Бүгін Рағайып түні. Осы түннің қасиеті жайында
Бүгін Рағайып түні. Осы түннің қасиеті жайында

Әр жылы әлем мұсылмандары қасиетті Рағайып түнін қарсы алады. Бұл түн - мұсылмандар үшін ең қасиетті түндердің бірі. Осы айдың алғашқы жұма күні Пайғамбарымыздың ата-анасы отау құрып, Алланың елшісі анасының жатырына түскен күн. Бұл түн сондықтан «Рағайып түні» деп аталады.

20 сәуірде басталған мұсылман қауымының қастер тұтатын мерекесі - Ережеп айының алғашқы жұма түні Рағайып түні (Ләйләту Рағайып) болып табылады. «Рағайыптың» сөздік мағынасы «рағибә» сөзінің көптік мағынасын береді. Ал рағибә «жауһар, құнды, бағалы, ихсан» мағыналарына келеді. Осыған байланысты «Ләйләту Рағайып» тіркесін «Жақсылық пен игілікке толы және аса құнды, ерекше бағалауды қажет ететін түн» деп түсінеміз. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түнді адамның жан сарайына шуақ берер амалдар жасап, нұрлы сырларға қанығып, Ұлы Жаратушыға мадақ келтіріп, шүкіршілік жасап, дұға мен кешірім тілеп, намаз оқыған.

Ережеп - үлкен ай. Алла бұл айда жақсылықты кесек-кесегімен береді. Бұл ай, хадисте айтылғандай, Алла тағаланың айы болып саналады. Ережеп айы - мұсылманша ай күнтізбесіндегі жетінші ай. Одан кейін қасиетті Шағбан және Рамазан (Рамадан) айлары келеді. Ислам дінінде харам айлар (төрт ай), яғни «тыйым салынған айлар» деп аталатын айлар бар. Солардың бірі - осы Ережеп айы. «Тыйым салынған» деген түсінік бұл айлардың көлемінде бірінші болып соғыс ашуға тыйым салынуы (егер жауы шабуылдағанда қорғану үшін соғысудан бөлек) себебінен және күнәлі істерді істеуге тыйым салынуы себебінен шыққан. Ислам дәуірінен бұрын да арабтар бұл айларда соғысуды үлкен күнә деп санаған. Ал Ислам арабтың бұрынғы қағидасына қарсы шықпаған.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқан: «Ережеп - Алла тағаланың айы, Шағбан - менің айым, Рамазан - үмбетімнің айы». Көптеген Ислам ғұламалары бұл қасиетті айларды былайша жіктеген: «Ережеп - құрмет айы, Шағбан - қызмет айы, Рамазан - нығмет айы» немесе «Ережеп - ғибадат, Шағбан - тақуалық, Рамазан - осы екеуінің жемісін арттыратын ай» немесе «Ережеп - егін салу, Шағбан - суғару, Рамазан - ору», т.б.

Ережеп айында көптеген айтулы оқиғалар болған. Ережеп айының бірінші күні Нұх пайғамбар (ғ.с.) кеме жасады. Жетінші күні Нұх (ғ.с.)-тың топан суы басталды. Жиырма жетінші күні пайғамбарымыз (с.а.у.) миғражға көтерілді. Жиырма тоғызы күні хазіреті Осман (р.а.) шаһид болды.
Алла тағала Ережеп айында жақсылықты молынан береді. Хадистер бойынша, бұл айдың алғашқы күнінде 1 күн ораза ұстаған адамның кіші күнәлары кешіріледі. Басқа бір хадис бойынша осы айда 1 күн ораза ұстаған адамға 1 жыл ораза ұстағандай сауап жазылады. 7 күн ораза ұстаған адамға тозақ есіктері жабылады. 8 күн ораза ұстаған адамға жұмақтың 8 есігі ашылады. 10 күн ораза ұстаған адамға Алла қалағанын береді. 15 күн ораза ұстаған адамның бүкіл күнәлары кешіріледі.

Ережеп айында нәпіл ораза ұстаудың сауабы үлкендігі жөнінде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисінде: «Шындығында, жаннатта бір өзен бар. Оны «Ережеп» деп атайды. Оның суы сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла тағала ол пендесіне осы өзеннің суын ішкізіп, дәмін татқызады», - делінген.

Ережеп айында нәпіл намаз оқу туралы «Ғимадул ислам» деген кітапта «Кімде-кім Ережеп айының бірінші бейсенбі күні 16 рәкат нәпіл намаз оқып, әр рәкатында бір «Фатиха» сүресіне қосып «Ықылас» және «Фалақ», «Нас» сүрелерін оқыса, дүниеден өткенде анасынан жаңа туғандай пәк болар. Қиямет күні тірілгенде шаһидтермен бірге тірілер» деп жазылған. Қасиетті айлардың бастауы болған Ережеп айында жасалатын жақсы амалдардың сауаптары артып, күнәлі істерге қатаң тыйым салынады.

