Алла дәрежемді көтерсін десеңіз...
Алла дәрежемді көтерсін десеңіз...

Адамдарға сыйлы болып, дәрежесінің көтерілгенін, қадірі артып, құрметке бөленгенін қаламайтын кісі жоқ шығар. «Алла дәрежеңізді көтерсін!» деген тілектің өзі еңсені біраз көтеріп, алға ұмтылдырады емес пе? Неліктен адамдар дәреже тұрғысында әртүрлі? Алла Тағала адамдардың арасына байлық, ризық-несібе, ақыл-ес, түсіну және өзге де көрініп тұрған не көрінбейтін мүмкіндіктер тұрғысынан айырмашылықтар жасаған деп жазады mazhab.kz. Адамдар осы секілді тіршілік қажеттерінде бірдей болмағанындай, дәреже тұрғысында да бірдей емес. «Әркімге жасаған амалдарына қарай дәрежелер бар»(«Әнъам» сүресі, 132-аят). Әрі біреудің дәрежесі біреудікінен жоғары не төмен болуының өзі ‒ дүние алаңында бекітілген бір сынақ. Бұл жайлы Құранда: «Ол сендерді жердің халифалары /бірін-бірі ауыстырып отыратын ұрпақ еткен және сендерді Өзінің бергенінде сынау үшін дәрежелерде біріңді-біріңнен жоғары көтерген», ‒ делінеді. («Әнъам» сүресі, 165-аят) Қазақтың «Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз» дейтін сөзі бар. Бұл сөздің мағынасы Құран аятымен астасып жатыр. Шынында да, дүниелік дәрежелерде біреудің біреуден жоғары болуы Алланың заңы екен. Мұның сыры мына аятта әдемі түсіндіріледі: «Оларға осы өмірдегі тіршілік қажеттерін Біз үлестірдік. Әрі бірін-бірі жұмыс істеуге алуы үшін дүниелік дәрежелерде олардың бірін кейбірінен жоғары көтердік. Әрі Раббыңның Мейірімі олардың жиғандарынан қайырлы», ‒ деген. («Зухруф» сүресі, 32-аят) Яғни, Алла Тағала адамдардың арасында бір-бірімен байланыстың болуы, араласуы үшін бір-біріне мұқтаж етті. Дүниелік істерде адамдардың әрқайсысының өз орны бар. Біреулерінің істегенін өзге біреулері істей алмайды. Алла Тағала әркімге әртүрлі қабілет (ақыл, білім, күш-қуат, байлық, еркіндік және т.б.) берген. Осындай қарым-қатынаста әркім өз мақсатына жетеді. (Шаукани) Алайда, бұл өмірде ғана биік дәрежеге жетсем деу ‒ көксеуге тұрарлық іс емес. Себебі, дүние қандай өткінші, жалған болса, жеткен дәрежең де сондай баянсыз, ғұмыры шолақ болмақ. Дүниеде де, Ақиретте де дәрежесінің жоғары болуын, адамдардың ғана емес, аса ұлы Алланың алдында қадірі артуын тілек ету һәм соған сай амал етіп, талпыну ‒ нағыз асыл мұрат, міне, осы. Себебі, Алла кімді құрметке бөлесе, онда оны төмендетуші болмайды. Алла кімді қор етсе, оны құрметтеуші жоқ... Бұл мақала, осы өмірде және ақыретте де дәрежесінің көтерілгенін қалайтын, құрметті амалдардың атқарушысы болуды арман еткендерге арналады. Алла Тағала қандай амалдармен адамның дәрежесін көтереді?

1. Иман мен ілім. Құран аятында: «Алла сендерден иманға келгендердің және білім берілгендердің дәрежелерін көтереді», ‒ делінген. («Мужадәлә» сүресі, 11-аят) Бұл аятты тәпсірші ғұламалар: «Аса ұлы Алланың бұйырғандарын орындағандар білсін, олар кемсітіліп не төмендетіліп жатқан жоқ, керісінше, Алла Тағала оның қайтарым сыйын беріп, дәрежесін көтереді» Ибн Касир; «Алланың бұл бұйрықтарын иман иелері және білім берілгендер сөзсіз орындайды. Мұндай адамдарды Алла Тағала өзгелерден білім, таным деңгейіне және иман күшіне байланысты дәрежелерін көтерген» А.Саъди, ‒ деп түсіндіреді.

