Әскерге шақырылған жастарға сақа сарбаздардың, тіпті офицерлердің әлімжеттік жасауы – кең тараған кесел. Ол ешкімге таңсық емес. Масқаралау, азаптау, бопсалау сынды ауыр сындар армияда қалыпты құбылысқа айналған. Қазақстанда мұндай ақпараттар жиі жарияланса да, арнайы статистика жоқ.
Жалпы, «дедовшина», яғни әлімжеттік деген құбылыс сонау Кеңес кезінен келе жатыр. Оның бейресми тарихын да құлағымыз шалды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Сталин: «Қызыл армияның 5 млн әскері жауға тойтарыс беруге аздық етеді» депті. Міне, сонда Орталық Комитет жауынгерлер қатарын бұрын сотталған қылмыскерлермен толықтырады. Түрмедегі әлдінің әлсізге тізе батыратын әдеті әскерге осылай сіңген деседі. Бір қызығы, Кеңес армиясы кезінде өлім аздау болыпты.
Қазір Қазақстанның Қорғаныс министрлігі жарғыдан тыс қарым-қатынастарды болдырмау мақсатында кешенді профилактикалық шаралар ұдайы өткізілетінін ара-тұра мәлімдеп тұрады. Ведомство жарғыдан тыс қарым-қатынаспен күрес тәсілдері ретінде әр бөлімшеде сенім телефоны құрылғанын, апта сайын сарбаздардың денесі тексерілетінін, әскери бөлімдер аумағында тәулік бойына бейнебақылау орнатылғанын, психологтар жұмыс істейтінін алға тартады. Министрліктің дерегіне сүйенсек, 2019 жылы әскердегі құқықбұзушылық саны 2018 жылмен салыстырғанда 17 пайыз төмендеген.
Алайда, әскери тілші, запастағы полковник Сәдуақас Жұбатов ондай сөздерге күмәнмен қарайды.
– Бүгінде көп казарманың іші-сыртына бейнекамералар қойылған. Дегенмен әскердегі әлімжеттіктің түбірімен жойылуына барлық жағдай жасалған деп айта алмаймыз. Өйткені орын алған кейбір фактілер әскердегі тәртіпке әлі де көңіл аудару керегін аңғартады, – дейді ардагер журналист.
Кей сарапшылардың пікірінше, қаржы тапшылығы, тәжірибелі, иманды офицерлердің аздығы да әлімжеттікті өршітеді. Нақты бақылаудың жоқтығынан тәжірибелі сарбаздар «сарыауыз» жастарды жүйелі түрде жәбірлейді, ұрып-соғады, азық-түлігі мен киім-кешегін тартып алады. Ең сорақысы, алғашында әлімжеттіктен жапа шеккен жауынгер кезегі келгенде тура сол қылмысты өзі жасайды. Былайша айтқанда, бұрынғы азабы үшін кейінгілерден кек алады.
Кек алу дегенде бірнеше қаруласын бір түнде жайратып салған атышулы «Челах ісі» ойға оралады. Әрине, бұл мәселеде жауапсыз қалған сауал көп. Бірақ бір білетініміз – сот-тергеу материалдары бойынша Челахтың мұндай қылмысқа баруына шекарашылар арасындағы әлімжеттік себеп болған.
Жасыратыны жоқ, әскерге жастар негізінен тек әскери билет үшін барады. Себебі, жұмыс берушілер көп жағдайда әскери билет сұрайды. Бұл – ертеден бар шарт. Қалтасы қалыңдар баласын, иә, қалтасы қалыңдар баласын әскерге жібермей, арнаулы кафедрада оқытады. Қанаттыға қақтырмайды, тұмсықтыға шоқыттырмайды. Зардап шегетіндер – сол баяғы қарапайым жандар. Халықаралық Human Rights Watch ұйымының зерттеуіне сенсек, ТМД елдерінде әскерге алынғандардың көбі университеттерден шығып қалған, тұрмысы нашар отбасыдан шыққан, кезінде бірер ұсақ қылмыспен полицияға түскен жастар екен. Әскердегі сарбаздардың әлеуметтік портретін осыдан-ақ байқаймыз.
Заңгер Қайрат Жүкелдің ойынша, әскери кадрлардың деңгейі бұрынғыдан гөрі төмен. Әлімжеттікті жою қиын, бірақ оны азайтуға болады.
– Кейде сарбаздың өзі кінәлі болуы мүмкін. Қасындағы адамдармен төбелеседі, содан кейін суицид жасайды. Кейде кінәсіз офицерлерді соттап жатады. Бұл да дұрыс емес. Құқық қорғау органдары тергеу жүргізе келе, өлімнің нақты себебін анықтауы керек. Мәселен, Отардағы әскери бөлімде көз жұмған Саян Сатыбаевың ісінде «өлім себебі – суицид» деп нақты жазылып тұр. Оның өзіне қол жұмсағаны әлеуметтік желідегі хабарламаларын тексергенде дәлелденген. Соның өзінде сарбаздың өліміне сот офицерлерді айыптады, – дейді Қайрат Жүкел.
Иә, әскерге барған жігіттер шыңдалады, темірдей тәртіпке үйренеді дейді. Әйтсе де қоғамда орнаған қорқыныштың салдарынан ата-аналар өз ұлының зорлық-зомбылық құрбаны болғанын қаламайды. Өйткені, осы кезге дейін 14 әскери адам суицид жасаған екен. Оның 3-уі әскерге шақырылған, 11-і келісім-шарт бойынша әскери қызметін өтеп жүргендер. Сол үшін ата-ана баласын әскерге жібермеудің барлық амалын қарастырады. Жемқорлық деген жегі құрт жайлаған мына заманда әскерге «не годен» атана салу да – оп-оңай шаруа.
Әрине, әскердегі әлімжеттікке шыдамай, өзіне қол жұмсайтындар тек бізде ғана кездеседі деуден аулақпыз. Ондай сұмдық оқиғалар өркениетті елдердің әскерінде де бар. Бірақ бұл дерек өзімізді босқа жұбатып, жауырды жаба тоқуға негіз болмаса керек.
Әскерден бас сауғалай қашатын ер-азаматтар ел басына күн туғанда Отаны мен отбасын емес, өздерін қорғай алар ма екен? Жауынгерінің рухы жаншылған, тауы шағылған, өз әскерін қорлықта ұстайтын мемлекетте қуатты армия болуы мүмкін бе? Оны Қорғаныс министрлігінен сұрау керек шығар.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ
aikyn.kz