Айдаһардың лебi
Айдаһардың лебi
Егер бұл жаңалықты (бәлкiм, жамандықты?) Қы­тайдың ақпарат көз­дерi хабарламаса, бiз тiптi ха­барсыз қалғандай екен­бiз. Сонымен, не дейдi Қытайдың ақпарат көздерi? Қытайда кино түсiрумен айналысатын төрт iрi мемле­кеттiк компания бар. Соның бiрi – “Батыс Қытай фильм” компаниясы. Осы компанияның бас менеджерi Жу Вентаудың хабарлауынша, бiздiң “Қазақфильм” мен “Батыс Қытай фильм” компаниясы серiктес­тiк туралы меморандумға қол қойыпты. Ендi бұлар бiрлескен жоба бойынша бiраз шаруа атқармақ. Сол шаруаның бiс­мiлләсiн “Махаббат өткелдерi” деген фильм түсiруден бас­тау­ды жөн көрiптi.
 
Қазақфильм” мен “Батыс Қытай фильм” түсiретiн, яғни қазақтар мен қытайлар бiр­лесе отырып түсiретiн (бәлкiм, түсiрiп жатқан) бұл фильм не туралы? Атының өзi айтып тұрғандай, әрине, махаббат туралы. Махаббат болғанда да, “көшпелi махаббат”, “та­уық махаббат”, не болмаса орнықсыз, тұрақсыз махаббат ту­ралы емес, нағыз шынайы, аңсарлы, баянды махаббат туралы. Қазақтың заңгер қызы қытайдың кәсiпкер жiгiтiне ғашық болады. “Батырлық, байлық кiмде жоқ, ғашықтың жөнi бiр басқа” дегендей, қайсар қыз түрлi кедергiлер мен өткелектерден өтiп, өзiнiң ға­шығына (қытай жiгiтiне) қосылады.
Қытайға тиген қазақ қызы туралы бұл фильмнiң сце­на­рийiн жазған кiм? Қазақ па, қытай ма? Бiз мұны жан-жақты телефон соғып, анықтай         алмай-ақ қойдық. Әркiм әр түрлi айтады: “Ақша берген қытайлар ғой, сценарий де солардiкi болар...”, “...Бiр бiле­тiнiм, бұл фильм тездетiп тү­сiрiледi және екi елде де мемлекеттiк телеарналардан көрсетiледi...”, “Осындағы киногерлер “сце­нарийдi София Ұшырова деген қазақ қызы жазды” деп жүр. Бiрақ анық-қанығын бiлмей­мiн... Кинода сценарий еште­ңенi шешпейдi, бәрiн шешетiн кинорежиссер ғой. Кинорежиссер қалай айтты, солай болады. Менiң бi­луiмше, бұл фильм­­дi түсiретiн – қытай ре­жис­серi”.
Қазiргi күнi қытай жiгiттерi­нiң қазақтың қыздарына үйленуге ерекше ден қойып жатқаны, тiптi ретiн тауып үйленiп жатқандары да аз емес екен­дiгi айтылып та, жазылып та жүр. Өйткенi Қазақстанға кi­рудiң, Қазақ елiне емiн-еркiн енудiң ең төте әрi тиiмдi жолы – үйлену. Ал ендi мына фильм­нiң дәл осы мәселемен үйлесе кеткенiн, сәйкесе қалғанын кездейсоқтық деуге бола ма? Әрине, кездейсоқтық емес. Әрiден кеңесiп-пiшiлген, әб­ден ойластырылған жоспар-жоба. “Айдаһардың лебi” де­генiмiз де осы.
«Айдаһардың лебi». Бұл – бiз ойлап тапқан тiркес емес. Қытайдың саясаты – аса жi­ңiшке саясат. Жiңiшкелiгiне қарап, “бiрде болмаса да бiрде үзiлетiн болар” деп ойлап қалуыңыз да бек мүмкiн. Бiрақ бұл үзiлмейдi, қылдай нәзiк бола тұра мұның қаттылығы, берiктiгi – темiрден де мығым, болаттан да берiк.
Қытайдың саясатымен ешуақытта ойнауға болмайды. Ойнаймын деп ойыны осылып қалған, яғни Қытайға жұтылып кеткен ұлттар мен ұлыстардың, елдер мен мемлекеттердiң санына да ешкiм жете алмайды. Айдаһардың жемтiгiн арбайтыны секiлдi, Қытай да өз “құрбандығын” жұтардың алдында әр түрлi айла-шарғы жасайды, шырғалайды, қилы амалдарға барады. Қытай саясатын зерттеушiлер осыны “Айдаһардың лебi” деп атайды. Айдаһардың лебiн сезiндiң бе, әлi де кеш емес, қашып құтылуыңа болады. Ал сезiнбедiң бе, сезiне алмадың ба, онда бiттi, жұтылып кете барасың.
Махаббат – әркiм қызығатын, елiктейтiн, өзiнде болғанын қалайтын сезiм. Әдеби шығармалардағы, кинодағы ғашықтар сияқты қиял кезiп, солардай болуға ұмтылатындар қашанда жетерлiк. Қытай жiгiтiнiң етегiнен ұста, бақытқа жет, жолдағы кедергiлерге қарама, ұлттық болмысыңды, дәстүрiңдi, ұрпағыңның болашағын ойлап бас қатырма! Мiне, түсiрiлiп жатқан фильмнiң көрсетер өнегесi, нұсқасы сол болмақ. Қытайда 50 миллион еркекке әйел жетпейдi. Бұл фильм соларға да жол сiлтейдi – Қазақстанға бар, қытай жiгiтiн көрсе өлiп-өшiп, махаббаты жанып, сенi күтiп отыр қазақ қызы дегендей.
Қош делiк. Бiздiң осы ретте бiр таңданатынымыз, қытайлармен бiрiгiп кино түсiрiп жатқанымызды бiздiң “Қазақфильм”, ҚР Мәдениет және спорт министрлiгi халықтан неге жасырады? Неге ашып айтпайды? Жоқ әлде жоғарыдан “айтпаңдар” деген бұйрық түскен бе?..
“Неге жасырады?” дегенiмiзден келiп шығады, осы жақында ғана Ресейдiң “Аргументы и факты” газетiне “Инвесторы из Китая” деген шағын мақала жарияланды (“АиФ, №47, 2016 жыл). Мақалаға сенсек, Ақмола облысының Жарқайың ауданында Державинск дейтiн қала бар екен, осы қалаға Қытай инвесторлары келiптi. Бұлар жалпы құны 1,3 млрд доллар тұратын жоба жасапты. Бұл жоба бо­йынша осы қалада 1 млн. тоннаға дейiн болат өндiретiн аса iрi металлургиялық кешен салынбақ. Мұнда 4 мың адам жұмыс iстейтiн болады. Осы 4 мың адамның қаншасы – қытай, қаншасы – жергiлiктi тұрғындар, газет бұл жөнiнде ештеңе демептi.
Ал ендi Ақмола облысының Жарқайың ауданына қытай инвесторлары келiп, 4 мың адам жұмыс iстейтiн iрi металлургиялық кешен салып жатқаны жөнiнде бiздiң мемлекеттiк газеттерiмiз неге ләм-мим де­мейдi? Әдетте биттiң қабығындай дүние (мүшеқап)шығаратын шағын цех iске қосылса, бүкiл әлемге жар салатын бұларға не көрiндi? Неге үндемейдi? Әлде “үндемеңдер” дедi ме екен...
 
Әмiрхан Меңдеке
zhasalash.kz
Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
8 лет назад 3175
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232