2. Сәжде. Өйткені, сәждеде аса ұлы Аллаға бойсұну мен құлшылықтың ең жоғарғы дәрежесі көрініс табады. Адам өз тәніндегі ең қадірлі болған ғазиз басын, маңдайын жерге тигізіп, Раббысына ең жақын саналатын құрметке ие болады. Осы арқылы Алла ол құлының дәрежесін көтереді. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаға көп сәжде жаса. Өйткені, сен Аллаға қандай бір сәжде жасасаң, міндетті түрде Алла ол арқылы дәрежеңді көтеріп, күнәңді кешіреді», ‒ деген. (Муслим)

3. Қиын жағдайларда толық дәрет алу. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын)жеткен хадисте, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге Алла онымен қателерді өшіріп, дәрежелерді көтеретін нәрсені көрсетейін бе?» – деп сұрайды. Адамдар: «Әрине, уа, Алланың елшісі!» – дегенде, ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиын жағдайларда (дәрет алу кезіндегі қиындықтар: күннің суықтығы, қараңғылық, ызғар т.б.) толық дәрет алу, мешітке қарай көп қадам басу және намаздан кейін намазды күтіп отыру. Бұларың (сендерге) қорған болады», – деп айтқан. (Муслим)

4. Намазға жаяу бару. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Кімде-кім үйінде тазаланып, сосын Алланың үйлерінің біріне Алла парыз еткендердің бірін орындау үшін жаяу барса, оның екі қадамының бірі күнәні өшіреді де, екіншісі дәрежені көтереді», – деген.

5. Қай амалында да Алланың дидарын (разылығын) іздеу. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сағд ибн Әбу Уаққасқа (Алла оған разы болсын): «Сен ұзақ өмір сүріп, Алланың дидарын іздеп қандай да бір амал жасасаң, міндетті түрде онымен сенің дәрежең мен мәртебең артады», – деп айтқан. (Муслим)

6. Құран оқу және жаттау. Бірде Нафиғ ибн Абдул-Харис деген кісі Ғұсфан деп аталатын жерде халифа Омармен (Алла оған разы болсын) кездеседі. Омар оны Меккенің әкімі етіп тағайындаған болатын. Омар одан: «Жазықтың тұрғындарына кімді басшы етіп қалдырдың?» – деп сұрайды. Нафиғ: «Ибн Абзаны», – дейді. Омар (Алла оған разы болсын): «Ибн Абза кім?» – деп сұрайды. Ол: «Азат еткен құлдарымыздың бірі», – дейді. Халифа: «Оларға азат етілген құлды басшы етіп қалдырдың ба?!» – дейді. Нафиғ оған: «Өйткені, ол – Алла тағаланың Кітабын оқитын және мирас үкімдерін білетін кісі», – деп жауап береді. Сонда Омар: «Расында, Пайғамбарларың (оған Алланың тгілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Алла осы Кітап арқылы бір адамдардың (дәрежелерін) көтеріп, енді біреулерді төмендетеді», – деп айтқан еді», – дейді. (Амир ибн Уәсиләдан, Алла оған разы болсын, Муслим).

7. Алла жолында күресу. (Бірде) Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ей, Әбу Сағид! Кімде-кім Аллаға – Раббы ретінде, Исламға – дін ретінде және Мұхаммедке пайғамбар ретінде разы болса, оған жаннат тиісті болады», – дейді. Әбу Сағид бұған сүйсініп: «Оны маған қайталап айтшы, уа, Алланың елшісі!» – дейді. Пайғамбарымыз солай етеді де, одан кейін: «Сондай-ақ пендені жәннатта жүз дәрежеге жоғарылататын тағы бір нәрсе бар, (осы дәрежелерден) әрбір екі дәреженің арасы – аспан мен жердің арасындай», – дейді. Сонда Әбу Сағид: «Ол не, уа, Алланың елшісі?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла жолында күресу, Алла жолында күресу», – деп жауап береді.

8. Мұсылман бауырының көмегінде жүру. Нәби (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім мұсылман бауырының ісі орындалғанға дейін, оның көмегінде жүрсе, Алла Тағала ол кісіні жетпіс мың періштемен қорғайды. Олар оның күнәсі үшін жарылқау тілейді. Егер таңертең болса, кеш батқанға дейін, кеште болса, таңертеңге дейін дұға етеді. Аяғын жерден көтерген сайын Алла Тағала оның күнәсін кешіреді, сондай-ақ оның дәрежесін көтереді», ‒ деген. (Ибн Омар, Әбу Һурайрадан (Алла оларға разы болсын), Ибн Хиббан)

