АДАСҚАНДА АМАН ҚАЛУДЫҢ ОН ТӘСІЛІ
АДАСҚАНДА АМАН ҚАЛУДЫҢ ОН ТӘСІЛІ

Қыста тұманды күндері адасып қалу жиі кездесетін оқиға. Алайда, адамдардың есте сақтау қабілетінің нашарлығы немесе бейтаныс жерде жол білмеудің салдарынан бағыттан  жаңылысу жылдың төрт мезгілінде де қайталануы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда адамның бойын үрей билеп, жүйкесі сыр береді. Соған қарамастан, құтқарушылар келгенше  қалай да тірі қалудың амалдарын ойластыру керек. Осы орайда мынадай кеңестер жадыңызда жүрсін:

  1. Шикі тамақ жемеңіз.Қаншалықты қарыныңыз ашса да шикі тамақ ішуден сақ болыңыз. Жеуге жарамды қандай нәрсе табылса да оны отқа қақтап алуға тырысқан жөн. Тек жемістерді жақсылап жуып жей беруге болады. Суды міндетті түрде қайнатып ішу керек. Өйткені, сіз қарап жүріп ауру табуыңыз мүмкін. Тау немесе орман ішінде, болмаса айдалада сізге дер кезінде дәрігерлік көмек көрсететін жан табылмайтынын ұмытпаңыз.
  2. Жауын-шашыннан сақ болыңыз. Ауа райы өте салқын кезінде ылғалды ауада адам денесіндегі жылу 20 есе тез жоғалады. Егер амалсыз суға түсетін болсаңыз, іле-шала киімді шешіп, оны құрғақ ұстауға тырысыңыз. Үстіңіз кепкенше киім кимеңіз. Жедел от жағып, тез жылынуға тырысыңыз. Найзағай ойнап, жаңбыр жауып тұрғанда шомылудан аулақ болыңыз. Тым биік ағашты паналамаңыз.
  3. Үш ереже есіңізде болсын. Егер жағдай ушығып бара жатса, мына нәрселер есіңізде болсын: қиын жағдайда қанша күн жүретініңіз белгісіз – ауасыз үш сағат, сусыз үш күн, тамақсыз үш апта туралы ойлап, соған қарай бейімделіңіз.
  4. Уақытты ұмытпаңыз. Сағатыңыз болмаса, тағатыңыз да таусылары анық. Сондықтан күнді санаңыз. Ол сіздің миыңыздың өзгеріссіз жұмыс істеп, жаман ойлардан аулақ болуыңызға септігін тигізеді.
  5. Сусыз тамақ ішпеңіз. Адам тамақты көп ішкен сайын шөлдей береді. Су – адам ағзасы үшін қуат беретін күш. Тамақ ішуден бұрын су тауып ішуді ойлаңыз. Шөл – адам өміріне қауіп төндіреді.
  6. Қуатыңызды үнемдеңіз. Адам ауызбен дем алған сайын бойындағы күш-қуатты көбірек жұмсалады. Сондықтан көбінесе мұрынмен дем алған дұрыс. Бұл денедегі ылғалды ұстауға дәнекер болады.
  7. Аш жүруге тырысыңыз.Тамақты қажетінше ғана ішіңіз. Қарын сыздатып, бар тамақты ішіп алу – ешқандай пайда әкелмейді. Тоя тамақтану жүруге де, ойлауға да кедергі келтіреді. Бұлайша «алтын уақытты» ғана емес, «алтын қорды» да босқа құртпаңыз.
  8. Жүрген жолыңызға белгі қойыңыз. Жадыңыздан жаңылмаңыз. Ағаш шыбықтарын сындырып жүрген жеріңізге белгі қойып отырыңыз. Бұл сіздің өз орныңызға қайта оралуға немесе сізді іздеушілерге де тиімді тәсіл. Тікұшақ немесе іздеушілердің дауысын естісеңіз, ашық алаңқайға шығып белгі беріңіз.
  9. Баспана табыңыз. Күннен немесе түнде далада қонатын жағдайда баспана іздеңіз. Ол сізді жауын мен желден, суық пен тосын оқиғадан қорғай алатындай болуы тиіс.
  10. Адамдар жүретін жер іздеңіз. Адам – үрейге тез беріледі. Сондықтан пенделер жаратылысынан баспана салып алуға бейімделген. Шалғайда ауылдар, мал фермалары, жол көзге шалынса, бірден солай қарай жүрген жөн. Ең бастысы, қол-аяқты сындырып алудан сақтаныңыз. Бұл жалғыз жүргенде өте қауіпті жағдай.

Саяхатқа шыға қалған жағдайда, сөмкеңізде қажетті азық-түлік, сіріңке, фонарик, пышақ, ысқырық, қосымша су болғаны жөн.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

aikyn.kz

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
8 лет назад 3437
0 комментариев
О блоге
0
2274723 208 535 4879 232