Олжас Кенеханов деген ағам менің де осы спортқа қызығуыма әсер етті. Бірақ, басшылық алдымен маған тапсырма берді. Ол бойынша елордада өтетін жарысқа қатысып, үздік үштікке кіруім керек еді. Сол сайысқа Шерхан деген бауырымды ертіп бардым. Екеуміз бала кезімізден ала шаңды борпылдатып асық ойнап өскен баламыз ғой. Жарыс бізге аса қиындық тудырмады. 20 команданың ішінде 2-орын алдық. Сөйтіп, кәсіби карьерам да басталды", - дейді Оралхан. 

асық

Кәсіби маманның айтуынша, балалар о баста үлкен қызығушылықпен үйірмеге келеді. Бірақ 6-7 сыныптан кейін асық ойнағанына ұяла бастайды екен. 

"Көбіне 6-7-сыныпқа дейінгі балалар асық үйірмемізге жазылып жатады. Алайда, сол балалар кейін үлкейіп, асық ойнағанына ұяла бастайды. Жігіт болдық деп. Қазір республикалық, халықаралық деңгейде асық атудан жасөспірім, жастар және ересектер арасында да жарыстар өтеді. Сондықтан асықты тек баланың ойыны деп түсінуге болмайды. Негізі жарыстар асықтың екі түрі бойынша ойнатылып жатыр. Қыздар үшін – "Бес асық", ұлдарға – "Бес табан шеңбер". Жастар үшін шеңбер диагоналы – 4 метр, ересектер үшін – 6 метр. Шеңберге 13 асық тігіледі. Ойын әрқайсысы 15 минуттан екі партияға созылады. Яғни, бір тарап екі партияда да басым түссе, ойын аяқталады", - деп түсіндірді бапкер. 

Оралханның шәкірттері халықаралық сайыстарда да оза шауып жүр. Қырғызстанда өткен халықаралық көшпенділер ойынында екі шәкірті ұлттық құрама сапында сынға түсіп, үшінші орын алған. Одан бөлек, Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан кубогының да тұрақты жүлдегерлері. 

"Асықтың пайдасы дегенде көп нәрсені айтуға болады. Бірақ, мен бірінші кезекте бұл спорт көзге пайдалы дер едім. Себебі, бала асықты алыстан дәлдеу кезінде көз бұлшық етіне жаттығу жасалады, бұл көздің көруі үшін өте пайдалы. Одан кейін шеңберді айналып ары-бері жүре бересің. Өзің байқамауың мүмкін, бірақ, бір ойынды ойнаймын дегенше 2-3 шақырымды жүріп тастайсың. Мұның да денсаулық үшін пайдасы орасан", - дейді Оралхан Айдарханұлы.  

Дайындаған Ақжігіт Қазбек

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
4 года назад 2836
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232