Арлы-ұятты, намысшыл болсақ!
Арлы-ұятты, намысшыл болсақ!

Қазіргі қоғам қызықты да қауіпті. Берері көп, алары аз емес, талабы да жоғары. Бұл қоғамда күнә да көп, сауап та көп. Қиямет қайымның қым қиғаш көріністері мен белгілері бой көрсетіп келеді. Қайнаған өмірдің қазанына қуырылып жастар жүр. Қыз бен жігіт қол ұстасып, жігіт қызды сөзбен шалып, сөзбен болмаса да әйтеуір бір айла тауып, тура емес шалыс басып жүр. Әттең, әттең, несі екен! Жүректері иман нұрынан бос па екен?! Бұл жастарды жарға жыққан шайтан малғұнның дағуаты екені даусыз. Күнәні көркем етіп көрсеткен ол да бір өз ісіне шебер ғой. Көкірек көздерін қараңғылық жауып тұрғандықтан қарсы келу қиынға соғатын шығар. Жастардың көзіне күнәлардың көркем көрінуі нәпсімен ұштасқан соң тежеу қиын болады-ау?! 

Қазіргі таңда саябақтарда, кинотеатрларда, кафелерде, әсіресе көшеде қол ұстасқан, емен-жарқын бір-бірімен сөйлескен некелеспеген жастарды көзің шалады. Тіпті, ұнамсыз, ұятсыздау басқадай әркеттерге барып жатады. Көпшілік ортада солай жасап жатса, одан басқасын кім білсін!? Екі жақтың да өз еріктерімен болып жатқан жағдай. 

Біз қазіргі қыз-жігіттердің қоғамдағы келеңсіздеу іс-әрекеттерін байқағандықтан, сын секілді мін тақпақпыз. Себебі көп қыздарымыз бен жігіттеріміз жеңілтек жүрістерін құп көріп жүр-ау өзі. Алдымен қыз-қырқынның құйғытып соққан дауыл секілді қатал заманның сынына қалай қарап жүргенін парасат-пайымымызша саралап көрейік.

 

Қыз қырқынға...

Даналығымызда «Қыздың жолы – жіңішке» деген мәні терең сөз бар. Терең деуіміздің де өз жөні бар. Себебі, қыздың жолы жай жол емес, абайлап, әрбір қадамын аңдап баспаса шалып құлататын тарғыл жол. Сондықтан болар, дана қазақ өзінің қаракөзін қырық үйден тыйып, жіңішке жолдың жиегіне шығып кетпеуін қатаң қадағалағаны. Ал, кейбіреулер бұл аталы сөзді не нәрсе болсын қызға бірінші болып жол беру керек екен деп түсініп жатады.

Мағынасыз өмірдегі қыз тағдырын Мұқағали былайша суреттейді: 

Қымбат-ау, қыздың ар-мұңы,

Қиын-ау, қиын, тым қиын.

He болар екен тағдыры?!

Үйіріліп соқса бір құйын.

Қазіргі қыздың ойлағаны басқа нәрсе. Жас шағымда ойнап күліп, көңілді өмір сүріп қалсам деген мақсаты басым. «Байқайын жан-жағымды, басайын абайлап әр қадымды» деген ой кірмелі-шықпалы ғана. Болмашы қиялдың жетегінде желігіп жүр. Тәрбие нашар дейміз бе, ақылы таяз дейміз бе, мүмкін қоғам солай болар. Бәрінің де әсері бар. Көп ортасында сұғанақ көздер бірден қыз біткенге түседі. Одан қорған болар сауыт бар ма?! Әрине, бар. Инабатты да ибалы, ашық емес жабық, тар емес кең киімің сауыт қорғаның болмақ. Ал, ашық-шашық денеңе жабыстырып киім кисең қалай қорғанбақсың?!

Ол былай тұрсын, қыздарымыз көзге түспей таса жүрудің орнына көптің ортасында: «Бәрі маған қараса» деп жүреді. Ой-мақсатын сыртынан оқып қойғандай боласың. Ізгілік, инабатты байқау қиын болып барады. «Қыз қылығы түзде» демекші, кейбір ата-ана өз қыздарын жақсы біле бермейді. Баратын жеріне барып келгені, аман-есен жеткені көңіліне жұбаныш. Ал ар жағын сұрап бас ауыртып жатпайды. Сырты бүтін, іші түтін. Әрине, бәрі емес.

