«Yйленген жастарға Ананди мен Шифтiң махаббатын тiлеймiз!»

“Келiн” телехикаясын ұлттық арнадан көрсеткелi берi төрт жыл болды. Не бiтпедi, не қоймады. Мәселе ұзақтығында емес, халқымыздың санасына әсер етуiнде. Бiр қарасаң, сыпайы келiн бейнесi, ер мен әйел арасындағы сыйластық, ене мен келiннiң әдемi қарым-қатынасы, қазаққа тән қасиеттер... Алайда осынау төрт жыл, қазаққа қазақтығын ұмыттыру сияқты ма, қалай өзi?! Ауылдық жерлерде бұл анық көрiнуде. Неге дейсiз бе? Үйдегi қазына қарттарымыз келiндерiн үндiнiң келiндерiмен салыстырып, соларға теңеудi шығарды. Өткен жолы апамның үйiне қонаққа ауыл әжелерi келдi. Апалардың бiрi: “Үндiлер келiндерiн қалай жақсы тәрбие­лейдi, енеге қарсы бiр ауыз сөз айтпайды”, – дедi. Таңғалдым. Ондай ибалы келiндер қазақта жоқ па едi? Сол кешегi Ұлжанның бейнесi қандай? Құнанбайдың қабағын бағып, Абайдың жайын ойлап, Зеренiң қамын жасаған Ұлжан ше?

Ауылды жерлерде екiнiң бiрiнде OTAU.TV жоқ “Балапан” көретiн. Болған күннiң өзiнде де, кеш батса болды, үй үлкендерi жабыла “Келiн”, “Қыз ғұмыры”, “Сүйген жар” және т.б. сынды үндi телехикаяларын көрiп қана қоймай, оларды мақтай жөне­ледi. Аулада асық атып, қуаласпақ ойнап жүретiн ойын балалары үндiлерше “бата” беретiн болды. Бес жасар кiшкентай көршiнiң баласы алдына қуыршағын қойып алып, екi алақанын бiр-бiрiне тигiзiп, көзiн жұмып, дәп бiр Буддаға сиынғандай, өз тiлегiн қуыршаққа айтатын болып жүр. 6-сыныпта оқитын сiңлiм үндi телехикаялары кейiп­керлерiнiң есiмдерiн сақылдатып айтып бередi. Артынша әлгi сiңлiмнен “Арайлым, Абайдың анасының есiмi кiм?” деп едiм, “Ұлбосын ба, Ажар ма, әйтеуiр бiреу”, – дедi. Мiне, ұрпақ санасының улануы.
Отау тiккен жастарға орта жастағылардың “Ананди мен Шифтiң махаббатын тiлеймiз” деуiне не дейсiз? Жiбек пен Төлегеннiң, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббаты далада қалғаны ма сонда?!.
Менiңше, үндiнiң улы фильм­де­рiн ұдайы насихаттаған телеарналарға айыппұл салу қажет. Және де ұлтжандылыққа тәр­биелеп, ұрпақ санасына қазақылықты сiңiретiн фильмдер көптеп түсiрiлсе, нұр ұстiне нұр болар едi. Үйдегi көгiлдiр жәшiк – жай жәшiк емес, сиқырлы жәшiк. Себебi, жасты да, кәрiнi де бiр уақыт алдына жинап, адамның өзiндiк пiкiрiнiң қалыптасуына көмектесетiн жәшiк. Олай болса, сырт көзге қарапайым болса да, маңызды жәшiктi жастарға тәр­бие беру көзi ретiнде пайдаланғанымыз дұрыс болар едi. 
Нарғыз Жүсiпқызы,
10-сынып оқушысы, 
Үржар ауданы,
Шығыс Қазақстан облысы
http://zhasalash.kz
Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
2 года назад 636
3 комментария
  • Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман, дейтін заманға келдік. Осы сералдарды тіпті ұнатпаймын. У ғой, у...
    2 года назад
  • Экран алдында барлық адам бір санада, бір жаста болып қалады. Сиқыры күшті экранға әңгіме жоқ. Экранды басқарып отырғандарға сөзім жоқ!
    2 года назад
  • Жасанды құдайларға табынатын жерлері сондай жиіркенішті. Мұны көрген жас ұрпақ қандай сенімде болады екен? Ойлаудың өзі қорқынышты!
    2 года назад
О блоге
0
187030 189 510 3630 224