Шайтанның сөзіне еріп, арақ ішкен тақуа кісінің жағдайы
Шайтанның сөзіне еріп, арақ ішкен тақуа кісінің жағдайы

Ертеде «Бәни Исраилдан» (Исраил ұлдары) ел арасында білімді, тақуа, иман-парасаты жағынан өзгелерден оқ бойы озық тұрған бір кісі өмір сүріпті. Елдің бәрі ол кісіні қатты сыйлап, ерекше құрмет көрсетеді екен. Әлгі кісі де жиған білімінің арқасында елге уағыз айтып, көптеген адамды тура жолға салған көрінеді. Бәрін айт та бірін айт, әр ісі үлгі алуға тұрарлық екен.

Содан күндердің күнінде жаңағы тақуаға адам кейпінде шайтан келеді. Келеді де:

- Уа, мейірімді жан! Сапарлатып жүрген жан едім. Бір-екі күн сенің үйіңде аялдай тұруға рұқсат ет. Одан ары жолымды жалғастырамын, - деп өтініш жасайды. Тақуа келісімін береді. Шайтан келгеннен үзіліссіз құлшылық жасауға кіріседі. Тамаққа шақырса да бармай, құлшылығын жалғастыра береді. Тақуа кісі таң қалады. Таңданысын жасыра алмай, адам бейнесіндегі шайтанды сұраққа тартады:

- Ей, бауырым! Сен бұлай үздіксіз құлшылық жасауға қалай қол жеткіздің? – дейді.

Шайтан сонда:

- Бұл аса қиын шаруа емес. Басында аздаған күнә жасауыңа тура келеді.

Тақуа:

- Астағфируллаһ! Сен не деп тұрсың?!

- Егер менің дәрежеме жетемін десең ғана. Керек емес десең жасамай-ақ қой. Олай істемесең маған жете алмайсың, - деп шайтан тақуаның желебесін қоздыра түседі.

- Сонда не істеу керек? – дейді тақуа.

- Аздаған арақ ішесің. Міне, содан кейін дәл мен сияқты боласың. Жасаған құлшылығыңның жанында ішкен арағыңның күнәсі түкке де тұрмай қалады, - дейді шайтан тақуаны одан сайын ынталандыра. 

Нәтижесінде тақуа келіседі. Сөйтеді де арақ сататын жерге барады. Барады да арақ алып, басында аздап ұрттайды. Кейіннен тағы аз-аздан ішіп, ақыр соңында сылқия тойып алады. Шайтанның суына шөлін қандырған тақуа ауыздықсыз-ақ шайтанның дегеніне көнеді. Содан манағы жердегі арақ сатып тұрған әйелді зорлайды. Ел арасындағы абыройын ойлап, куәгер қалдырмаудың қамын жасап, әлгі әйелді де өлтіріп тынады. Осыншама уақыт тақуалық салмақтан басқа иығында жүк болмаған әлгі адам, бойына үш ауыр күнәні арқалаған екен. Оны білген ел тақуаны ұстап, тірідей өртеуге шешім шығарады. Өртенерден алдын адам кейпіндегі шайтан отынның арасында байлаулы тұрған тақуаның алдына тағы барады. Тақуа шайтанға құтқаруын өтінеді. Шайтан да: «Маған сәжде етсең, сені құтқара алам», - дейді.

- Мен саған қалай сәжде жасаймын? Қол-аяғым байлаулы ғой, - деген тақуаға шайтанның жауабы дайын еді.

- Басыңды изесең болды. Соның өзі жетіп жатыр, - деді шайтан.        

Оған да сеніп, келіскен тақуа шайтанға сәжде етіп, соңында арғы дүниеге имансыз кеткен екен. 

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
2 жыл бұрын 767
5 пікір
  • Өте ғибратты әңгіме екен. Түсінікті.
    Алладан тура жолдан тайдырмауын тілейік.
    Иманымыз әлсіремей, тура жолдан ауытқымайық.
    2 жыл бұрын
  • шайтанның тұзағынан бәрімізді сақтасын деп тілейік
    2 жыл бұрын
  • Шәкеңнің қалғмайтынын умытпайық Бауырлар! Аллам разы болсын!
    2 жыл бұрын
  • Ассалаумағалейкум! Ешқайсысымыздың ақырымыз қандай болатынына "гарантиямыз" жоқ! Өзіміз тура жолда болуға тырысайық! Және еш уақытта ұмыт қалдырмай Аллаһтан иманымызды тұрақты қыл деп дұға тілейік! "Ей, жүректерді ауытқытушы Аллаһым, жүрегімді исламда тұрақты қыл!", Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дұғасы.
    2 жыл бұрын
  • Дұрыс айтасыздар! Алла Тағала дұрыс өлім берсін!
    2 жыл бұрын