Осы нәрсенің алдымен ұятқа келіп тірелетіні анық. Ұяты мол болса, ақымақ та ары үшін арпалысады. Қыз құлағына алтын сырға: «Жігітпен жүру не теңің?! Жалғанда жалғыз тізе құшақтап қалам дейсің бе? Өн бойыңнан ізеттілік табылмаса, түзетуден түзелмесең амал қанша. Ертең боларсың бір сормаңдайдың арсыз жары».

Жүру деген осы екен деп, көрінген жігіттің қолынан ұстаса кететін осы ма еді сенің тектілігің!? Сымбатты көркімен, салмақты сөзімен, жан жоқ дейтін жалғанда басқа өзіңнен, ақылсыз жымия қалатын серілердің сергелдеңіне қашанғы сенделер екенсің?! Сол жігітің шын жанашыр жан болса, өзіңмен үш-ақ рет кездесіп, заңды некелеп алар еді ғой! Одан артығы арсыздың ісі.

Ойсыз жүргендерге орайлап қазылған орлар көп. Көрінгеннің көзіне тіке, қасқайып қараған қыздың ұяты төмен. Көптің ортасында қалай болса солай жүретін қыздардың да инабаттылығы шамалы. Көп сөйлейтін, шамадан тыс күлетін қыздар байқалып жүр. Қоғамдық жерде қыздар сөйлегенде даусын түзеп, бет-әлпетіне ішінен өң беріп әуре боп жатады. Мұнысы несі екен десең, кейіннен бәрі түсінікті болып тұрады. Көшеде жүргенде көп қыздарда: «Қайсыбірің болсаң да қарасаң маған, әдемілігім ұнаса соған», - деген ойы білініп-ақ тұрады. Онысын алдынан өткенде, қысылмай қарап қарсы алғанынан байқайсың. Қарама-қарсы келе қалсаң жер сүзіп өтетін қыздардан айналасың. «Адам аласы ішінде» демекші, дәл осылай болмаса да, қазіргі қыздардың жағдайы солай. Дөп басып үстінен түспесек те, қазіргі қыздардың еркін ойы осыған ұқсас.

Мұсылман үмметі жанындай жақсы көрген Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Мұстафа қандай еді?! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күлгенде дауыс шығарып күлмейтін. Тек қана жымиятын. Жүргенде жар салып, назар аудартып жүрмейтін. Орынсыз сөйлемейтін. Жаңа түскен келіннен бетер ұятты еді. Орнымен ұялатын. Сөйлесіп тұрған адамның көзіне тік қарамайтын. Біреудің сөзін бөлмейтін. Айқайлап сөйлемеуші еді. Өте сыпайытұғын. Ал енді ер тұлға болса да Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қыз бала болып үлгі алсақ жараспай ма?! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үлкенге де, кішіге де үлгі. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) жымиып қана күлгенде, қыздардың дауыстап күлуіне жол болсын. Дауыстап сөйлеп немесе басқадай қылықтар жасап, ұятты бір шетке сырып қоюға бола ма?! 

Қысқасы қыз болсаң ойлан, шырақ, иман мен ұяттан кетпе жырақ. Жаның нәзік, арың аса қымбат, бұл - бір сынақ. Қыз қырқынға сын аралас өкпемді айттым, сөз соңын аталы сөзбен түйіндейін:

Жаз өтер, қыс пен күз де өтер,
Құс қайтар қайта тізіліп.
Кірпікте арың ілулі
Кетпесін жас боп үзіліп. (Қ. Дәулетаев)

Жігіт сылқымға...

Ендігі сөзді жігіт басын жігіт шіркіннің ауылына бұрайық. Сері жігіт, сылқым жігіт, паң жігіт. Ойлаған бір күнгісін бейқам жігіт. Бәрі емес, бар ғой сондай сойқан жігіт. Түр берді, тіл де берді. Әсем киім, көркем түрің бар. Бірақ сол қалпыңмен қызға бар, құмардан шықты деп бермеді. «Уа, Раббым! Менің сыртымды көркем еткенің секілді, ішкі дүниемді де көркем ете гөр!» деген дініміз бұйырған дұғаны оқуың пайдалы болар еді.