Сәубан (р.а.) айтты: пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) екеуміз бірге кетіп бара жатыр едік. Жолымызда қабірлер болатын. Пайғамбарымыз бір кезде қабірлерге қарап, көзіне жас алды. Содан соң маған қарап: «Ей, Сәубан, мына қабірдегі жатқан адамдарды қабір азабынан құтқаруды тілеп, Алла тағаладан дұға еттім. Егер де бұлар Ережеп айында бір күн ораза тұтқанда немесе құлшылық етсе, яки осы айда дүниеден өтсе, онда бұларға қабір азабы болмас еді», - деді. Сонда мен: «Я, Расулулла, Ережеп айының бір күн оразасы қабір азабынан құтылуға каффарат болады ма?» деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Әр мұсылман ең болмаса Ережеп айында бір күн нәпіл ораза ұстаса, ғибадат етіп, құлшылық жасаса немесе осы айда бұл дүниеден озса, Алла тағала ол кісінің амал кітабына бір жылғы ғибадаттың сауабын жазар», - деді.

Ережеп - мағфират айы, адамдардың күнәлары кешірілетін ай. Сол себепті ол Алла тағаланың айы болып есептеледі. Ал одан кейін келетін Шағбан айы - шапағат айы, бұл айда бараат кеші, ғибадат түні бар. Сол себепті ол - пайғамбарымыздың айы. Рамазан - тозақтан құтылатын, яғни күнәдан тазарып, құлшылық ететін ай. Сол себепті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар үмбетінің айы болып есептеледі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтады: «Жәбірейіл (ғ.с.) маған уәһи келтіріп айтты: «- Я, Мұхаммед (с.ғ.с. ) сенің үмбетіңнен болған бес түрлі кісінің жан тапсырар уақыты келсе, Алла тағала әмір етер. Бұл менің сүйікті құлдарымның жанын қинамаңдар. Жаннаттың қай есігінен кірем десе, кірсін» деп әмір етер. Жаннат періштелері бұл кісілерге құрмет көрсетіп, «мархаба» деп тұрар және рухтары әмбие әулиелермен бір болар». Бұл хадисті естіген хазіреті Омар (р.а.) шыдамастан орнынан тұрып: «Я, Расулулла, бұл бес түрлі адамдар кімдер?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз айтады: «Ей, Омар, бұл бес түрлі адамдардың өздері істеп жүрген тағат-ғибадаттары бар. Оны істеген адамдар сол қауымнан болады: 1. Ережеп айы келгенде күнәларына кешірім тілеп, нәпіл ораза ұстап, құлшылық етуші адам. 2. Алла жолында Отан үшін, дін үшін деп өлген кәміл шаһид. 3. Жұма намазын қалдырмаушылар. 4. Насихатшы ғалымдар. 5. Алла тағаланың дидарына ғашық болған тақуалар», - дейді.

Ережеп, Шағбан, Рамазан сынды үш қасиетті айды қадірлеу - күнә жасаудан сақтану, ғибадат, құлшылық ету дегенді білдіреді. Мұны өз дәрежесінде түсіне біліп, оны орындауға тырысқан адамға Алла тағала береке береді.

Ережеп айында нәпіл намаз оқу туралы «Ғимадул ислам» деген кітапта: «Кімде-кім Ережеп айының бірінші бейсенбісi күні 16 рәкат нәпіл намаз оқып, әр рәкатында бір «Фатиха» сүресіне қосып «Ықылас» және «Фалақ», «Нас» сүрелерін оқыса, дүниеден өткенде анасынан жаңа туғандай пәк болар. Қиямет күні тірілгенде шаһидтермен бірге тірілер», - деп жазылған.

Ережеп айының қасиеті туралы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен артық анық түсінік бола қоймас. Ережеп оразасы басқа нәпіл оразалардың ішіндегі ең сауабы үлкен ораза болып саналатынын естен шығармайық.

Дайындаған Төреғали ТӘШЕНОВ

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
2 жыл бұрын 3786
6 пікір
  • Бүгін Рағайып түні. Осы түннің қасиеті жайында.
    2 жыл бұрын
  • Хадистер дәлелмен келтірілгенде тамаша болар еді....
    2 жыл бұрын
  • Алла разы болсын. Рахмет.
    2 жыл бұрын
  • https://youtu.be/W_XHDtLcHqI
    2 жыл бұрын
  • http://www.muftyat.kz/kz/video/view?id=875
    2 жыл бұрын
  • Ассалаумағалайкум, кешіріңіздер, алайда мұнда келтірілген хадистердің көпшілігін Ислам ғұламалары, атап айтқанда: Ибн әл Жаузи "Әл Маудугат" кітабында, Науауи "Әзкар" еңбегінде, әз-Заhаби " Мизан" кітабында т.б.ғалымдар "жалған хадис", "тоқыма хадис" деп анық айтып өткен. Сондықтан, дінiмiздi сенімді қайнар көздерден үйреніп, ұрпаққа саф дiнді жеткізуге тырысайықшы......көп рахмет!!!
    2 жыл бұрын