ТАҚУАЛЫҚ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК
ТАҚУАЛЫҚ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК

Тақуалық - адамның діни, адамгершілік, әдептілік парыздары мен міндеттеріне адалдығын сипаттайтын имандылық қасиеті.Әбу Хурайра (р.а) айтады: Пайғамбарымыздан (с.а.с) көбірек жәннатқа кіргізетін амал жайында сұралғанда, «Тақуалық және көркем мінез», - деп жауап берді. Көркем сөйлеу, адамдармен жақсы қарым - қатынаста болу, адамдарға сабырлы болып оларға жәрдем беру сияқты ұнамды болған мінез - құлықтардың Исламда үлкен орны бар.
Құран Кәрімде «Міне осы кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші», - деген. [1]
Тақуалық дегеніміз не? Тақуалық дегенiмiз - Алла Тағалаға бойұсынып, шариғатқа сай тiршiлiк ету, күнә iстеуден сақтану. Шариғи мағынасына келер болсақ, тақуалықтың мәнiсi - тек күнәлi және ұятты iстен сақтанумен шектелмей, өзiне игiлiк iстеу және Жаратушыға бойұсыну ұғымдарын да қамтиды. Ал адам өзін тақуа қылып көрсетуді ғана мақсат етіп, сыртқы түрін түзетсе, оның тақуалығы - риякерлікке, сөзі - жалғандыққа, әрекеті - көзбояушылыққа айналады. Діни көзқараста егер адамның тақуалығы ішкі сенімнен басталмай, әрекеті адамдық ар - ожданмен үйлеспесе, ол адамның жасаған ғибадат - құлшылығынан да еш пайда жоқ деп біледі. Шәкәрім - Ислам жолымен айтсақ, нағыз тақуа мұсылман, ал ғылым тілімен айтсақ ойшыл ғалым, кемеңгер парасат иесі. Қазақ даласы ислам өркениетіне имандылығы және ақылымен нұр шашқан үлкен ғалымдар берген құтты мекен. Ал ондай даналар жұртын ізгілік жолына бастады. Бұл игі үрдіс ешқашан да үзілген емес. Еліміз тәуелсіздік алған соң халқымыз осындай имандылық жолына қайта бет бұрып, бірте ­ бірте рухани жаңғыру жолына түсуде. Ендігі мақсат Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың ұлтымыз жайлы:«Қазақ кеңпейіл, адами құндылықтарды бағалайтын, адам баласының бәрін бауырым дейтін кемеңгер халық», - деген аталы сөзін ұстана отырып, дін мен ғылым, мәдениет пен өнерге аянбай тер төккен рухани ірі тұлғаларымыздың бай мұраларын зерделеп, жұртымен қайта қауыштыру. Сондай ­ ақ, Елбасымыздың: «Біз - тегіміз түрік, дініміз - Ислам екенін ұмытпауымыз қажет. Ол үшін Қасиетті кітап - Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек», - деген парасатты сөзі әр мұсылманның жүрегінен берік орын алуы тиіс.
Лұқпан хакім ұлына: «Ұлым, әңгімелесетін болсаң, білімді ғалым адамдармен әңгімелес, олардың сұқбатынан қалма, неге десең, Алла Тағала жерді жаңбырмен қалай тірілтсе, адамдардың жүрегін ғалымдардың хикмет сөздері тірілтеді», - деп өсиет айтқан екен.
Пайғамбарымыз (с.а.с) көркем мінезі жағынан биік орында тұрды, өйткені Алла Тағаланың өзі осылай куәлік берген. Тіпті Пайғамбарымызды (с.а.с) қатты жеккөруші кісінің өзі оның алдына келген кезде, көркем мінезінің арқасында көп уақыт өтпестен ең сүйікті адамына айналар еді.
Адам баласы әр iсiне мұқият болып, Қиямет күнi Алла Тағаламен жүздескенге әзiрленуi - тақуалықтан. Тақуалық адамның ішкі сенімі мен соған лайық амалының, сөзі мен ісінің, ғибраты мен әрекеттің арасындағы үйлесімділікпен жүзеге асады. Сондықтан адамның сырт келбеті, діни-ғұрыптық киімі немесе шешен сөзі ол адамның тарапынан соған лайық іс атқармайынша тақуалықтың көрсеткіші бола алмайды. Шын мәніндегі адамгершілікпен сипатталатын тақуалыққа жетудің қиындығы да осында. Ішкі сенімнен қуат алған Тақуалық адам бойындағы тұрақтылық, табандылық, сабырлылық сияқты асыл қасиеттерінің нығаюына игі ықпал етеді. Алла Тағала айтады: «Игiлiк - намазда жүздерiңдi шығыс, не батысқа қаратуда емес. Бірақ, игiлiк Алла Тағалаға, Ақырет күнiне, перiштелерге, Кiтапқа, пайғамбарларға иман келтiруде, өзi жақсы көрген малын туыс - жақындар мен жетiмдерге, кедейлер мен жолаушыларға, жәрдем сұраушыларға және құлдықтан азат ету жолына жұмсауда, намаз оқу мен зекет беруде, уәденi орындауда, қиыншылық пен қасiретке және Алла Тағала жолындағы күресте сабырлық етуде. Осы iзгi сипаттарды иеленгендер имандарында кiршiксiз адал болғандар және шын тақуалар».[2]