9. Кішіпейілдік. Дана халқымыз: «Кішіпейілділік ‒ кісінің көркі», ‒ деген. Кішіпейілділік – жоғары дәрежелерге қол жеткізудің және кемелдік сатыларымен өрлеудің жолы. Кішіпейілділік ‒ иесінің қадірін көтеретін мінез. Ол сондай-ақ, иесіне ізгі жандардың разылығы мен достығын сыйлап, тәкаппарлық пен менмендіктен қайтарады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла үшін кішірейгенді ұлы Алла Тағала, әлбетте, жоғарылатады», ‒ деген. (Әбу Һурайрадан, Алла оған разы болсын, Муслим)

10. Кешірімді болу және жамандықты жақсылықпен қарсы алу. «Жақсылыққа жақсылық ‒ әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық ‒ ер кісінің ісі» демекші, жамандыққа жақсылықпен жауап беру ‒ ірілік, абыройлы тұлғаның ісі. Бұл сипат кімде болса, оның құрметі артады. Кешірімділік те сол секілді жанның қадір-қасиеті мен биіктігін көрсетеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла құлына (ол құлының адамдарды) кешіруі арқылы үстемдіктен басқаны арттырмайды», ‒ деген. (Муслим)

11. Мейірімділік. Жүзінен нұры төгіліп, көзі күлімдеп тұратын, әрдайым адамдарға жақсылық ойлайтын, тірі жәндіктің өзіне зиян тигізуден сақтанып, жұмсақтығымен жаныңды баурайтын адамды кімнің де болса еріксіз жақсы көретіні, оған деген құрметі артып, мейірі төгіліп тұратыны рас. Мейірімділік ‒ жақсылық атаулының көзі, биік құрметтің негізі.

12. Жомарттық. Бұл қасиет иесінің абыройын көтерумен қатар, адамдардың оған деген махаббатын, құрметін арттырады. Дана халқымыздың: «Жаны жомарт жігіттің дәрежесі баймен тең», ‒ дегеніндей, шынында да үлкен тұлғалар осы қасиетке және сол қасиетті бойға сіңіруге талпынатын және жомарттықты бойға сіңіруді өзгелерге де өсиет ететін болған.

13. Айтыс-тартыстан өзін алшақ ұстау. Бұл мінез жанның қадірлі қасиетінен, мақсаттың биіктігінен туындайды. Данышпандар: «Жанның қадірі ‒ жақсылықтарды көтергеніндей, жамандықтарды да көтеруі», ‒ деп айтқан.

14. Байсалдылық, ұстамдылық. Байсалдылық ‒ мінез-құлықтың ең құрметтісі, ақыл иелеріне ең лайықтысы, себебі, онда ардың амандығы, жанның тыныштығы бар. Ұстамдылықтың анықтамасы ‒ ашудың тасыған кезінде өзін қадағалап, ұстау, шектен шықпау. Байсалды адам өзінің ашуын парасаттылығымен басады және ұстамдылығымен тоқтатады. Егер адамның бойынан байсалдылық табылса, оны жақсы көрушілер көбейеді және жек көрушілер азаяда, әрі оның дәрежесі биіктеп, құрметі артады.

15. Жарқын, ашық жүзді болу. Ибн Хиббан: «Жарқын жүзділік ‒ данышпандардың мінезі. Өйткені, жарқын жүзділік қасарысушылықтың отын өшіріп, жеккөрініштік сезімін кетіреді. Жарқын жүзділікте залым адамнан қорған, қарсыласқан адамнан құтылу бар», ‒ деген. Әбу Жағфар әл-Мансур: «Егер адамдарға сыйлы болуды қаласаң, онда оларды жақсы, жарқын жүзбен қарсы ал», ‒ деген.

16. Мән бермеу, елемеу. Кейбір іс, жағдайларға мән бермеу, елемеу ‒ үлкен тұлғалардың мінез-құлқынан. Бұл достықтың үзілмеуіне, достықты оятуға және дұшпандықты көміп, жеккөрінішті кетіруге көмектесетін амалдардан. Әрі бұл сипат жанның биіктігін, тазалығын көрсетеді және дәрежені көтеріп, жоғарылататын істерден. Ибн әл-Асир Салахуддин әл-Айуби туралы: «Ол, оған Алла рахым етсін, мейірбан, жақсы мінезді, кішіпейіл, жек көретін нәрсесіне өте сабырлы, серіктерінің қателіктеріне байқамаған сыңай танытатын, олардың бірінен жек көретін нәрсе естісе, күрт өзгермейтін және оны жария қылмайтын болған», ‒ деп сипаттайды.

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
7 лет назад 10054
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232