«Жігіт болып қызбен жүрмесек, жастық шақтан не пайда?» деген ұранмен қызқұмар ұлан болып жүргендер қаншама?! Жігітке де айтпағымыз: «Қызбен жүру не теңің?! Қыз құшақтау не сәнің?!» «Жалған өмір өтіп кетер зуылдап», - деп мағынасыз өмірде бар ойлағаның осы ма?! Мейлі қол ұстасып жүріп қана қоймайсың ғой! Басқадай әрекеттерге көшесің. Тұнығын лайлауға құмбыл тұрасың. Айтсаң оғаш естіледі, айтпасқа тағы болмайды. Айтпасаң сөздің атасы өледі. Бірақ бұл өмірдегі бір шындық. «Мұсылманмын» дер көп жігіттер. Бірақ оған ісі сай емес. Қашан шамасы жетіп, некелеп алмай қызға қол тигізуге хақысы жоқтығын білсе ғой. Алайда, нәпсінің қалауымен жүреді.

Зинадан аулақ болғаның, зияннан аулақ болғаның. Әйтпесе, Аллаһ тағала Құранда: «Зинаға жоламаңдар» («Исра» сүресі, 32-аят), - деп ескертпес еді. Оны жасамақ былай тұрсын, Құдіретті Аллаһ тағаланың жоламауымызды бұйырғанынан ой түюімізге болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Нағыз ақылды – әрдайым өз-өзін есепке тарта отырып, ізгі амалдар жасап, өлімнен кейінгі өмірге қамданған адам. Ал нағыз бейшара – тойымсыз нәпсінің қалауына ерік беріп, соған қарамастан (о дүниеде ізгілермен бірге болармын деп) Аллаһтың мейірімінен үміт еткен адам – деп айтты», – деген. Нәпсі - дұшпан, ақыл - дос.

Көп білуге талпынбайсың жігітім, көп қызбен қыдыруға құмарсың. Қызқұмар болғанша, намысшыл азамат болсаңшы. «Ерді – намыс өлтіреді». Қызды алдасаң, а-намысыма дақ түспейді дейсің бе? Жоқ әлде, қыздың ары нәзік, ердің ары өміршең бе екен?

Қыз деген әпкең, қыз деген ұяты еліңнің. Біле білсең:

Қылығы балдай, нұр жүзі таңдай,

Бақытты етер бізді әлі.

Қарындас маған, қарындас саған,

Қазақтың барша қыздары. (Серік Сейтман)

Дәлелденген тағы бір ақиқат бар. Ол - әйел ақылының еркектен төмендігі. Сондықтан да «Еркек – бас, әйел – мойын» деп бекер айтылмаса керек. Егер қандай бір қыз келіп ақымақтық жасап өзі жабысып жатса, сұрағанға табылған деген ойдан аулақ боларсың. Ағалық ақылыңды айтып, жөнге саларсың. Әйтеуір бір жаны ашыған адамның тірлігін жасарсың. Сауаптың сауабы сонда жатыр емес пе?! Қыз біткенді шамаң келсе қорғап бақ. Ар-намысын өзің бірге аяққа таптағанша, қайта аспанға қарай асқақтат. Уақыты келіп үйленем дерсің. Сонда ұяты мол, ар-намысы биік қыз алсаң, кімге жаман, қайта бақ. Ел намысы саналатын қаракөз қыздар қашан да қымбат.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде Алла Тағаланың Аршысының көлеңкесінде жеті адамның саялайтынын айтып сүйіншілеген. Соның бірі: «Бір әйел зинаға шақырғанда: «Мен Аллаһтан қорқамын», - деп, бет бұрған жігіт», - деген. Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім екі бұтының арасына ие болса (зина жасамаса), мен оған жәннатты уәде етемін». 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жігіттің ұятты болғаны жақсы, қыздың ұятты болғаны одан да жақсы», - дейді қыз бен жігіттің арын жіктеп. Ұл мен қыз тәрбиелеп жатқан ата-аналарға да сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйіншісі бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім үш қыз яки үш қарындас немесе екі қарындас не болмаса екі қыз тәрбиелеп құтты орнына қондыратын болса жәннатқа лайық болады», - деген. 