Имам Ағзам түні бойы ғибадат етіп, күндіз ораза тұтатын, тілін жалған сөзден сақтап, тәнін пәк ұстайтын, жағымсыз іс-әрекет пен ойын-сауықтан аулақ жүретін, Алла Тағаланың разылығын табуды өзіне парыз санайтын.
Ол тақуа, білімді және парасаттылығынан да харам істерге жоламайтын, күмәнді нәрсеге де қол сұқпайтын өте сақ адам болатын. Сондықтан, оның уағызы әрбір тыңдаушы жүрегіне жететін.
Әбу Жағфар ар- Рази (р.а): «Мен Әбу Ханифадан артық ғалым әрі тақуа адамды кезіктірмедім», - десе, Жағфар ибн Раийғ (р.а): «Мен Әбу Ханифамен бес жыл бірге тұрдым. Одан аз сөзді жанды көрмедім. Ал одан бір-ақ нәрсе жайлы сұраса, ол ашылып, сел тәрізді ағылар еді», - деп еске алады. Ал, Йазид (р.а): «Тақуалық пен ақыл-парасаттылықта Әбу Ханифаға (р.а) тең келетін адамды көрмедім», - десе, Әбу Асим Нубәйл (р.а): «Әбу Ханифа (р.а) намазды қадалып көп оқығандығы үшін, көпшілік оны «қазық» деп атап кеткен», - дейді.
Яхья әл - Қатъан (р.а): «Әбу Ханифаның (р.а) жүзіне қарап, Алланың шынайы пендесі екенін байқадым», - десе, Абдулла ибн Мүбарак (р.а) Суфъян Сауриға (р.а): «Ей, Әбу Абдулла, Әбу Ханифаның ғайбат айтуына қандай іс тосқауыл болды екен, бір рет те ғайбат айтқанын көрмедім», - деді. Сонда Суфъян (р.а): «Әбу Ханифа (р.а) дана кісі, өзінің жақсы амалдарын жоятын іс-әрекетті ешқашан жасамайтын», - деген екен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): хадисінде «Алланы танудың негізі - сүйіспеншілік, айқын сенімнің белгісі - ақылдылық, негізі - тақуалық пен Алланың тағдырына разылық», - деген. Даналардан қалған сөзге тоқталып өтсек: «Тақуаның алдында бес асу бар. Сол асулардан өте алса тақуалыққа қол жеткізеді: 1) рахатты қиындыққа айырбастау, 2) демалысты ауыр еңбекпен айырбастау, 3) өзін жоғары ұстауды төмен ұстауға айырбастау, 4) көпсөзділікті үнсіздікке айырбастау, 5) өмірді өліммен айырбастау», - деген.
Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Шынында да, Алла тақуа, жақсылық істеушілермен бірге», - деген.[3] Жаратушы иеміз тек өзіне құлшылық жасауды, жақсылық жасауға асығуды және шариғат тыйым салғаннан тыйылуды бұйырды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) хадисінде тақуалықтың сипаттамасына қатысты «Сырт көзге жақсы болып көрiнгенiмен, бiрақ iшi күмәндi болған нәрседен сақтанбайынша пенде тақуалар қатарына қосыла алмайды» , - деген.
Алла Тағала Құран Кәрiмде былай деп бұйырған: «Әй, адам баласы! Ұятты жерлерiңдi жабу үшiн киiм және сәндiк бұйым түсiрдiк. Негiзiнде тақуалық киiмi жақсы». [4]
Қазiргi таңда өте күрделi, мұсылман әйел затына қиын мәселелердiң бiрi - орамал болып отыр. Өйткенi, орамал әйелдiң ұятты жерлерiн жауып тұратын киiм. Негiзiнде, ұят пен иба адамзатқа тән игi қасиет болғандықтан, еркектердiң де, әйелдердiң де ұятты жерлерін көрсетiп жүрулерi адамгершiлiк сипатқа қайшы қылық.
Орамал - ар тазалығының белгiсi. Бұл туралы Жаратушы Иеміз Құранда былай дейдi: «Әй, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмiн әйелдерге айт: Үстерiне бүркеншіктерiн орансын. Бұл олардың танылуларына, сондай - ақ, кемсiтiлмеулерiне жақынырақ».[5]
Орамал - ұяттың белгiсi. Иман келтiргендердiң анасы Айша (р.а) былай деген: «Алланың елшiсi мен әкем жерленген жерге барғанда, сырт киiмiмдi: «Бұлар менiң күйеуім мен әкем ғой», - деп шешетiнмiн, кейiн олардың қасына Омар (р.а) жерленгенде, одан (р.а) ұялғанымнан сырт киiмiмдi бүркеп алатынмын.Бұдан жамылғының ұят пен үйлесiмнің негізі екендiгiн байқаймыз. Ұят әйел адамға жаратылысынан тән қасиет.Ал пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисiнде: «Әрбiр дiннiң мiнезi бар. Исламның мiнезi, ол - ұят», - десе, келесі бір хадисінде: «Ұят пен иман бiр - бiрiмен өте тығыз байланыста. Егер бiреуiн алып тастаса, екiншiсi өзi кетiп қалады», - деген.

А. Данияров,
Шардара аудандық Шардара орталық
мешітінің бас имамы

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
2 жыл бұрын 2149
0 пікір
Блог туралы
0
866124 204 534 4861 231