Ана толғағы қайтсе жеңілдейді?
Ана толғағы қайтсе жеңілдейді?

Ислам діні өмірдің барлық кезеңін түгел қамтиды. Ананың босану кезіндегі қиындықтардың өзі Ислам дінінің назарынан тыс қалмаған. Сондықтан бүгін осы мәселенің әйелдерге қатысты жағын қысқаша қозғап өтуді жөн көрдік. Себебі қазір ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осы саладағы өсиеттері көбінесе ескерілмей жүрген секілді. 

Жалпы, босану ананың ерекше қиналып, өмір мен өлімнің арасында жатып дүниеге сәби әкелетіні мәлім. Оны бала туған әйелдердің өздері ғана жақсы сезінсе керек. Алайда босану кезінің қиындығы жайлы Қасиетті Құранда хабарлар бар. Мысалы, Мәриям анамыздың босану кезі жайлы Құранда былай делінеді: «Мәриям жүкті болып, құрсағындағы баланы көтерген күйде елден жырақ (алыстау) бір жерге шықты. Содан соң қысып келген толғақ оны құрма ағашынан жабыса ұстап алуына мәжбүрледі. Сол кезде ол: «Әттең-ай! Осы іс басыма түспей тұрып, ертерек өліп кетіп, атым да, затым да ұмытылып кеткенде етті» деп тіл қатты.» («Мәриям» сүресі, 22, 23-аяттар). Бұл аяттың астарында бүгінгі таңда ескерілуі тиіс көптеген мәселе бар. Біріншіден, хазрет Мәриям секілді қайсар, тақуа, діндар әйелдің өзі толғақ қысқанда, аузына өлім туралы сөз алды. Екіншіден, осыған қарап-ақ бізді туған қайран аналар қаншалық құрметке лайық екенін бағалай берсек болады. 

Енді осылай қиналғанда әйелдер не істеуі керек? Ислам бұл жайлы не дейді? Соған тоқталайық. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйікті қызы Фатима толғақ үстінде жатқанда, Алла елшісі (с.а.у.) оның қасына Үммү Сәләма және Зәйнәб бинт Жахш деген екі әйелді жіберді. Оларға Фатиманың қасына барып, сол жерде «Аятүл Курсиді», «Ағраф» сүресінің 54-аятын, «Йунус» сүресінің 3-аятын, сондай-ақ «Фәлақ», «Нас» сүрелерін оқуды тапсырды. Бұл бүгінгі акушерлік салада назар аударылмай жүрген мәселе болса керек. Ендеше, бала босандырумен айналысатын дәрігерлер, медбикелер аталмыш сүрелерді жаттап алғандары жөн. Сәл қиналған әйелдің баласын кесіп алуға асықпай, сүйікті Пайғамбарымыздың сүннеті бойынша аталмыш сүрелерді оқығандары дұрыс. 

Тағы бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Егер де бір әйелдің босануы қиындап кетсе, (онда қасындағылар) бір ыдысты алып, оған «Ахқаф» сүресінің 35-аятын, «Назиғат» сүресінің 46-аятын және «Йусуф» сүресінің 111-аятын жазады. Содан соң сол ыдысты жуады да, онымен әйелге су береді, ішіне және ұятты жеріне сол ыдыспен су шашады». Аталмыш аяттарда былай делінген: «Олар бейне бір уәде етілген азапты көрген күні дүниеде небәрі күндіздің бір сағатындай ғана қалғандай сезінеді. Бұл бір насихат. Құранмен амал етпейтін пасықтардан өзгелер құрдымға батырыла ма?» («Ахқаф» сүресі, 35-аят).

«Олар сол ұлы күнмен бетпе-бет келгенде, (пәни) дүниеде бір кеш немесе бір таң ғана өмір сүргендей болып сезетін болады» («Назиғат» сүресі, 46-аят).

«Шын мәнінде, олардың қиссаларында ақыл иелері үшін әлбетте ғибраттар бар» («Йусуф» сүресі, 111-аят).

Сондай-ақ босанып жатқан ананың да аузынде Алласы болуға тиіс. Ертеректе Мансур ибн Аммар деген кісі болыпты. Оның анасы бір күні толғақ қысып қинала бастайды. Қиналып жатып: «Әй, Мансур, әкеңді шақырып келші» деп өтінеді. Сонда жағдайды көріп тұрған бала: «Анашым, сіздің бұл жағдайыңызда жаратылған емес, Жаратушы көмектеседі. Әкемді шақырып қайтесіз?» дейді. «Балам –ау, өлетін сәтім келді ғой, барсаңшы енді» дейді. Сонда Мансур: «Шын жүректен, «Я, Алла ағисни» - Уа, Алла, көмек бер!» деп айт» дейді. Анасы дәл осылай айтқаны сол екен, жеңілдік сезіне бастайды. Сөйтіп аман-есен босанады.

Ендеше, босанатын әйелдерге айтарымыз, қиналған шақта бар ықыласпен Алладан жәрдем тілеуі керек. Алла Тағала дүниеге сәби әкелуші аналарға жеңілдік берсін.

Асылбек Әуезханұлы
http://muslim.kz/

Nurqanat BaizaqNurqanat Baizaq
3 жыл бұрын 1826
0 пікір
Блог туралы
0
811465 204 534 4860 231