Хазреті Әнас (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім екі қыз баласын бойжеткенге дейін тәрбиелесе қиямет күні сол адам және екеуміз бірге боламыз», - деп саусақтарын біріктіріп көрсетті», - дейді. Бұл жерде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қыз баланы бекерге айтып отырған жоқ. Қыз баласын тәрбиелеу өте қиын. Оны құтты орнына қондырғанша қадағалап, қорғап, тәрбиелеп, ұяты мол, епті, пысық, инабатты етіп өсіру оңай шаруа емес. Сондықтан ұл мен қыз тәрбиесінде, әсіресе қыз тәрбиелеуде ұқыптылық керектігін ата-аналарға ескерткіміз келеді.

Сөз соңын сабақтай келе, мынадай өлең жолдарымен аяқтайық:

Ұлтында иман жоқ болды дей бер,
Қызында ұят жоқ болса.
Қазақтың ары тапталды дей бер,
Қызының ары тапталса.

Жігіттері әттең жоғалтпаса екен,
Қылыштай өткір намысын.
Ұятын қыздың тонатпаса екен,
Арда қазақтың ары үшін! (Шер-Алтай)

Ар-ұяты мол қыздарымыз көбейсін! Ар-намысы мол ер-жігіттер көп болсын! Қызымызда да, ұлымызда да рухани намыс мықты болсын. Алла тағала бұзылған қоғамнан сақтасын!

Пікір қалдыруды ұмытпаңыздар!
Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
2 жыл бұрын 1055
3 пікір
  • Айтқаныңыздың барлығымен келісемін.
    Тәрбие тал бесіктен басталады. Арлы қыз тәрбиелеу үшін, арлы ана болу керек.
    Қыз анаға қарап бой түзейді.
    Бір отбасын білем, 90-жылдардағы тоқырауда анасы саудамен айналысуға басқа қалаға кетіп қалған, содан отбасындағы екі қызы жеңіл жүріске түсіп кетті. Содан анасы қазіргі таңда сол ақшаны осы жақта тапсам да болады екен ғой деп зар еңіреп қалды. Ол ананы мен кіналай алмаймын, заман сондай болды, бірақ ананың орны қашанда бала-шағасының қасында. Әйелдің қырық жаны бар, әйел бар қиындыққа төтеп береді. Бірақ соны көп әйелдеріміз түсінбей сынып кетеді. Оған кей жағдайда ер-азаматтарды да кінәлауға болады, бар жүкті әйелдің иығына артып тастайды.


    2 жыл бұрын
  • мақалаң жақсы, ой тастайды, сырт қарағанда белгілі жайттарды тізіп шыққандай көрінгеніңмен ұрымтал тұстан қиыннан қиыстырып, сәтті салыстыру арқылы осы олқылықты жойып жібереді. мәселен, қыздардың қызға жараспайтын өзін еркін ұстауын пайғамбарымыздың (с.а.с.) көркем мінезімен шеней білгенсің. бәрі салыстырудан туады ғой. бір кемшілігің: бір айтқан ойды қайталай берудің қажеті шамалы. Қолтаңбаң Абайдың қара сөздеріне келіңкірейді. орнықты, салмақты, осындай салмақты ойды салмақты сарынмен бере білу де үлкен жетістік.
    2 жыл бұрын
  • Нұреке бәрекелді, жарайсын!Толыққанды келісемін.
    Алайда қазіргі қазақ қоғамында бұл мәселеге немқұрайлы қарайтын жоқ емес. Ата-ана баласына жастайынан ислами тәрбиені, құндылықты бойына сіңдірсе екен. Өзінің кім екенін, қайдан келгендігін, және қайда баратынын. Бұл өмірдегі басты мақсаттарын айқындап берсе..."Қыз бұзылса қоғам бұзылады" деп бекер алтылмаған.
    P.S. Иманды да салиқалы жар нәсіп етсін.
    2 жыл бұрын